Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ
ашық дереккөз
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласы №8 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті. Нұржан Молдиярұлы кездесудің мән-маңызына тоқталып, Тараз қаласының үш жылдық даму жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндап өтті. – Өткен жылы, биыл да Тараз қаласының тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізудеміз. Біздің мақсат – халықтың алдына шығып, өз-өзімізді көрсетіп қайту емес, тұрғындарды толғандырған мәселелерді тыңдау, шешу жолдарын қарастыру. Жыл басынан бері Тараз қаласында, аудандарда, елді мекендерде халықпен 800-ден аса кездесу өтті. Көптеген мәселелер көтерілді. Тиісінше тұрғындардың талап-тілегіне сай талай мәселе шешімін тапты. Енді кейбір мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Тұрғындардың көтерген әрбір ұсынысы, мәселесі біздің назарымыздан тыс қалмайды. Бірақ мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Барлық мәселені бір мезетте, бір жылда шешіп тастау әсте мүмкін емес. Жоспарға сай жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіле береді, – деді Нұржан Молдиярұлы. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, №8 аумақтық округте 207 көпқабатты үй болса, халқының саны 30 500 тұрғынды құрайды. Аумақтық округке «Жайлау», «Салтанат», «Талас», «Самал», «Мыңбұлақ» ықшамаудандары кіреді. – №8 аумақтық округте 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму жоспары аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап өтер болсақ, 2023 жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен 481,2 миллион теңгеге Шостакович көшесін және 386,9 миллион теңгеге Саңырақ батыр көшесін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар «Самал» және «Мыңбұлақ» ықшамаудандарындағы мектеп және балабақшаларға баратын жаяу жүргінші жолдары жөндеуден өткізіліп, биылғы жылдың қазан айының аяғына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ықшамаудандардағы көпқабатты үйлердің аулалары мен кіреберістерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына биыл 200 миллион теңге бөлінген. Мердігермен келісімшарт жасалды. Жөндеу жұмыстары тамыз айында басталады. Сонымен қатар тозығы жеткен «Мыңбұлақ», «Самал», «Алатау», «Жансая» ықшамаудандарындағы ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және ведомстводан тыс сараптамадан өткізуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде «Бақыт таңы» және «Құрылыс инвест жоба» серіктестіктері жеңімпаз болып анықталды. Келісімшарт құны – 165,1 миллион теңге. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Проект и К» серіктестігі 26 ауланы абаттандыруға жеңімпаз болып анықталды. 2023 жылы округке қарасты «Самал», «Салтанат», «Талас» ықшамаудандарындағы тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қаланың тазалығын сақтау, қаңғыбас ит-мысықтарды жою бағытында қолға алынған жұмыстарды айта келіп, келесі кезекте бірқатар мәселелерді де жіпке тізді. Б.Орынбековтің баяндамада келтірген деректеріне сүйенсек, №8 аумақтық округке қарайтын «Талас» ықшамауданындағы №25, 26, 28, 29 көпқабатты тұрғын үйлерге баратын жолды кеңейтіп, автокөлік тұрағын және жаяу жүргіншілер жолын салу қажет екен. Аталған мәселеге байланысты ішкі жолдарды ағымды жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігер анықталған. Ал жаяу жүргінші жолын салу 2024 жылдың жоспарына енгізіліпті. – Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі – С.Сейфуллин, Д.Шостакович, Т.Рысқұлов, Әл-Фараби көшелерінің бойында орналасқан орындықтарды және қоқыс тастайтын жәшіктерді қалпына келтіру. Бұл мәселе бойынша «Жасыл ел-Тараз» серіктестігі тиісті шешімдер қабылдап, 2023 жылдың қазан айының соңына дейін орындықтар мен қоқыс жәшіктері қалпына келтіріледі. «Қарасу-2» каналының бойында орналасқан 3 контейнер алаңдарының айналасындағы бұзылған бордюрлерді қалпына келтіру және араларын асфальттау, абаттандыру, механикалық тазалау да көптен бері шешімін күткен мәселелердің қатарында. Сонымен қатар «Жайлау», «Салтанат», «Талас», «Самал», «Мыңбұлақ» ықшамаудандарында орналасқан қоқыс жәшіктерін қалпына келтіру және асфальттау, бақылау камерасын орнату мәселесі де жиі көтеріледі. Аталған мәселелер жыл соңына дейін шешімін табады, – деді Бақытжан Орынбеков. Бұдан кейін кездесу ой-пікір алмасу, сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Мәселен, «Талас» ықшамауданының тұрғыны бұрын «Зербұлақ» көлінде балалар жаз бойы шомылып, бой сергітетінін, ал қазір айналасының қоршалып тасталғанына қынжылысын білдірді. Сондай-ақ тұрғын жуырда ғана ашылған «Зербұлақ» демалыс орнына кіру ақысы қымбат екенін тілге тиек етті. – Біріншіден, қауіпсіздік ережелерін елемеген азаматтар тек өздерінің ғана емес, балалары мен жақындарының өміріне қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, елімізде кішкентай бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің суға кету фактісі көбеймесе, азаяр емес. Сондықтан тек рұқсат етілген орындарда, қауіпсіздігі сақталған жерлерде шомылған жөн. Екіншіден, «Зербұлақ» демалыс орны ашылғанда сіз айтқан мәселе бойынша инвестормен де сөйлескен болатынмын. Яғни аптасына кемі бір-екі рет жеңілдік жасау бойынша ұсынысымды айттым. Алдағы уақытта көптің көкейінде жүрген мәселе шешімін табады деп ойлаймын, – деді тұрғынның сауалына жауап берген Нұржан Молдиярұлы. Ал Гүлмира Әпсаматова есімді «Самал» ықшамауданының тұрғыны жарықтандыру мәселесін көтерді. Сондай-ақ тұрғын ықшамауданда қаңғыбас иттердің көптігін және бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген балалар ойын алаңшасының мүлдем жарамсыз болып қалғанын ашына жеткізді. Тұрғынның сауалына жауап берген Бақытжан Әмірбекұлы әрбір мәселе бойынша қала әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді. «Салтанат» ықшамауданының тұрғыны да балалар ойын алаңшасының жоқтығын айтып, ұсынысын ортаға салды. Айтуынша, 55 жыл бұрын соғылған тұрғын үйдің ауласында осы уақытқа дейін балалар ойын алаңшасы мүлдем болмаған. Тұрғындар тарапынан талай мәрте көтерілген. Алайда әкімдік тек уәде берумен шектеліп келген. Осы ретте Бақытжан Әмірбекұлы биыл Тараз қаласында 26 балалар алаңшасы соғылып жатқанын, ал аталған тұрғын үйдің ауласында келесі жылы салынатынын айтты. Жалпы кездесу барысында тұрғындар басқа да сан сауалын жолдап, аймақ басшысы, қала әкімі тарапынан нақты жауаптар берілді. Округ тұрғындары халық негізінен аулалардың абаттандырылуы, қоқыстардың жиналуы, қаңғыбас иттер, тұрғын үйлерді жаңғырту, ирригация жүйелерін жаңғырту және тағы басқа мәселелерді көтерді. Кездесу аяқталғаннан кейін Нұржан Молдиярұлы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар