Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көксайдың көз арбаған көрінісін-ай

Көксайдың көз арбаған көрінісін-ай
ашық дереккөз
Көксайдың көз арбаған көрінісін-ай
Осындай ұранмен өсіп, есейген алдыңғы толқын ағалардың буыны қазір де табиғатты қорғауды, қоршаған ортаға жанашырлық танытуды өмірлік басты мақсаты санайды. Табиғатты сүюді, онымен етене болуды біз табиғаттың өзімен қатар, алдыңғы толқыннан үйренгенбіз.  Қазақстан Республикасы тұрақты дамудың жаңа жолына түскен кезеңде жас ұрпақты ізгілікке, эстетикаға, отансүйгіштікке баулитын экологиялық білім мен тәрбие берудің маңызы да тиісінше арта түсуде. Себебі «Табиғат – Қоғам – Адам» жүйесіндегі қарым-қатынастардың шиеленісе түсуі жылдан-жылға күшейіп, экологиялық зардаптардың тіршілікке қауіп төндіріп отырғаны жасырын емес. Бұлай жалғаса беретін болса, жер бетінде экологиялық тепе-теңдік жойылып, түрлі табиғи апаттардың орын алатынын қазірден бастап түсінгеніміз жөн. Мұндай табиғи апаттар әлем елдерінде қазірдің өзінде орын алуда. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ емес. Бірақ қоғам дамуының қазіргі сатысында адамзат табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, онымен өзара үйлесімділікте өмір сүру керек екендігін жақсы біледі. Дегенмен бұл жағдайда өскелең ұрпақтың экологиялық білімі, тәрбие мәселесі маңызды рөлге ие екені белгілі. Әрбір адам өзін табиғаттың бір бөлшегі деп тануы, сонымен бірге табиғаттағы тіршілік иелеріне деген жанашырлық сезімдерін ояту мен қалыптастыру, жас ұрпақтың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыру арқылы жан-жақты тәлім-тәрбие беру, табиғатпен таныстыру – балалардың танымын дамытудың басты құралдарының бірі. Қоршаған ортаға зиянын тигізетін де, айналаны қорғайтын да, керісінше оны көріктендіретін де – адамдар. Шындығын айту керек, «нашар экология», деген сөз тіркесі қазір қалыпты сөз қолданысына айналып келеді және бұл тіркеске ешкім таңғалмайтындай жағдайға жеттік. Денсаулығымызға зиян келіп немесе ауыра қалсақ, «экологияның кері әсері ғой» деп барлық кінәні табиғатқа аудара саламыз. Әрине, бұл дұрыс пайым емес. Адамзаттың өзі табиғаттан шығып, содан өсіп-өніп, көбейіп жатқан жоқ па?! Қазір барлық ел өңірлерінде, әсіресе үлкен қалаларда, қоршаған ортадағы ең үлкен проблема – бейберекет қоқыс тастау, ағаштарды кесу деректері көптеп орын алуда. Соның салдарынан ауаның, өзен-көлдердің шамадан тыс ластану деректері тіркеліп жатыр. Жалпы осы бір тақырыпты қаузамас бұрын табиғатты, қоршаған ортаны қорғау туралы ғаламторда «іліп алар» нендей деректер бар екен деген оймен интернетті бір шолып шыққанбыз. Маңызды ақпаратты «Уикипедиядан» тапқандай болдық. Онда Қазақстан Республикасы «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңынан мынадай ресми дерек келтірілген екен: «Табиғат пен оның байлықтары Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен қызметінің, олардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әл-ауқатын арттырудың табиғи негізі болып табылады. Осы Заң қазіргі және болашақ ұрпақтардың мүдделері үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілейді, сонымен бірге экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, шаруашылық және өзге де қызметтің табиғи экологиялық жүйелерге зиянды әсерін болғызбауға, алуантүрлілікті сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған». Бәрі дұрыс. Бірақ «табиғаттан ала берсем, пайдаға кенелсем» деген кейбір адамдардың ашкөздігін қайтеміз?! Біле білгенге, қоршаған ортаға, қоғамға ең қауіпті адамдар – осындай тойымсыз, ашкөз адамдар. Мысалы, қарапайым егістік жерді игеруді сөз ететін болсақ, кейбір шаруашылықтардың басшылары егістік жерге жыл сайын егін егіп, одан өнім алады. Сөйтіп, оны пайдасына жаратады. Дұрыс делік. Бірақ өзін асырап отырған жерге ештеңе бергісі келмейді. Біз осы «Жер тоймай, ел тоймайды» деген тәмсілді қашан ескерер екенбіз? Мұндай пікірді аудандағы «ТАН» шаруа қожалығының басшысы, ауыл және табиғат жанашыры Төлеген Нұралиев те жергілікті атқарушы биліктің ауылшаруашылық саласына жауапты басшыларына айтудан жалыққан емес. – Аудандағы егістік жерлердің, алма бақтардың топырағы минералды тыңайтқыш көрмегеніне 30 жылдан асып барады. Тәуелсіздік алғалы бері жерге агрономиялық тұрғыдан күтіп-баптап, оған қорек беруді тоқтаттық. Кеңес кезінде жердің құнарлылығын сақтауға, ауыспалы егістік тәсіліне кеңінен көңіл бөлініп, тиісті агротехникалық шаралар қатаң сақталатын. Содан да болар, алынатын өнім көлемі де анағұрлым мол болушы еді. Ал қазір әркім өз тірлігіне өзі би, өзі қожа. Егістік жерге бір түйір минералды тыңайтқыш берместен мол өнім алғымыз келеді. Мол өнім беру үшін егістік жердің де тоқ болуы керек емес пе? Осыны жауапты басшылар, әрбір шаруашылықтың өкілдері терең ескерулері керек. Уақыт өткен сайын жер де тозады. Оның үстіне кейінгі жылдары таулы Жуалы ауданының өзінде де өнім алу көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Міне, мұның бәрі жауын-шашынның аз түсуімен қоса, егістік жерлерге дұрыс қарамағандықтан да болып отыр, – дейді шаруа. Табиғат, қоршаған орта тақырыбын әрі қарай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған ойлармен тұздықтай түсуге болады. «Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада. Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал-Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек», деді Президент аталған мақалада. Жастарды туған өлкеміздің табиғатын, қоршаған ортаны қорғауға үндейтін бұдан асқан қандай жанашыр сөз керек, айтыңыздаршы?! Сондай-ақ Президент халыққа арнаған Жолдауында экологиялық туризм мəдениетін белсенді дамытуды маңызды міндет ретінде қарастырып, экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс екенін, жануарларға көзқарас кез келген мемлекет өркениеттілігінің өлшемі екенін де баса айтты. Президенттің пәрмені бәрімізге қатысты. Бұл жұмыстар ел азаматтарынан экологиялық тұрғыдан белсенділік пен жанашырлықты, жүйелі жұмыстарды талап ететіні белгілі. Экологияны жақсарту, қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына табиғатты қорғауға тиісті мекемелер, күзет инспекторларымен қатар, қарапайым тұрғындар да атсалысуы маңызды. Өйткені қоршаған ортаның амандығы бәрімізге ортақ мәселе. Ал таудағы тұмса табиғаттың орны тіптен бөлек. Қасиетті Жуалы ауданында да адам аяғы тимеген, басқаша айтқанда, «ит тұмсығы батпаған» жерлер баршылық. Мұны біз былтыр аудан аумағындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының Жуалы ауданындағы №13 Көксай кардонына барған сапарымызда көргенбіз. Әйгілі батыс Тянь-Шань тауының бір сілемі саналатын Алатаудың бауырында орын тепкен табиғи қорықтың аумағын негізінен айнала биік таулар мен алып шоқылар қоршап жатыр. Ондағы табиғат та өз алдына бір сұлу әлем. Саф таза ауа. Бастауын әйгілі Тәңіртаудың ұшар басындағы мұздықтардан алып, төменге қарай құлдилай ағып, тастан-тасқа соғылып, ақ көбігін аспанға шашқан асау өзеннің суы қандай керемет десеңші? Сонысына қарамай өте мөлдір. Тастан-тасқа соғылып ағып жатқан су табиғи сүзгіден өтеді дейді. Сондықтан ішуге әбден жарамды. Айтпақшы, Көксай мен Ақсай өзендерінің тастай, суық суының адам денсаулығына емдік қасиеті туралы да үлкендер жиі айтады. Өзен суына бір түсіп шықсаңыз, керемет сергіп қалатыныңыз анық. Бұл суға жаздың шілде айында түскен адамға мың да бір ем болады дейді. Иә Көксай аңғары өте көркем жер. Жуалының інжу-маржаны десе де болатындай. Өйткені мұнда жануарлар дүниесі мен өсімдіктердің неше алуан түрлері кездеседі. Қорықтың 5 875 гектар аумағы Көксай аңғарында орналасқан. «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының Жуалы ауданындағы №13 Көксай кардоны мен Жуалы жануарлар дүниесін қорғау және орман шаруашылығы мекемесіне қарасты аумақтың арасын Көксай өзені бөліп жатыр. Ақ көбігі аспанға шапшып, долданып ағып жатқан өзеннің екі беті де биік тау. Тау беткейлерінде өсімдіктер мен ағаштар сыңсып тұр. Сайдың іші де сыңсыған ағаш. Арасында сәмбі тал, тағы басқа ағаштармен қатар, аққайың ағашы да көптеп кездеседі екен. Әсіресе өзеннің көлеңке жақ бетінде арша ағаштары өте көп. Арасында ұшқат та кездеседі. – Жалпы Көксай аңғарында өсімдіктер дүниесінің 2000-нан астам түрі белгілі. Атап айтсақ, аққайың, Тянь-Шань аршасы, аршаның тағы басқа көптеген түрлері бар. Ұшқаттың екі түрі кездеседі. Өсімдіктер дүниесінен қырықбуын қылша (эфедра), ақ шырыш, теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте «Исландия мүгі» деп аталатын сирек кездесетін дәрілік өсімдік өседі. Жабайы долана, алтын тамыр, ақ барпы, қара барпы (дәрілік өсімдіктер) кездеседі. Көксай аңғары, жалпы қорықтың аумағы жануарлар дүниесіне де өте бай. Мысалы, жыртқыш аңдардан Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Тянь-Шань қоңыр аюы, ақ тырнақты аю деп аталатын екі түрі, қар барысы, қасқыр, түлкі, борсық бар. Одан бөлек Сібір таутекесі, елік, қабан, марал, тағы басқа аңдар бар. Аңдарға жылына екі мәрте санақ жүргізіліп тұрады. Қазіргі таңда олардың өсу процесі қалыпты. Жылдан-жылға көбейіп келеді, – дейді табиғат жанашыры, қорықтың мемлекеттік күзет инспекторы Тұрысбек Әлімбеков. «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының Жуалы ауданындағы тағы бір бөлігі Алатауға жақын Т.Дүйсебайұлы ауылының жоғары тау жақ беткейінде орналасқан. 4 327 гектарды алып жатқан бұл аумақ қорықтың Майдамтал айналымының Текеқамал бөлімшесіне тиесілі. Тиісінше бұл аумақ та мемлекет тарапынан ерекше қорғауға алынған. Мұнда да Сібір тауешкісі, марал, қабан, Тянь-Шань арқары, қар барысы, аюдың Тянь-Шань қоңыр аюы мен ақ тырнақты деп аталатын екі түрі кездеседі екен. Жыртқыш аңдардан сілеусін, қасқыр, түлкі, тағы басқалары кездеседі. Ал сирек кездесетін өсімдіктер түріне келсек, мұнда Түркістан аршасы, Грейг қызғалдағы, Түркістан доланасы, Сібір жабайы алмасы, ақ қайың, дәрілік өсімдіктерден алтын тамыр, көкемарал, итмұрын, бөріқарақат өседі. Жалпы мұнда өсімдіктер дүниесінің 48 түрі бар. Қорық аумағында 32 шағын көл, тау басында 114 мұздық бар. Әрине, бұл да Жаратқанның адамдарға берген нығметі мен табиғаттың байлығы. Мұндағы күзет жұмыстарын 2016 жылдан бері Т.Дүйсебайұлы ауылының жергілікті азаматы, мемлекеттік күзет инспекторы Мұрат Тілеубаев мінсіз атқарып келеді. Олай дейтініміз, күзет инспекторының осында қызмет атқарған жылдары қорықтың Текеқамал бөлімшесінде табиғат қорғауға байланысты ешқандай заңбұзушылық орын алмаған. Біз мұны оның өзіне тиесілі қорық аумағын тәулік бойы күзеткенінің нәтижесі деп санаймыз. Әйтпесе табиғатқа деген «жүрдім-бардым, немкеттілік» сыңайдағы көзқараспен осынша аумақтағы тұмса табиғатты сақтап қала алмайтынымыз анық. Жануарлар мен өсімдіктердің, құстардың сирек түрлері тек осындай аумақтарда ғана кездесетіндіктен әрбір күзет инспекторы табиғатты сақтап қалуға деген жауапкершілік жүгін терең сезінгендері абзал. Мемлекеттік күзет инспекторы Мұрат Тілеубаев жыл он екі ай қорық аумағындағы тұмса табиғатты қорғаумен қатар, ауыл жастарының бойына да экологиялық тәрбиені және қоршаған ортаға деген жанашырлықты сіңіріп бағуда. Өзі осы өңірдің тумасы болғандықтан оған қорық аумағындағы әрбір сай мен бұталар, тіпті тастар да жақсы таныс. Табиғат жанашыры Мұрат ағаларына еліктеген жекелеген ауыл жастары мектепті бітірген соң жоғары оқу орындарында табиғат және қоршаған ортаны қорғау, экология мамандықтарымен білім алуда. Оның ішінде оқу орындарын бітіріп, еліміздің ұлттық, табиғи саябақтарында, қорықтарда жауапты жұмыс атқарып жатқандары да бар. Табиғат жанашыры Мұрат Әнуарбекұлы, жастар арасында мұндай жақсы үрдістің қалыптасып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізумен қатар, қорық туралы әңгімеледі. – Таудың табиғаты өте құбылмалы келеді. Мысалы, дәл қазір төмендегі ауыл маңында қардың көлемі аз. Ал тауда 40-50 сантиметрге дейін қар бар. Биылғы жылдың бір ерекшелігі, қорық аумағына да биыл мұндай қалың қар кеш түсті. Қазір аумақ түгел ақ көрпеге оранып жатыр. Бірақ таудағы тіршілік бір сәтке де толастамайды. Аңдар мен құстардың популяциясы қыста да жүре береді. Біз мұндай уақытта аңдардың қозғалысын, жайылатын аймағын жіті бақылап, олардың тұзжалақ орындарына тұрақты түрде тұз тастап отырамыз. Бұл жабайы аңдарға өте керек. Қорық аумағында жануарлардың табиғи көбеюін қалыпты жағдайда деп айтуымызға болады. Тауешкі мен арқарлардың көбеюімен бірге мұнда кейінгі жылдары қар барысы да бой көрсетуде. Аумақты күнделікті аралау кезінде қар барысының өзін көрмесем де, қардың бетіне түскен іздерін талай рет байқадым, – дейді мемлекеттік күзет инспекторы М.Тілеубаев. Жалпы табиғатты қорғау туралы әңгіме қозғап отырған соң тарихқа да аз-кем шегініс жасай кеткеніміз артық болмас. Шерағаңның сөзімен айтқанда, әйгілі Тәңіртаудың төл перзенті, Түркі жұртының көсемі, Алаш ардақтысы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың басшылығымен құрылған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы – Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан еліміздегі, тіпті Орта Азиядағы ең байырғы қорық. Бұл мекен – өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларға бай. 1926 жылы құрылған тұңғыш қорықтың орталығы қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Жабағылы кентінде орналасқан. Сонымен қатар Түркістан облысының Төле би және Бәйдiбек аудандары мен Жамбыл облысының Жуалы ауданын қамтиды. Иә, жалпы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі табиғи популяцияны сақтап, ондағы аңдар мен құстар, жануарлар дүниесін қорғап, экологиялық әркелкілікті сақтап отырған қорықтардың ішіндегі жемісті жұмыс істеп отырғаны да осы – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының қорықшылары. Тұмса табиғаттың да осы өңірде екенін ескерсек, ондағы орасан табиғат байлығын сақтап қалу – біздің міндетіміз әрі болашақ ұрпақтың алдындағы парызымыз деп білейік. Табиғатты сүю, оны қорғау – болашақтың алдындағы абыройлы іс. Данышпан Абай бабамыз айтқандай, адамзаттың бәрін сүюмен қатар, тіршілікті тірілтіп, оған таусылмайтын нәр беріп отырған тұмса табиғатты аялайық, оны таза қалпында сақтап қалуға қоғам болып күш салайық! Бұл үшін Жер-анаға деген адамдардың жанашырлығы ауадай қажет-ақ. Бұл ретте бүгіннен бастап өскелең ұрпақтың бойына экологиялық тәрбиені терең сіңіру міндеті бәріміздің алдымызда тұр...

Нұржан Манасұлы, журналист, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар