Талабы таудай тәлімгер
Қазақ халқы – сөз атасын, сөз астарын таныған, бірауыз сөзге тоқтай білген дана халық. Жас буынды бабалардай сөз құдыретін пайымдап, сөз астарын танып, қадірін түсіне білуге бейімдеу мақсатында шешендік көркем сөз, дана ой, баталы сөзге баулу жұмыстары Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің «Өнер» мектебінде жүйелі жолға қойылған.
«Көркемсөз өнері» пәнінің мұғалімі Карлығаш Борамбаеваның тіл байлығын арттырып, көркем сөйлей білуге баулу дәрістері балғындарды қазақ тілінің байлығына ынтықтырып, тәнті етіп келеді.
Пәнге қызығушылық өте жоғары. Сөз мәдениеті, сөйлеу шеберлігі, ойын еркін жеткізуге баулу арқылы ұстаз оқушылардың ой-өрісінің, білім дәрежесінің көтерілуін мақсат еткен. Талғамы терең, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыруды көздеген Қарлығаш Өсербайқызының оқушыларының көркем әдебиеттерді оқуға, оны талдауға, синоним сөздердің орын тәртібін, қолданыс ерекшелігін білуге талпынысы жоғары. Сондықтан да тілге жүйрік шәкірттерінің қатары жыл өткен сайын артып келеді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шәкірттерінің жетістіктерін де тізбелеуді жөн көрдік. Мәселен, 2017-2018 оқу жылында 6-сынып оқушысы Зейнеп Шыңғысбай халықаралық фестивальға қатысып, «Алтын жүлде» бөлімі бойынша І орынды жеңіп алды. Республикалық «Мұқағали оқуларында» ақын өлеңдерін жатқа оқудан Алиман Әуесханова мен Айдархан Әліби де бас жүлде иегері атанып, бағалы сыйлыққа ие болды. ІІІ облыстық «Өнерге қанат қаққандар» атты ән-би және өнер байқауының «Көркемсөз оқу» номинациясы бойынша Зейнеп Шыңғысбай ІІ орынға ие болған. Республикалық, облыстық, аудандық «Жарық жұлдыз», «Дарабоз», Құс жолы», «Алаш үміті», «Өнерге қанат қаққандар», «Туған жерге тағзым» атты байқауларда топ жарған оқушылары – Дильназ Лесбаева, Назерке Толыбаева, Сымбат Асенова, Әділет Аманкелді, Аманкелді Бағдәулет, Манзура Бақытова, Санжар Шалқарұлы, Сәбина Шалқарқызы, Ақниет Көбей, Аяжан Оңғарбек, Аяна Әбен, Айзере Ахметалы, Дидар Асылбек – «Өнер» мектебінің абыройын арттырып жүрген талантты шәкірттер.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, балғындардың байқаулардан ұдайы топ жарып жүруі еңбекқор, ізденімпаз тәлімгерлерінің жүйелі бағдары деп білеміз. Лайым, жұлдызы жарқыраған шәкірттеріңіздің саны арта берсін дейміз.
Ғалиябану ҮСЕНОВА, журналист, Байзақ ауданы
Келесі мақала