ШӨП БАҒАСЫН ҚАЗІРДЕН БАҚЫЛАУДА ҰСТАУ қажет
Бұрын ауыл шаруашылығы өнімдерінің, бос жұмыс орындарының, кітап жәрмеңкесі дегенді естуші едік. Құлаққа түрпідей тиетін шығар, дегенмен жоғарыда аталған жәрмеңкелердің қатарын өткен жылы жемшөп жәрмеңкесі толықтырды. Қуаңшылық пен құрғақшылық айтарлықтай қыспаққа алған былтырғы сиыр жылы жемшөп бағасы «байлауға» көнбей, облысымызда және еліміздің бірқатар өңірінде шөп жәрмеңкелерін ұйымдастыруға тура келді.
Өткен жылы жамбылдық жер емген диқандар уақытында көктемгі егіс жұмыстарын аяқтағанымен, жаз бойы көктен бір тамшы жаңбыр жаумады. Салдарынан егіннің шығымы жылдағыдан әлдеқайда төмен болып, шабындық та бітік шықпады. Ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылық мал азығына қажетті жемшөп бағасының өсуіне әкеліп соқтырды. Жағдай күн санап ушығып бара жатқан соң сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы үндеу жолдап, қажетті шөпті жинап алу үшін барлық ішкі ресурстарды пайдалануды тапсырған болатын. Осылайша Бердібек Машбекұлының тапсырмасы бойынша барлық аудан орталықтарында жемшөп жәрмеңкесі өткізілді.
Қош, өтер күн өтті, болар іс болды. Ал биылғы ахуал қалай болмақ?! Мал азығы тапшылығы туындамай ма? Тағы да жәрмеңке өткізіп, алашапқын болмаймыз ба? Алдымен облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына қайырылып, көкейдегі сұрақтарымызды басқарма басшысы Ербол Жиенқұловқа қойдық.
– «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, жамбылдық шаруалар биыл 2 миллион тоннадан аса шөп дайындауды жоспарлап отыр.
Аймақта бір апта бұрын басталған шөп жинау науқаны бүгінде қызу жүруде. Қазіргі уақытта 8 мың гектар алқаптың шөбі шабылды. Оның ішінде 7,5 мың гектар көпжылдық және 520 гектар табиғи шабындық шөп орылды.
Жалпы, биылғы жылы 1,7 миллион тонна пішен, 63 мың тонна пішендеме, 488,1 мың тонна сабан, 60 мың тонна сүрлем дайындау көзделсе, бүгінгі күні 17 мың тонна пішен дайындалып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда, – дейді Е. Жұмабекұлы.
Осы ретте аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларымен, бірқатар шаруа қожалық төрағаларымен сөйлесіп, науқандық жұмыстардың барысына қанықтық. Мәселен, Жамбыл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібековтің берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 160 700 тонна шөп дайындау жоспарланыпты. Қазіргі таңда 4 864 тонна шөп шабылып, жиналған. Орылған шөптің 4 557 тоннасы майда шаруа қожалықтарға, 151 тоннасы «Ақкөл» шаруа қожалығына, 137 тоннасы «Қызылдихан» өндірістік кооперативіне, 19 тоннасы «Амангелді» өндірістік кооперативіне тиесілі екен.
Ал Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтің айтуынша, аймақтағы мал азығы үшін шабылатын көпжылдық шөптің алқабы 32 143 мың гектарды құрайды екен. Қазіргі таңда ауданда шөп шабу науқаны қарқынды жүруде. Бүгінге дейін 8 650 гектары орылыпты.
Сондай-ақ Талас ауданындағы «Бірлік» шаруа қожалығының төрағасы Еркін Серікбайұлы биыл шөп бітік шыққанын, қысқы мал азығын дайындауда ешқандай мәселелер туындап тұрмағанын айтады.
– Биыл жауын-шашын мол болып, мал азығына қажетті дақылдардың шығымы жылдағыдан жақсы болып тұр. Жиын-теріннің бастапқы нәтижесі жаман емес. Жалпы, тек Талас ауданында ғана емес, облысымыздың барлық аудандарында шөптің бітік шыққаны байқалады. Жуырда ғана Мойынқұм, Шу аудандарына жолым түсті. Шабындық жерлерде шөп белуардан келеді.
Шөп бар, уақыт та жеткілікті. Дегенмен арқаны кеңге салып жүре беруге болмайды. 2020- 2021 жыл өңір шаруашылықтарына қысқа ерте дайындалу қажеттігін ескерткендей. Сондықтан қазірден қам жасау керек. Сонда ғана қыста мал азығының тапшылығы туындамайды. Әрі баға да шарықтамайды. Күз, қыс айларында жемшөп бағасы неге шарықтап кетеді?! Біріншіден, ауа райына байланысты екені айтпаса да белгілі. Екіншіден, қанша басына таяқ болып тиіп жатса да мал азығын дайындауға бас ауыртпайтындар көп. Сөйтіп күз келгенде сабылып шөп іздейтіндер көбейеді. Кез келген тауарға сұраныс көбейген сайын бағасы да қымбаттай береді. Үшіншіден, басқа облыстардан келіп шөп сатып алатындар да бағаның негізсіз өсуіне айтарлықтай ықпал етеді. Сол себепті жемшөпті басқа аймақтарға сатуға мүлдем тыйым салу керек. Ең алдымен өзімізді толық қамтып алуымыз қажет. Тіпті артылып жатса, мүмкіндік болып тұрса, келесі жылдың да азығын дайындап алғанға не жетсін?! Одан бөлек бағаны көбіне ортадағы алыпсатарлар аспандатып жібереді.
Жаз ортасынан ауып, күз жақындағанда ғана дабыл қағып жүрмес үшін қазірден жемшөп бағасын тұрақты ұстап тұруға күш салу қажет. Шөп көп. Бағасының қымбат болуына еш негіз жоқ, – дейді Е.Серікбайұлы.
Шаруаның алаңдауы негізсіз емес. Соңғы екі жылдағы қиындықтар естен шыға қойған жоқ. Тіпті былтыр облысымыздың кейбір аймақтарында шөп бағасы 70 пайызға дейін қымбаттады. Ал енді кейбір аудандарда шабындыққа шөп шықпай, мал азығын қамдау мұңға айналды. Сол себепті күзде, қыста қымбатшылыққа ұрынбас үшін мал азығын қазірден қамдап алу аса маңызды.
Қазірдің өзінде Тараз қаласы мен аудандарда шөп саудасы қызып тұр. Баға әр жерде әртүрлі. Мәселен, облыс орталығында жоңышқаның бірінші орымы 800-900 теңге аралығында саудалануда. Жоңышқа сатып тұрған саудагерлердің бірі жауап беруден басын алып қашса да бір-екі сұрағымызды қойып, сөзге тартуға тырыстық.
– Жоңышқаның 1 түгін 900 теңгеден сатып жатырмыз. Бірінші орым болғандықтан бағасы арзандау. Өйткені былтыр осы уақытта бір түк 1000-1300 теңге аралығында сатылған. Сондай-ақ өткен жылы шөптің аз болуы да бағасына әсер еткен. Жоңышқаның екінші орымы бұдан сәл қымбаттау болады.
Негізі биыл шөп көп. Өткен жылы 10 гектарға жоңышқа еккен болатынбыз. Су тапшы болғандықтан аптап ыстықта күйіп кетті. Биыл көктем жауын-шашынды болды. Әзірге судан да тапшылық жоқ. Бірінші орымнан кейін де жоңышқаны суғарып алдым. Сондықтан ешқандай алаңдаушылық жоқ.
Бұрын мамыр айында шөп сатып алатындар аса көп болмайтын. Биыл сұраныс жоғары. Әрі қазір шөптің бағасы да қолжетімді болып тұр, – дейді байзақтық шаруа Мамыр Омаралыұлы.
Меркі ауданына қарасты Беларық ауылының Жалғас есімді тұрғыны жоңышқаның бір түгін 600, көпжылдық шөпті 400 теңгеден сатып жатқанын жеткізді. Ал Жамбыл ауданында жоңышқаның түгі 800-1000 теңге аралығында сатылуда.
– Былтыр бидай еккен болатынмын. Биыл орнына бидай аралас шөп шықты. Жақында ғана ордық. Шабындық басынан 500 теңгеден сатып жатырмын, – дейді тараздық Әділет есімді шаруа.
Шөп сатып алушы ретінде аудан-аудандағы бірнеше шаруа қожалық төрағаларымен сөйлесіп, шөп бағасын зерделеп көрдік. Баға әрқилы. Көпжылдық шөп бағасы 400-700 теңге аралығында. Жоңышқаның бір түгі 600 теңгеден басталып, енді кейбір аудандарда 2 000 теңгеге дейін жетеді екен. Шабындық басынан алып кетсеңіз, әлдеқайда арзанға түседі.
Осылайша облыста шөп шабу науқаны күн санап қарқын алып, саудасы да қызып тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бағасы қырық құбылып тұр. Сондықтан атқамінерлердің өткен жылы болған жайдан сабақ алып, баға мәселесіне қазірден бас қатырғаны дұрыс. Бақылау болмаса шөптің көптігі де бағаның көтерілуіне мысқалдай да кедергі бола алмайды.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала