БАСПАНАМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
«AMANAT»партиясының облыстық филиалында отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөнінде қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиналысты кеңес төрағасы Сембек Сейдазимов ашып, жүргізді.
Жиналыста партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасында көрсетілген 51 және 56-тармақтарына сәйкес тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қаралды.
Жалпы, бүгінге дейін облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 35 980 адам тіркелген. Осыған байланысты кеңес отырысында аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жайы сөз болды.
– Жалпы, соңғы 3 жылда арендалық тұрғын үй құрылысының өсу серпіні байқалады. 2019 жылмен салыстырғанда пайдалануға берілген пәтерлер саны 2 есеге өскен. Сондай-ақ кезекке тұру темпі жыл сайын ұлғайып, шамамен 2-3 мыңнан астам азамат кезекке тіркелуде. Биыл облыс көлемінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға, оның ішінде әлеуметтік осал топтағы адамдар мен көпбалалы отбасыларды есептегенде жалпы саны арендалық 70 пәтер бердік. Оның 36-сы Талас ауданына тиісті болса, 34-і Тараз қаласынан берілді. Соңғы 3 жылда 3215 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілген. Ол тұрғын үйлердің көбі Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларында.
Сондай-ақ биылдан бастап тұрғын үй саясатының өзгеруіне байланысты арендалық тұрғын үйлерді салуға республикалық бюжеттен қаражат бөлінбейді. Оның орнына осы жылдан бастап халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын, көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасыларға арналған жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Бұл үй жалдап алушылар мен мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен 50-де 50 пайызбен тепе-теңдік негізде жүзеге асырылады. Бұған көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар жалдау ақысын субсидиялауға өтініш тапсыра алады.
Бағдарламада қаралатын Қағида талаптарына сәйкес, облыс бойынша бір шаршы метр үшін жалға алу құны 1370 теңге болып отыр, – деді кеңес төрағасының орынбасары Жанар Орынбаева.
Атап айту керек, бұған дейін Мемлекет басшысы халықты үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында «5-10-20» Шаңырақ», «Бақытты отбасы», «7-20-25» сияқты пилоттық несиелік бағдарламалардың іске асырылатындығын жариялаған болатын. Нәтижесінде «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы бойынша 2020 жылы 364 адам, 2021 жылы 282 адам, 2022 жылы 83 адам несие рәсімдеп, баспаналы болып отыр. Ал «Қазақстанның тұрақтылық қоры» АҚ-ның ақпаратына сәйкес «7-20-25» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыста екінші деңгейлі банктерге түскен 2426 өтініштің 683 қолдау тауып, 4,9 миллиард теңгеге несие рәсімделген. Яғни 683 адам ипотекалық үйге қол жеткізген.
Өңіріміздегі ауқымды жобаның бірі ол «Әулиеата жастары» бағдарламасы. Бұл бағдарлама арқылы облыстағы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша биыл бюджетен бөлінген қаржыға сәйкес 50-ге жуық жасты баспанамен қамту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ кеңесте осы жылы пайдалануға берілетін 4 388 пәтерлі 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығы да сөз болды. Оның ішінде 680 пәтерлі 11 арендалық, 3 648 пәтерлі 56 кредиттік және 60 пәтерлі 1 пилоттық жоба бар.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала