Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мыңыншы жүздесу

Мыңыншы жүздесу
ашық дереккөз
Мыңыншы жүздесу
Құрметті оқырман! Өздеріңіз байқағандай, бүгін «AR-AI» газетінің 1000-ыншы номері қолымызға тиіп отыр. Бұл редакция ұжымы ғана емес газетіміздің жанашырлары үшін де айтулы оқиға деп білемін. Осы орайда өткенге сәл шегініс жасасақ.  2004 жылы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының қабылдануына байланысты жер-жерде жастар орталықтары мен қоғамдық ұйымдары құрыла бастады. Бұл жұмыстың Жамбыл облысында жандана түскендігіне байланысты жастардың төл басылымын ашу туралы ұсыныс көтеріліп, жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тапты. Соның нәтижесінде 2005 жылдың 13 қазанында «AR-AI» жастар газетінің алғашқы номері оқырманға жол тартты. Әрине, республика деңгейінде ең алғаш болып облыстық жастар басылымын ұйымдастыру ісі оңай соқпағандығы белгілі. Бұл тұрғыда басылымның алғашқы бас редакторы, белгілі жазушы, драматург Болат Бекжановтың сіңірген еңбегі зор. Бастапқыда редакцияның ғимараты болмады. Сондықтан да алғашқы лездемелік жиындар облыстық әкімдіктің алдындағы орындықта, ашық аспан астында өткізіліп жүрді. Ал газеттің алғашқы номерінде сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің құттықтауы, жазушы Шерхан Мұртазамен сұхбат, ақын Маралтай Райымбекұлының «Ар», «Ай» атты өлеңдері, тағы да басқа көптеген тарихи-танымдық, тәрбиелік мәні зор дүниелер жарияланды. «AR-AI» осылайша ақпарат айдынына асқақ рухпен атой салып келді. Мұнан кейінгі уақыттарда басылымды белгілі қаламгерлер Оралхан Дәуіт (2011-2012), Гүлнұр Ембердиева (2012-2017), Масат Берік (2017-2018), Дәулет Төленді (2018-2021), Біржан Сөктай (2021-2022) біліктілікпен басқарды. Шағын ұжым аз уақытта-ақ талай таланттың талабын шыңдаған шығармашылық шеберханаға айналып үлгерді. Бүгінде «AR-AI»-дан түлеп ұшқан азаматтар республикалық басылымдарда, мемлекеттік органдарда, бизнес құрылымдарында, өзге де салаларда абыройлы еңбек етуде. Жастар жаршысы 2020 жылдан «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында өз жұмысын жалғастырып келеді. Кейінгі кезеңде басылымның дизайны жаңғырып, жаңа айдарлармен толықты. Уақыт талабына сай басылымның ресми сайты іске қосылып, әлеуметтік желідегі парақшаларда тәулік бойы ақпарат таратылуда. Өзара сыйластық дәстүрі мен кәсібилік дағдысы қалыптасқан, ынтымағы жарасқан ұжым оқырманның ойынан шығатын дүниелер ұсынуда аянып қалмақ емес. Уақыт уыста тұрмайды. Расында да «Жамбылда жастар газеті ашылды» деген сүйінші хабардың жер-жаһанға тарағаны күні кеше сияқты еді. Міне, бүгін 18 жылдың бедерінде мыңыншы номер де оқырманға жол тартып отыр. Осынау дөңгелек цифрдың астарында қаншама адамның қажырлы еңбегі жатыр десеңізші. Әрбір номері маңдай термен, жүйке тоздырумен, көз майын тауысумен шығатын басылымды бағалайтын игі жақсылардың барына шүкір дейміз. Лайым, «AR-AI»-дың таңы арайлап ата берсін!

Тұрсынбек Сұлтанбеков

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар