Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӘСКЕРДЕГІ ӘСЕРЛІ СӘТ

ӘСКЕРДЕГІ ӘСЕРЛІ СӘТ
ашық дереккөз
ӘСКЕРДЕГІ ӘСЕРЛІ СӘТ
Республикалық және жергілікті баспасөз бен телеарна тілшілері төл мерекелері қарсаңында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Теріс-Ащыбұлақ» әскери полигонында болып, «Тау-егерлік полкінің» жасағымен бірге жауынгерлік ұрыс даярлықтарын пысықтады. Баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қалам мен қаруды қатар ұстап, әскери қабілеттерін сынға салды. Сарбаздармен бірге әскери кедергілерден өтіп, техникалармен танысты. Осылайша БАҚ өкілдері оқ пен оттың ортасында бақ сынасты. Айта кету керек, аталмыш тау-егерлік жасақ – ел аумағы бойынша осы бағыттағы жалғыз әскери құрам. – Мұндай баспасөз турын біз жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз. Әр жылда іс-шараның маңыздылығын арттырып, ауқымын кеңейтуге тырысып жүрміз. Биыл осы тау бөктеріндегі әскери полигонда ұйымдастыруды ұйғардық. Себебі тау-егерлік полкі елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы жалғыз жасақ. Бұл полктің әскери шаралар үшін тиімділігі өте зор. Мұнда сарбаздар ұрыс техникаларынан бөлек, арнайы әскери жаттығуларға бейімделген жылқылармен жұмыс істейді. Мақсатымыз – аталған жасақтың жұмысын толыққанды көрсете отырып, журналистерді де сол әрекеттермен іс жүзінде таныстыру, қиындығы мен жауапкершілігін сезіндіру, – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Ораз Кучуков. Айта кетсек, аталған полигон аумағы 3 гектар аумақты алып жатыр. Тау бөктеріндегі кедергілерді еңсеруге бағытталған полигонда БАҚ өкілдері арнайы оқсауыттармен жарақтанып, бір күн әскери өмірді бастан кешті. Полигонға келген журналистер алдымен өзен үстіне керілген арқанмен өтті. Әскерилер үшін таулы шатқалдан өтіп, құзға өрмелеу – күнделікті дайындық. Бірақ БАҚ өкілдеріне бұл жаттығулар шыдамдылығын санаған сәт болды. «КТК» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Виктория Савельеваның 19 жастағы қызы Анна Савельева биік құздан өтуде ептілік танытты. Анна және әпкесі Александра баспасөз турында анасының орнына қатысты. Таулы шатқалдан қорықпай өткен алғашқы журналист – «Qazaqstan» республикалық телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл. – Арқанмен өрмелеп өту оңай емес. Шапшаңдық пен тәжірибе керек. Екі бірдей биік жартастан арқанмен өту кезінде бойыңды үрей билейді. Оның үстіне оқсауыттың салмағы да ауыр. Бұл біз үшін бір күндік сынақ болғанымен әскерилердің күнделікті ісі. Сондықтан әскерилердің еңбегі қашанда құрметке лайық, – дейді Д.Әлімқұл. Мұнан соң әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен журналистер жараланғандарды ұрыс даласынан зембілмен көтеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Тапсырманы бір минутта орындау қажет болды. Мұнда жарысқа қатысушы тілшілер бес адамнан тұратын командаларға бөлінді. Блогер Исламбек Дастан бастаған топ тапсырманы 19 секундта орындап, жеңіске жетті. Сондай-ақ шара барысында БАҚ өкілдері жаралы жауынгерлерді уақытша майдан алаңынан алып қайту, шынжыртабанды әскери техникамен жүру, тапаншадан бастап, жойқын қарулармен толыққанды танысу, тауға арналған төрт мезгілдік жарақтардың қолданылу тәсілін меңгеру, мергендік сынау секілді кезеңдерден өтті. Әсерлі шара барысында әріптестер дала асханасынан ас ішіп, арнайы тау бөктеріндегі әскери әрекеттерге үйретілген 86 жылқыны тізгіндеген сарбаздардың іс-қимылын тамашалады. Шара соңында шапшаңдығымен, шымырлығымен және мергендігімен ерекшеленген әріптестер естелік сыйлықтармен марапатталды. Ақтоты ЖАҢАБАЙ, Жуалы ауданы  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар