Жүк көліктерінің жолы қашан бөгеледі?
Бүгінде ел ішінде шебін тас тасыған ауыр жүк көліктерінің салдарынан жуырда ғана салынған жолдар бұзылып жатқаны жасырын емес. Қыруар қаржы бөлініп, жөндеуден өткен жолдардан айырылып қалудан қауіптенген кейбір елді мекен тұрғындары жүк көліктерінің жолын бөгеуге дейін барды. Әсіресе, мұндай мәселе қиыршық тас өндіретін ауыл-аймақта «күйіп» тұр. Өйткені өндірушілер бұл құрылыс қоспасын тасымалдау кезінде су жаңа жолдармен жүруді әдетке айналдырған.
Жалпы, өңірдегі елді мекендердің автомобиль жолдары мен көше желісі 9989 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар автожолдардың ұзындығы - 1195, ал, облыстық жолдар 1941,5 шақырымды құрайды. Республикалық жолдардың басым бөлігі қайта құру мен жаңа құрылыстың нәтижесінде соңғы 10 жылда әр оське 13 және 10 тонна жүктемеге есептелген жол төсемінің конструкциясы бар жолдардың бірінші және екінші санатына көшті. Өкінішке қарай, облыстың қалған жолдар желісі негізінен орташа жөндеу есебінен жөнделсе, бұл жолдың және олардағы құрылыстардың бастапқы пайдалану қасиеттерін қалпына келтіруге байланысты жұмыстарды мерзімді орындауды көздейді.
Орташа жөндеу кезінде жол төсемдерінің тозу қабаты мен тегістігін мерзімді қалпына келтіру сондай-ақ, жер төсемінің, су бұрғыштың, жасанды, қорғаныс, нығайту, реттеу және басқа да жол құрылыстарының зақымдануын түзету жүргізіледі. Бұл жолдардың жүк көтергіштігі бір оське 8 тоннадан аспайды. Бұл – салмағы 8 тонналық «Камаза» жүк көлігінің жүктемесіне сәйкес келеді. Атап өтерлігі, негізінен осы жүктемелерге өткен ғасырда барлық жолдар жобаланған болатын. Ал, қазіргі таңда жүк көліктерінің жүк көтергіштігі бірнеше есе жоғары екені рас. Мәселен, Нowo, Shacman, Man және Camaz сынды самосвалдардың жүк көтергіштігі 25 тоннаны құрайды. Кей жағдайда мұндағы жүктеме тиісті құжаттың барлық стандарттарынан асып түседі.
Ел ішінде 455-ден астам мың жүк автомобильдері бар болса, оның ішінде, самосвалдардың саны - 55 мың. Ал, Жамбыл облысы бойынша 4 мыңға жуық самосвал қалалық құрылыстарда, жол құрылысында және басқа да нысандарда жұмыс істеуде. Олардың барлығы жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдармен жүріп, жақында ғана жөнделген жолдарды бұзуда. Өңір жолдарында Мойынқұм, Қордай аудандарында және Тараз маңында 3 Жылжымалы көліктік бақылау бекеті жұмыс істейді. Десе де, бұл облыс жолдарында ауыр жүк көлігінің қозғалысын бақылауға мүмкіндік берер емес. Құзырлы органдар салмақтық көрсеткіштерден асып кеткені үшін айыппұл салғанымен, одан қорытынды шығаратындар тым аз.
Қорыта айтқанда, жолға зақым келмеуі үшін жүк көлігінің салмағы 8 тоннадан аспауы тиіс. Жолдағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын қадағалау - баршаның міндеті. Белгіленген тәртіпке бағынбай жолға шыққан аса ауыр жүк көліктерінің иелері де мұны түсінсе құба-құп.
Тойшыбай АЛЯХМЕТОВ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жамбыл облысы бойынша филиалының сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің инженері