Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА

ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА
ашық дереккөз
ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА
Астана қаласының 25 жылдығына орай «Саламатты өмір сүру – салтымыз» атты жеңіл атлетикалық жүгіру ұйымдастырылды. Марафонға қатысушылар сағат 07:00-ден бастап тіркелді. Шараның ашылуына аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қатысып, барша азаматтарға ізгі тілегін арнады. – Осындай шуақты күнде асқақ орда – Астана қаласының мерейтойына орай жиналып отырмыз. Дәл қазір Аса ауылының орталық көшесінде спорттық атмосфера салтанат құрмақ. Жаппай жүгіру марафоны өңірімізде спортты насихаттау мақсатында өтіп отыр. Жарыс көптің көңілінен шығады деп ойлаймын. Әрбір қатысушы өзін бұқаралық спорттың дамуына және Елорданың ширек ғасырлық тойына үлес қосып жатырмын деп сезінсе деген тілегім бар. Мұндай шаралар, әлбетте, жергілікті тұрғындардың спорттық мәдениетін қалыптастырады және саламатты өмір салтын насихаттайды. Бүгінгідей марафондар ауданымыздың спорттық өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын қалаймын. Жігерлілік пен шыдамдылықты, қайсарлық пен қажыр-қайратты қажет ететін ұзақ қашықтыққа жүгіру жарысы жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Таңмен таласа оянып, бәсекелесуге келген адамдарға сәттілік тілеймін. Баршаңызға белгілі, спорт – салауаттылық салты, денсаулық кепілі. Оның адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен шұғылданған адамның денсаулығы мықты болатыны тағы ақиқат. Ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаса керек. Ауданда спортпен айналысатындар санының артып келе жатқаны қуантады. Мерейлі Елорда күнінде бәріңізге денсаулық пен бақыт, ырыс пен дәулет, отбасының берекесін тілеймін. Марафоншыларға айтарым, жарыстың сөресі мен мәресі арасын жедел жүгіріп өтіп, қашықтықты шаршамай еңсеріңіздер. Жарыс жолына шыққандарға сәттілік тілеймін,-деді аудан басшысы өз сөзінде. Марафон аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығынан» басталып, спорт кешініне дейін, яғни 2,5 шақырымды құраса, жарысқа бас-аяғы 500-ге жуық тұрғын қатысты. Жарыс көркін қыздырған желаяқтар мен белсенді азаматтарға аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова мен аудан әкімі аппаратының басшысы Самат Селеубаев арнайы медалдар мен грамоталарды, бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙҰЛЫ, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар