Мектеп бітіру кештері тыныш өтті
Өңірде мектеп бітіру кештері кезеңінде құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық ортаға кіргізбеу мақсатында кең ауқымды жұмыс жүргізілді. Полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын жерлерде патрульдік қызмет жасақтарын күшейтті, жаяу және автопатрульдеуді ұлғайтты, шомылу орындарын бақылауға алды.
Қоғамдық тәртіпті бұзбау, оның ішінде мектеп түлектерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына жол бермеу үшін жағдайды бақылау бойынша жедел штабтар жұмыс істеді. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Қалышевтың айтуынша, мобильді топтар 60-тан астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған.
– Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 51 дерегі тіркелді. Сағат түнгі 22:00-ден кейін ата-анасыз ойын-сауық орындарында 8 кәмелетке толмаған жасөспірімнің болуына жол бергені үшін 3 кафенің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 21 жасқа толмаған адамға алкогольдік ішімдіктерді сатудың, ата-ана ретінде міндеттерін тиісінше орындамаудың бір-бір дерегі анықталды. Абырой болғанда, бұл күн оқыс оқиғаларсыз өтіп, жасөспірімдердің бір нәрсеге ұрынып қалмауын қамтамасыз ете алдық, – деді Ә.Қалышев.
Сондай-ақ ойын-сауық отаулары да құқық қорғау органдарының назарында болды. Мектеп бітіру кештеріне арналған барлық іс-шараларда ювеналды полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлардан құралған жасақтар кезекшілік етті. Олар іс-шара басталғаннан бастап, аяқталуына дейін түлектермен және олардың ата-аналарымен бірге жүрді.
Түнгі рейд барысында кәмелетке толмағандардың жүруі мүмкін делінген ойын-сауық орындары, саябақтар, скверлер, аллеялар мен аулалардың барлығы ювеналды полицейлердің жіті бақылауында болды.
Келесі мақала