6 ауылға ауызсу құбыры тартылмақ
Шу ауданында биыл 6 ауыл таза ауызсу желісіне қосылады. Олардың қатарында Жаңақоғам, Сауытбек, Көкқайнар, Еңбекші, Ақтөбе ауылдары мен Шу қаласындағы Қант зауыты шағын ауданы бар.
Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасымен танысты.
Қазір Сауытбек ауылында су құбырлары толық тартылып біткен. Ендігі кезекте негізгі су жеткізу жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Қант зауыты шағын ауданында да жұмыстар қызу қолға алынған.
Аудан әкімінің айтуынша, жұмыс жоспарға сәйкес орындалып, жоғарыда аталған су нысандарының барлығы ағымдағы жылы пайдалануға берілуі тиіс.
– Ауызсу тарту жұмыстарын жеке-жеке аралап, көзбен көргеннен кейін барлық жауапты мердігерлермен, авторлық және техникалық қадағалаушылармен жиын өткіздік. Басқосу барысында жауапты тұлғаларға жұмысты уақытылы әрі сапалы орындау бойынша тапсырмалар берілді. Аталған жұмыстардың барлығына жергілікті жердегі белсенді азаматтар мен ауыл ақсақалдары да бақылау жүргізетін болады, – деді Бақытжан Жәнібеков.
Айта кету керек, Шу ауданында 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген. 4 елді мекен ауызсумен жартылай қамтылған, яғни тұрғындар ауызсуды көше бойындағы құдықтан тасымалдау арқылы тұтынады.
«AR-AI»-ақпарат, Шу ауданы
Келесі мақала