Көнерген көліктен де қауіп көп
Кеше облыс әкімдігінде өңірімізде болған жол-көлік оқиғаларына байланысты жиын өтті. Өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы төрағалық еткен жиында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов баяндама жасады. Ол осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша тіркелген жол көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,9 пайызға төмендегенін жеткізді.
– Осы жылдың 6 айында жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылды. Атап айтсақ, алғашқы жартыжылдықта 455 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жамбыл облысы басқа өңірлермен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары жөнінен алғашқы үштікте тұр. Жол-көлік оқиғаларының өсуіне автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігімен қатар жол инфрақұрылымы мен автокөліктердің ескіруі де себепкер болып отыр. Жүргізілген талдауға сәйкес жалпы орын алған жол-көлік оқиғаларының 70 пайызы қолданыстағы уақыты 20 жылдан асқан ескі автокөліктердің қатысуымен орын алған. Биылғы 30 мамырда Алматы-Ташкент тас жолында 1992 жылы шығарылған «Volkswaqen passat» автокөлігінің артқы сол жақ доңғалағының шығып кетуі салдарынан көлік жол жиегіне жалт бұрылып, апатқа ұшыраған. Соның кесірінен 2 адам қаза тапты. Негізі осы автокөлік оқиға болардың алдында 20 күн бұрын техникалық байқаудан өткен, – дейді Қ.Мәжікенов.
Облыс әкімі мемлекеттік маңызы бар жолдарға жауапты «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының жұмысын да сынға алды. Жалпы мемлекеттік маңызы бар жолдарда қараусыз жүрген малдың кесірінен де көлік апаты көп болатындығы айтылды. Онымен бірге бұл жолдарда көлік жүргізушілердің тоқтап, демалатын орындары аз екенін де тілге тиек етті.
Нұржан ӘЛІШ
Келесі мақала
Сенатор мәслихат депутаттарымен кездесті
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024