Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – АСА МАҢЫЗДЫ ЖАУАПТЫ ІС

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – АСА МАҢЫЗДЫ ЖАУАПТЫ ІС
ашық дереккөз
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – АСА МАҢЫЗДЫ ЖАУАПТЫ ІС
Біздің аудан арда азаматтарға кенде емес. Үлкенге де, кішіге де сыйлы, көпшілік ортада ғибратты әңгімесімен, өткір әзілімен ерекшеленетін ел ағасы Аманалы Құрбанов болмысы бөлек беделді азамат. Оның өмірі еңбекпен өрілген. Ауыл шаруашылығы саласында көп жыл бойы жемісті еңбек етіп, саланың дамуына, өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. Ауданда жастар жағы ол кісіні үлгі тұтып, құрметпен «ата» дейтіні бар. Біз де солай атаймыз. Өткен жолы әкімдікке арнайы барып, атамызбен жүздесіп, балалық шағы туралы тағылымды әңгімесін түртіп алғанбыз. – Біздің балалық шақ өзгеше болатын. Біз ерте есейдік. Еңбекке ерте араластық. Жастайымыздан еңбек етуді үйрендік. Әсіресе алажаздай қырманда, егістік алқаптарында тер төгеміз. Сол кезде бала болсақ та, совхозда үлкендермен бірдей-ақ жұмыс істедік. Ол кезде қоғам еңбек адамдарын ерекше бағалайтын. Кеңес одағының идеологиясының мықты тұсы осы дер едім. Бәрі де еңбек етеді. Ешкім жұмыссыз емес. Ауылда тракторшы, механизаторлар алты ай жазда ең беделді адамдар болатын. Бүкіл ауыл солардың артынан жүретін. Соларды үлгі тұтып өстік біз. Ол заманда мектепте оқудың өзі бір қызық еді. Өзім Сеңгірбай ауылында дүниеге келдім. Балалық шағымның жартысы сол жерде өтті. Ауылдан Шайдана ауылына жүк көлігімен қатынап оқимыз. Көлік бұзылған күні мектепке жаяу барамыз. Ауыл арасы 5 шақырым жер. 5 шақырым ары, 5 шақырым бері жүріп оқыған күндеріміз де болды. Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін Шайдана ауылына көшіп келдік. Әлі күнге дейін сонда тұрамыз. Мектепте озат оқушы болдым. Қоғамдық мәдени-әдеби іс-шараларға белсене қатысатынмын. Ән де айтатынмын, өлең де оқитынмын. Сол үшін де қатарластарым «коммунист» деп атайтын. Менде сабақтан қалу, қашу деген болған жоқ. Неге десеңіз, ағам мен оқитын мектепте математика пәнінен сабақ беретін. Күнделікті қадағалап, бақылап отыратын. Содан кейін сабақтан қашып көр. Бүкіл мектеп жеткізіп барады ғой. Одан соң менің жағдайым не болмақ. Өзіңіз түсініп отырсыз ғой енді. Біздің кезімізде ұстаздар балаларға жақсы білім беретін. Қатал болатын. Әке-шешеміз ұстаздарға құрметпен қарайтын. Солардың сөзін сөйлейтін. Сүйегі менікі, еті сенікі дейтін. Қазіргідей мұғалімге шағымдану деген жоқ. Олай жасайтын болсаң, үйде тағы таяқ жейтінің белгілі. Үйдегі, мектептегі тәлім-тәрбиенің мықтылығынан тәртіпті болып өстік. Ол кезде идеология мықты еді. Ақыл айтқандай болмайын, бірақ қазіргі заманда ата-аналар бала тәрбиесіне баса мән беріп, көп көңіл бөлсе деймін. Өйткені ата-ана үшін өз баласының өмір жолында дұрыс тәлім-тәрбиемен қалыптасуынан асқан маңызды нәрсе жоқ. Тәлім-тәрбиенің дұрыс қалыптасуы – адам тағдырын шешетін ұлы іс. Бұл ұлы істің бастау алар қайнар көзі – ең бірінші кезекте отбасы болып саналады. «Бала тәрбиесі – бесіктен» дегендей, баланың бойындағы жақсы, ізгі қасиеттердің берік қалыптасуына отбасындағы ата-ананың, ата-әженің берген тағылымы мен үлгі-өнегесінің орыны өте айрықша. Дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп түйген. Егер бала отбасында жақсы тәлім-тәрбие алса, өскенде соның ізімен, жолымен жүретіні анық. Отбасындағы адамдардың іс-әрекеті баланың қалыптасуына өзіндік ізін қалдырады. Сондықтан да үйде балаға тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген ата-ана ұтылмайды. Дұрыс тәлім-тәрбиенің ең түпкі тамыры – өзінің туған халқын, ұлтын шынайы сүюден, қадірлеуден бастау алады. Бұл сара жолда ұлттық салт-дәстүрлерді жандандырып, әдет-ғұрыптарымызды дамытып, ұлтаралық достық қарым-қатынастарды нығайтуға жол ашып, балаға оларды саналы түрде үйреткен абзал. Мектептегі сабақ та, тәрбие де осы бағытқа қарай икемделсе ғана баланы дұрыс ортаға бейімдей аламыз. Сонда ғана оның бойындағы адамгершілік қасиет жоғары дәрежеде, ең керекті үлгі-өнегеге сай қалыптасады деп еш шүбәсіз сеніммен қараған болар едік. Ашығын айтқан жөн, баланы адамды бағалауға, қадірлеуге, сый-құрметпен қарауға тәрбиелеуіміз қажет. Халқымыздың даналығында «Баланы жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болады. Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттің бірі – егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Түсінген адамға, бұл аса маңызды да жауапты іс, – деген Аманалы Омарұлы Балалар жылында балаларды жан-жақты дамыту, жастайынан еңбекке баулу ісі мықтап қолға алынса дейді.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ, Жамбыл ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар