2023 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 жылғы білім гранттарын бөлу нәтижесін жариялады.
Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық.
Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, ҚР Жоғары оқу орындарының ассоциациясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдары бойынша Атырау облысына – 1500, Маңғыстау облысына – 1500, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістан облысына – 500 грант берілді.
Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» БББТ бойынша болды. Бұл мамандық бойынша 22 талапкер бір орынға таласты. Ары қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (14 адам), Құқық (11 адам), «Музыка мұғалімдерін даярлау», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» және «Психология» (10 адамнан) болды.
Тізімді мына жерден көруге болады.