Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АШЫҚТЫҚ, ӘДІЛДІК, АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

АШЫҚТЫҚ, ӘДІЛДІК, АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
ашық дереккөз
АШЫҚТЫҚ, ӘДІЛДІК, АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
Бүгінде еліміз дамудың даңғыл жолына, рухани жаңғырудың жаңа бағытына бет бұрды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялап, Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды құру бастамасын көтерді. Жуырда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысының да «Әділетті Қазақстан – адал азамат» тақырыбына арналуы – мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсетін ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарымыздың әділеттік пен адалдық принциптеріне негізделгенінің айқын көрінісі. Олай болса, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты өзектендіру, осынау мемлекеттік міндетті халықтың талап-тілегіне сәйкес жүзеге асыру мәселесі бүгінгі күннің басты құндылығы болып тұр. Ендеше Мемлекет басшысының бастамаларын нәтижелі іске асырып, мемлекеттік саясатты жүргізу – мемлекеттік қызметшілерге байланысты деп білемін. Өйткені аталған тұжырымдама барлық азаматтардың өтініштеріне жәдел әрі тиімді әрекет ету арқылы жүзеге асады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға және онда қызмет істейтін азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жоғарыдан төмен емес, «төменнен жоғары» принципінің орындалуы жергілікті жердегі қарапайым қызметкерге тікелей байланысты. Сондықтан «ашықтық», «адалдық», «әділеттілік» қағидаттары ел мүддесі жолында қашанда алдыңғы орында болуы тиіс. Мемлекеттiк қызметшi деп мемлекеттiк органдарда арнайы заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттiкпен жұмыс істейтін азаматтарды айтамыз. Мемлекеттік қызметші – бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің айнасы болуға тиіс, яғни ол мемлекет пен қоғам мүддесін жеке мүддеден жоғары қойып, өзіне жүктелген жауапкершілікті кәсіби біліктілік және жоғары мәдениеттілікпен атқаруы керек. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев: «Қазіргі біздің қоғам мемлекеттік қызметшілерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін Отанның дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық жетілуі – тұтастай қоғам өзгеруінің алғышарты. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет. Ол үшін мемлекеттік қызметші кәсіби, тұлғалық ізгі қасиеттерді бойына жинақтап, іс жүзінде оның нәтижесі көрініп тұруы керек», деп, мемлекеттік қызметшінің бейнесін айқындап та берген болатын. Біріншіден, бұл қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге деген талаптың күшейтілгенін білдірсе, екіншіден, бұл нағыз отаншыл, патриот, шынайы білімді, білікті азаматтарға «мемлекеттік қызмет» деп аталатын мәртебелі міндетті орындауға жол ашары сөзсіз. Елімізде мемлекеттік қызметке орналасуға жоғары білімді әрбір азаматтың құқығы бар. Мемлекеттік қызметке кіретін азаматтарға бірқатар талап қойылады. Олар Қазақстан Республикасының азаматтары болуы міндетті және жасы 18-ге толуы тиіс. Сонымен қатар қажетті білімі, кәсіби даярлық деңгейінің болуы және тағы басқа да талаптар қойылады. Әрине, біз мұнда мемлекеттік әкімшілік қызметтер жайында сөз етпекпіз. Өйткені мемлекеттік қызметшілер лауазымдарына және құқықтық жағдайына қарай екіге бөлінеді. Бірінші – мемлекеттік саяси қызметкерлер болса, олар тағайындалады, сайланады, яғни белгілі бір саяси міндетті айқындау мен атқаруға жауапты мемлекеттік қызметшілер. Ал екіншісі – мемлекеттік саяси қызметшілер құрамына кірмейтін, мемлекеттік органдарда кәсіби негізде лауазымдық міндеттерді орындайтын мемлекеттік қызметшілер. Міне, осындай мемлекеттік әкімшілік қызметке кәсіби лауазымдар бойынша жұмысқа орналасқысы келетін азамат «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған тестілеуден өтуге тиіс. Онда лауазымдық санаттары бойынша тест тапсырмаларының мазмұны мен саны өзгеріп отырады. Мысалы, ең төменгі С-R-5, Е-4, Е-5, Е-R-4, Е-R-5, Е-G-3, Е-G-4 санаттарына арналған мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін үміткер мемлекеттік тілді білуге арналған 20 сұрақты және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған 100 сұрақты қамтитын тесттен өтуге міндетті. Оның ішінде үміткер 100 сұрақтың 50 пайызына және әрбір заң бойынша кем дегенде 5 сұраққа дұрыс жауап беруі керек. Сондай-ақ заңдар бойынша тесттен өткен соң міндетті түрде «Б» корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өтуі шарт. Сол сияқты лауазымдық санаттар жоғарылаған сайын тестілеу сұрақтарының да мазмұны жоғарылап, саны артып отырады. Осы тесттен өтіп, мемлекеттік қызметке тұру үшін бос мемлекеттік әкімшілік орындарға тиісті заңнама талаптары бойынша конкурсқа қатысады. Конкурстық іріктеуден өтіп, мемлекеттік қызметке келген жас мамандарға арнайы қолдау көрсетіледі. Жас маманға 3 айға дейінгі мерзімге тәлімгер бекітіліп, оған мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттерін орындау жолдары үйретіледі. Осы орайда аудан аумағындағы мемлекеттік қызметкерлердің ахуалына да тоқталып өтсек. Қазіргі уақытта аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдар бойынша мемлекеттік қызмет саласында бекітілген штат саны 174 бірлікті құрайды. Оның ішінде аудан әкімінің аппаратында – 22, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдерде – 48, ауылдық округ әкімдіктерінде 104 штаттық бірлік бар. 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша барлығы 172 мемлекеттік қызметші жұмыс істеуде. 2023 жылдың 6 айында 7 бос лауазымға 8 конкурс өткізілді. Ішкі конкурсқа 7 рет, жалпы конкурсқа 1 рет хабарландыру берілді. Аталған конкурстарға жалпы 11 үміткер қатысып, конкурс қорытындысы бойынша 6 адам жеңімпаз болып анықталып, тиісті лауазымдарға қабылданды. Ауысымдық, жұмыстан босау бойынша осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 24 мемлекеттік қызметші әртүрлі себептермен жұмыстан босатылды. Атап айтқанда, басқа лауазымға ауысуына байланысты – 17 адам, жеке өтінішіне сәйкес өз еркімен – 2, негізгі қызметшінің жұмысқа шығуына сәйкес – 3, өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты – 2 адам. Жалпы кадрлық таза ауысым тұрақтылығы сақталды. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша биыл жалпы 51 мемлекеттік қызметші оқу курстарынан өтті. Оның ішінде 13 мемлекеттік қызметші қайта даярлау курстарынан, 38 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру семинарынан өтті. Сонымен қатар 3 қызметкерге тәлімгерлік және сынақ мерзімі тағайындалып, олар сынақ мерзімдерін сәтті аяқтады. Есепті кезеңде Аспара, Ақермен және Рысқұлов ауылдық округі әкімдерінің сайлауы өткізілді. Аудандағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты осынау іс-шаралардың барлығы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға бағытталып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Түйіндей келе, еліміздің ертеңі – бүгінгі кәсіби қызметке байланысты, сондықтан қоғам тарапынан қойылатын зор сенімге селкеу түсірмей, қызметімізді «адалдық», «әділдік», «ашықтық», «сыпайылық» қағидаттарына негіздей отырып орындауға міндеттіміз демекпін.

Нұрсұлтан Нәрікбаев, Меркі ауданы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар