ПӘКІСТАНҒА ТІКЕЛЕЙ РЕЙС АШЫЛДЫ
Елімізде Пәкістанға тікелей ұшатын рейс ашылды. Алматы-Лахор бағытындағы әуе кемесі 8 шілде күні алғашқы жолаушыларын тасымалдады.
Авиакомпания басшылығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Boeing-737 ұшағы аптасына 2 рет, сәрсенбі және сенбі күні қатынайды. Ұшу уақыты – 2,5 сағат.
«Бұл бастама екі ел арасындағы әуе қатынасын нығайтып қана қоймай, сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетеді», делінген Алматы халықаралық әуежайы таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, жаңа рейстің ашылатыны туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифтің телефон арқылы ынтымақтастық мәселесін талқылауынан кейін белгілі болды.
Тараптар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ екі ел арасындағы өзара сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқаны және түрлі саладағы ынтымақтастықтың кеңейе түскені атап өтілді. Тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін тағы да растады.
Әңгімелесу соңында Премьер-министр Шахбаз Шариф Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Пәкістанға өзіне ыңғайлы кез келген уақытта ресми сапармен келуге шақырды.
Кейін еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Пәкістанның авиациялық билік органдарымен бірлесіп, тұрақты жолаушылар рейсін ашу мәселесін қолға алған еді.
«Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас жыл сайын нығайып келеді. Қазір әлем елдері туризм, сауда секілді маңызды салаларда ынтымақтасуды көздейді. Ал жаңа рейстің ашылуы – екі ел арасындағы осы бағыттарды нығайтады. Біздің дініміз бір, мәдениетіміз ұқсас. Сондықтан жаңа бастама қос тарап үшін де тиімді болады деп сенемін», деді Қазақстандағы Пәкістан Ислам Республикасы елшілігінің Сауда және инвестиция мәселелері жөніндегі кеңесшісі Фарух Мухаммад.