Жайылым кеңейіп келеді
Еліміздегі жер қоры қала және кенттегі, ауылдық елді мекендегі, өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени, орман қорының, су қорының, босалқы жер, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деген секілді тағы да басқа санаттарға бөлінетіні белгілі. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының міндеті – жер кадастрын қалыптастыру және дамыту.
Мәселен, аталған басқарманың ауыл шаруашылық және коммерциялық мақсаттағы жерлерді конкурс арқылы жалға беру, бос және берілген жер телімдерінің сызбасын сызу, ғарыштық түсірілім арқылы картография жасау, жеке тұрғын үй құрылысы немесе жер қойнауынан кен орындарын ашу тұрғысында жер телімін босату, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар пайдаланбайтын жерлерді анықтау, оны ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосу секілді тағы да басқа атқарып жатқан жұмысы жетерлік. Аталған міндеттеменің барлығы халық игілігін көздейді десек, қазіргі таңда жұртшылық үшін ең өзекті мәселе – жайылым жерлердің тапшылығы.
Осыдан 3-4 жыл бұрын ауыл тұрғындары елді мекен маңайындағы жайылым жердің тарылғаны, тозғаны, алдында бағып отырған бір тұяқ малы жоқ кейбір ықпалды адамдардың ұшы-қиыры көрінбейтін жайылым жерге иелік етіп отырғаны секілді жайттарды мәселе етіп көтергені көпшілік жадында. Бұл мәселеге бейжай қарамаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жайылымдық жер тапшылығына өзекті мәселе ретінде тоқталып, Үкіметке құзырлы органдармен бірлесіп, аталған мәселе бойынша батыл шаралар қабылдау қажеттігін тапсырғаны есте. Президент сол Жолдауда жайылымдық жерді тиімді пайдалану аса маңызды іс екенін атап көрсетті. Бүгінде Жолдау жүктеген міндет өз өңірімізде қаншалықты орындалды? Бұл сауалға облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосыновпен тілдесу арқылы жауап таптық. Аталған басқарма басшысының айтуынша, облыстың жер қорында 8,1 миллион гектар жайылым жер бар екен. Оның 3,6 миллион гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге, 570,7 мың гектары елді мекендер аумағына, ал 1,7 миллион гектар орман қорына, 1 миллион гектар босалқы жер қорына тиесілі көрінеді.
– Статистикалық есепке сәйкес өңірде 4,3 миллион төрт түлік (оның ішінде мүйізді ірі қара – 527,4 мың, уақ мал – 3620 мың, жылқы – 164 мың, түйе – 8,5) тіркелген. Шартты есепке жүгінсек, сонда өңірдегі әр бас малға 8 гектар жайылым тиесілі болып шығады. Дегенмен жайылым жетіспеушілігі бүгінде малдың дені тұрғындар иелігінде болуына байланысты және ауылдық округте бекітілген жайылым жерлердің аздығынан туындап отыр.
Облыс әкімдігі тарапынан облыстық прокуратурамен бірлесіп елді мекендердегі жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталды.
Мәселені жүйелі түрде шешу үшін қазір 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы 225 мың гектар жайылым жерлерді елді мекенге беру жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде қазір 227,5 мың гектар елді мекендер аумағына өтті. Мұнымен қоса ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтарып беру жұмысы да қоса жүргізіліп жатыр. Осы жерлер және елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасуы есебінен 199,6 мың гектар жайылым жерлерді ауылдық округтерге бекітіп беру қолға алынды. Бүгінгі таңға 13,6 мың гектар ауылдық округтерге берілсе, осы бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. Малы көп тұрғындардың иелігіндегі түлігін орман қоры жеріне шығару ұйымдастырылуда. Осыған орай орман қорындағы 1 миллион гектар жайылымға 242,9 мың мал шығарылды. Жер пайдаланушылардың өнімді жинап алған жерлеріне, яғни диқандар жиын-терін науқанын өткізгеннен кейін олардың егіс алқабына кедергісіз мал жаюға болатыны жөнінде меморандум жасау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 1 289 жер учаскесі, яғни алқап көлемі 486,5 мың гектарды құрайтын 2071 шаруа қожалыққа тиесілі жер үшін олардың иелерімен осындай меморандум жасалды. Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланған 252,3 мың гектар жайылым жерлердің 106,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, – дейді Бахтияр Бейсембекұлы.
Одан бөлек, заңсыз берілген 2552 гектар елді мекен жайылымын кері қайтару бойынша да бірқатар шаруалар атқарылған екен. Оның ішінде 1098 гектар сот шешімімен қайтарылса, 542 гектрады құрайтын жер учаскелері сотта әлі қаралып жатқан көрінеді. Осындай тағы да бірнеше жер учаскесі бойынша материалдар сотқа әзірленіп жатса керек. Ал, 360 гектар жер учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
Облыстық жер қатынастары басқармасы жоба әкімшісі ретінде 2017 жылдан бастап жер мониторингін жүргізуде «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» акционерлік қоғамымен келісімшарт негізінде жерді қашықтықтан зондтау тәсілі қолданылып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Алайда әлемдік пандемияға байланысты бюджетке салмақ түсіруді азайту мақсатында жер мониторингі далалық зерттеу тәсілімен жүргізіліпті. Осы мақсатта құрамына прокуратура органдары, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жер инспекциясы, ветеринария салалары өкілдері енгізілген жұмыс топтары құрылыпты. Аталған жұмыс топтары мүшелері тарапынан облыстағы 153 ауылдық округ түгелдей қамтылып, 271,6 мың гектар ауыл шаруашылық алқаптарының өз мақсатында пайдаланылмай жатқаны анықталған.
Алдағы уақытта елді мекен жайылымын ұлғайта түсу үшін тағы да 418,4 мың гектар жер учаскесін ауылдық округтерге берілмек.
Осындай жүйелі жұмыстар жалғаса беретін болса ауылдық округтердегі төрт түліктің тұяғы жететін өріс алдағы уақытта кеңейіп, жұртшылықтың мал өріске шыққанда, өрістен қайтқанда тақыр жердің шаңы аспанға көтерілетін көріністен құтылатыны анық. Ауылдықтардың мал басын көбейтуіне жайылым жердің тапшылығы кедергі болмауы керек. Бүгінде аталған басқарма осыған жұмыс істеп жатыр. Әлі-ақ алда шаруалар үшін төскейде мыңғыртып мал өргізетін күн туатыны хақ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала