Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ҚАЗГИДРОМЕДТІҢ» КЕШЕГІСІ МЕН БҮГІНІ

«ҚАЗГИДРОМЕДТІҢ» КЕШЕГІСІ МЕН БҮГІНІ
ашық дереккөз
«ҚАЗГИДРОМЕДТІҢ» КЕШЕГІСІ МЕН БҮГІНІ
Біз көкке қарап алдағы күнін болжаған, астрономиялық ғылымды оқымай-ақ меңгерген дана халықтың ұрпағымыз. Ежелгі бабаларымыз ауа райын болжауда табиғаттың табиғи құбылыстарына сүйенген. Мысалы бозторғай ұясын ойпаңға салса, жазда қуаңшылық болады. Ал қыраңға салса, жаз жауынды болады деп болжам жасаса, енді бірде жыл құстары топтасып ұшса, жылымық күз созыла түседі деп есептеген. Жыл құстары қайтқанда төмен ұшса, қыс қатты болады деп пайымдаған. Сондай-ақ алдағы қыстың жайлы немесе жайсыз болатынын да алдын ала біліп отырған бабаларымыз «Түздің қоңыр аңы күзде бұлақ сағаласа, қыста қар жұқа түседі. Түздің қоңыр аңы үйір құрып, сай саланы паналаса, ауа райы бұзылады. Түздің қоңыр аңының бүйрек майы бітеу болса, қыста қар қалың түседі» деген сияқты болжамдар жасап, табиғаттың заңдылығын біліп отырған. Ал енді қазір табиғат тамыршысындай көнекөз қарияларымыздың да қатары азайып бара жатқаны анық. Алайда бүгінгі дәуірді ол кезеңмен де салыстыра алмасымыз анық. Өйткені заман дамып, түрлі технологиялар іске қосылды. Әрі бұл технологиялық құрылғылардың көмегімен көп шаруамыздың оңтайлы шешіліп жатқаны да жасырын емес. Ғылым мен техниканың дамуы бір жағынан біздің ұлттық болмысымызды өзгертсе, екінші жағынан халықтың сауаттылығын арттырып, санамызды оятты. Сондықтан да бұрынғы дала мәдениеті қалыптастырған үрдіспен жүре бермей, әрнәрсеге ғылыми тұрғыда қараған да дұрыс. Өйткені кешегі ауа райын болжаған бабаларымыздың орнын бүгінде синоптиктер басты. Тіпті ауа райын болжау бүгінде арнайы мамандық ретінде оқытылады. Былайша айтқанда, кешегі қазекеңнің көзбен болжап, сөзбен нұсқайтын кезі артта қалды. Қазір нақты техника, технологиямен зерттеп, цифрмен жазып көрсетеді. Әрі бұл ғылым елімізде жыл сайын дамып келеді. Ауа райын болжайтын арнайы орталықтың өзінің даму тарихы бар. Қазақстан Республикасының Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, саланың даму жолын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Тәуелсіздікке дейін Қазақстан гидрометеорологиялық қызметінің құрылу тарихының бірінші кезеңі – революцияға дейінгі жылдар. Өйткені Қазақстан аумағында алғашқы метеорологиялық бақылаулар ХІХ ғасырдың ортасынан басталды. Елімізде 1848 жылы Қазалы стансасында, 1854 жылы Семей стансасында, 1856 жылы Ырғыз және Қызылорда стансаларында, 1859 жылы Алматы және Орал стансаларында метеорологиялық бақылаулар өз жұмысын бастады. ХХ ғасырдың басында 28 станса жұмыс істеді. Бұл кезде бақылау ауа температурасына, жауын-шашын мен желге жүргізілді. Алайда арнайы кадрлар дайындалған жоқ. Көбінесе Санкт-Петербургтің бас физикалық обсерваториясының қосалқы қызметкерлері мен ерікті корреспонденттері стансаларда жұмыс істеді. Сондай-ақ ол кезде аэрологиялық және агрометеорологиялық бақылаулар жүргізілген жоқ және жедел гидрометеорологиялық органдар да болған жоқ. Ал екінші кезең – революциядан кейінгі жылдар. Өйткені Ұлы қазан социалистік революциясынан кейін ғана гидрометеорологиялық қызметті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер жасалды. Шын мәнінде Кеңес үкіметінің кезіндегі 1917-1920 жылдары гидромет қызметі өте нашар болды. Бас физикалық және Екатеринбург обсерваториялары жүргізетін әдістемелік басшылық бұзылды. Жұмысшылардың көпшілігі Қазанды жаулап алушылардан қорғау үшін әскерге жұмылдырылды. Сөйтіп арада біраз жылдар өткен соң 1933 жылғы 9 мамырда Қазақ Бірыңғай Гидрометеорологиялық қызметтің басқармасы болып қайта құрылды. 1940 жылы Қазақ гидрометеорологиялық қызмет басқармасы болып аты тағы өзгерді. 1932 жылы Алматы ауа райы бюросы ұйымдастырылды және сол жылы Алматы қаласы және әуежайдың авиатрассалары бойынша синоптикалық карталар мен ауа райы болжамдарын жасау басталды. Қазақстанда алғашқы қысқамерзімді гидрологиялық болжамдарды 1936 жылдан ал ұзақмерзімді болжау 1940 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. 1935 жылдың қаңтарынан бастап, онкүндік агрометеорологиялық бюллетеннің тұрақты шығарылымын бастады. Әуе көлігінің қарқынды дамуы авиаметеорологиялық стансалар желісін үдемелі дамыту талабын қойды. Қазақстандағы алғашқы авиаметеорологиялық стансалар желісі 1933 жылы Алматы мен Қостанайда, 1934-1936 жылдары Қарағанды, Семей, Ақтөбе және Жамбылда жұмыс істей бастаған. Қазақстан гидрометеорологиялық қызметінің дамуының үшінші кезеңі – соғыс жылдары. Екінші дүниежүзілік соғыс гидрометқызметтің дамуын бірнеше жылға шегерді. Міне осы кезде метеорологиялық қызметтер әскери- әуе күштері мен әскери-теңіз күштерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етті. Стансалардағы жер беті бақылауларының желісі атмосфера мен су объектілерінің жай-күйі туралы ақпарат алудың жалғыз көзі болды. Радиозондтық стансалар желісі даму үстінде болды. Радиозондтар тек 7-10 шақырымға көтерілді. 2-3 шақырым биіктікке дейін ұшақпен зондтау және шар пилотпен бақылау үлкен маңызға ие болды. Сондықтан барлық азаматтық гидрометеорологиялық қызметті толық әскери қызметке алу туралы шешім қабылданды. 1941 жылдың шілде айында гидрометеорологиялық қызметтің бас басқармасы өзінің барлық бөлімшелерімен КСРО Қарулы Күштерінің құрамына енгізілді. Және гидрометеорологиялық қызметтің аз ғана бөлігі Агрометеорологиялық басқарма және республикалық және жергілікті басқармалардағы тиісті агрометеорологиялық стансалар мен бөлімдер Гидрометеорологиялық қызметтің бас басқармасы құрамынан шығарылып, КСРО ауыл шаруашылығы Халық Комиссариатының жүйесіне берілді. Сөйтіп 1941 жылдың аяғында қайта құрылған гидромет қызмет соғыс үшін жұмыс істеді. 1942-1943 жылдары қызмет құрамында атмосфераны тік зондтау үшін арнайы авиациялық бөлімшелер ашылды. Оларды жабдықтау үшін Ұлыбритания жеткізетін «Харрикейн» ұшақтары қолданылды. Ауа райын ұзақ уақыт барлау үшін АҚШ-тан жеткізілген «Бостон» бомбалаушылары қолданылды. Соғыстың соңғы кезеңінде қолбасшылық гидрометеорологиялық қызметке метеорологиялық зерттеулер үшін ұшу зертханаларына айналдыруға болатын ұшақтарды, сондай-ақ көлік ұшақтарын бөледі. Міне осындай қилы кезеңдерден өткен сала соғыстан кейінгі жылдары қайта түледі. Мұны төртінші кезең деп қарастыруға болады. 1950 жылдардың ортасына дейін Қазақстанда шөлді және таулы аудандарда метеостансалар желісі қарқынды дамиды. Бұл сол кездегі партия мен үкіметтің малшаруашылығын дамыту үшін табиғи жайылымдарды қарқынды және ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларымен шарттасқан. Ол кезде Қазақстан негізгі малшаруашылығы аймақтарының бірі болған. 1950 жылы Алматы геофизикалық обсерватория негізінде республиканың отарлы малшаруашылығы мен жемшөп базасын гидрометеорологиялық қамтамасыз ету үшін Қазақ ғылыми-зерттеу гидрометеорологиялық институты құрылды. 1995 жылы ол қоршаған орта және климат мониторингі болып өзгертілсе, 1999 жылы «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның еншілес кәсіпорны болды. 2003 жылы институт атауы Экология және климат болып өзгертілді. Осы жылы «Қазгидромет» құрамынан шығарылды және Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қарамағына ауыстырылып, 1954-1956 жылдар аралығында 47 метеостанса ашылды. Метеорологиялық және агрометеорологиялық бақылаулармен қатар су ресурстарын зерттеу және қосымша гидрологиялық бақылау пункттерін құру дамыды. Нәтижесінде 1966 жылдан бастап Іле Алатауында қар жамылғысын және көшкіндердің түсуін бақылау басталды. Қар көшкіні стансасы ұйымдастырылды. Ал Шығыс Қазақстан облысының және басқа да облыстардың тауларында қар өлшеу партияларымен бақылаулар жүргізілді. 1960 жылдардың соңына дейін Қазақстан гидрометқызметі ұйымдастырушылық және құрылымдық жағынан қандай да бір өзгерістерге ұшыраған жоқ. Желіні одан әрі техникалық жабдықтау жалғасты, ақпарат жинау жүйесі жетілдірілді, тұтынушыларды гидрометеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз ету көлемі ұлғайды. 1970 жылдардың басында Қазақстанның гидрометеорологиялық желісі негізінен қалыптасты және зерттеу мақсаттарына да, халық шаруашылығының практикалық сұраныстарына да жауап берді. 1978 жылғы 30 наурызда сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы гидрометқызмет Бас басқармасы Гидрометеорология және табиғи ортаны бақылау жөніндегі Мемлекеттік комитет болып қайта құрылады. 1979 жылғы 14 наурызда Қазақ КСР гидрометқызмет басқармасы Қазақ Республикалық Гидрометеорология және табиғи ортаны бақылау басқармасы болып өзгертіледі. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1980 жылдан 1998 жылға дейін орталық түрлі аппараттар сатып алып, өзін-өзі дамытуға барынша күш жұмсайды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл орталық 1999 жылғы 2 наурызда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылады. Бүгінгі таңда бұл Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ірі ғылыми-өндірістік кәсіпорны. Оның республика бойынша әр облыста 15 филиалы жұмыс істейді. Жалпы облысымызда «Қазгидрометтің» 57 бақылау пункті бар. Оның ішінде 12 дәстүрлі метеорологиялық станса, 1 жетуі қиын станса, 8 автоматты метеорологиялық станса, 3 агрометеорологиялық бекет, 1 аэрологиялық станса, 22 гидрологиялық бекет, 9 атмосфералық ауаның ластануын бақылау бекеті, 1 табиғи ортаның ластануын бақылау зертханасы жұмыс істеп тұр. Жалпы ауа райын қысқа, орта және ұзақмерзімді үш әдіспен болжайды. Қысқамерізімді болжау бірнеше сағаттық көрсеткішті көрсетсе, орта мерзім бір аптаны, ал ұзақ мерзім маусымдық болжамды көрсетеді. Бұл саланың мамандары ауысыммен жұмыс істейді. Әр үш сағат сайын арнайы карталардың сызбасын даярлап, ауа райын қалт жібермей бақылап отыратынын айтады синоптик мамандар. – Облыстық филиалдың синоптиктері бір тәулікке арналған болжамдар шығарамыз. Яғни қысқамерзімді ауа райы болжамы. Болжам жасау үшін көптеген факторлар ескеріледі. Қазіргі таңда облысымызда 21 метеостанса жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 13-і қолмен және 8-і автоматты тәсілмен қызмет көрсетеді. Тәулігіне әр 3 сағат сайын 8 рет бақылау жүргізіледі. Деректер ауа температурасы, топырақ, ылғалдылық, қысым, жылдамдық, жел бағыты бойынша қағазға түсіріледі. Бұл деректерді филиал операторлары республикалық «Қазгидрометке» жібереді. Онда олар өңделеді және ауа райы карталарына жазылады. Әрі қарай филиал синоптигі карталарды өңдейді және талдайды. Ауарайының синоптикалық карталарында циклондар, антициклондар, атмосфералық фронттар, ауа райы құбылыстары сияқты барикалық түзілістердің талдауы қарастырылады. Сондай-ақ ауа райы болжамын жасау үшін синоптикалық және математикалық сандық арқылы есептеу әдістері қолданылады. Сонымен қатар екіреттік атмосфералық зондтау деректері ескеріледі. Атмосфераны радиозондтау әуежай ауданында орналасқан Тараз метеостансасында жүргізіледі, онда биіктіктер бойынша жел, температура, ылғалдылық туралы деректер топтастырылады. Арнайы метеорологиялық стансалардың берген мәліметтері бойынша ауаның температурасы, жауын-шашын мөлшері, атмосфера қысымының таралуы, циклондар, антициклондар, атмосфералық фронттар, ауа массалары, желдің бағыты, бұлттылық, тұман сияқты құбылыстар синоптикалық картаға үздіксіз түсіріліп отырады. Күнделікті сағат 12:00-де ауа райын болжау басталады. Біз мәліметтерді тіркеу журналына жазып, әрбір өзгерісті қадағалап отырамыз. Әрі болжам жасау үшін арнайы қолданылатын «Gismeteo», «Yandex», «Meteored», «Ventusky» деген сияқты бағдарламалар бар. Сонымен қоса спутниктік суреттердің де көмегіне жүгінеміз. Содан кейін барып, басқару құжаттары мен синоптикалық жағдайлардың негізінде дауылды ескертулер жасалады, олар схема бойынша билік органдарына, төтенше жағдайлар департаментіне және басқа да құзіретті органдарға ақпарат ретінде беріледі. Дауылды ескертулерде қауіпті және өте қауіпті құбылыстар көрсетіледі. Жалпы ауарайы болжамын жасау жоғарғы жауапкершілікті, білімді және барлық нұсқаулық құжаттарды иеленуді талап етеді, – дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының инженер-синоптигі Салтанат Байымбетова. Жалпы ауа райын болжауда бір ғана синоптиктер жұмыс істемейді. Арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Соның бірі – метеорология бөлімі. Метеорология және агрометеорология саласы жалпы қоршаған ортамен тығыз байланысты. Өйткені метеорология саласы ауа райымен тығыз байланыста болса, агрометеорология жер өнімдерінің (арпа, бидай) ауа райы жағдайында қалай өсіп-өнетіні туралы ақпарат береді. – Біздің бақылау аумағымызға ауа температурасы, жауын-шашын, бұлттылық, жел жылдамдығы мен бағыты, салыстырмалы ылғалдылық, төселме беткейдің температурасы, атмосфералық қысым, күн шұғыласының ұзақтығы, топырақтың терең қабаттарының температурасы, қар жамылғысын бақылау, мұзөрнек-қылау қабаттанулары, метеорологиялық көріну қашықтығы бақылаулары жатады. Мұнда аспаптар мен жабдықтарды арнайы жобаға сәйкес орналастыру маңызды. Мысалы метеорологиялық алаңда орналасқан құралдар 26 х 26 метрлік квадрат пішінді болып және оның бір жағы солтүстіктен оңтүстікке бағытталуы қажет. Ал мұзөрнек станогі алаңның солтүстік бөлігінде орналасу керек. Ал желдің бағытын және жылдамдығын өлшейтін құралдар анеморумбометр немесе флюгер деп аталады. Ал күн шұғыласының ұзақтығын бақылайтын құралды біз гелиограф деп атаймыз. Міне қарап тұрсаңыз осы аспаптардың орналасу тәртібіне қарай олардың жұмыс істеу режимін бақылаймыз. Мұның бәрі де асқан дәлдік пен қырағылықты қажет етеді, – дейді метеоролог-агрометеоролог Аружан Беркінбай. Әрине мұндағы мамандардың жұмысы тек қана ауа райынан мәлімет беріп отыру емес. Қайта шаруалардың күнделікті өміріне әсер ететін факторларды уақытылы хабарлап та отырады. Өйткені топырақ ылғалдығы жоқ болса шөптің өсуі мен астықтың шығуы нашарлайды. Бұл диқандардың өміріне әсер етеді. Қазіргі таңда ауа райын болжайтын түрлі аспаптармен қатар ондағы ақпаратты бірден мәлімет ретінде жазып алып отыратын «Meteoportal» деген портал жұмыс істеп тұр. Онда автоматикалық стансалардан күн сайын болып кеткен және дәл қазіргі болып жатқан ауа райы жағдайынан мәліметтер топтастырып отырады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар