Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІК ОРТАЛЫҒЫ ІСКЕ КІРІСТІ

ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІК ОРТАЛЫҒЫ ІСКЕ КІРІСТІ
ашық дереккөз
ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІК ОРТАЛЫҒЫ ІСКЕ КІРІСТІ
Халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, тәуір тұрмыс кешуіне, ең әуелі, тапқан табысы әсер ететіні анық. Сол үшін де мемлекет жұртшылықтың жұмыспен қамтылуын, кәсіп ашуын назардан тыс қалдырған емес. Жергілікті жерлерде жұмыссыз азаматтарды есепке алу, олар табыс тауып отырған жұмысынан шығып қалғанда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжат қабылдау, бос жүргендерді тұрақты, әлеуметтік, уақытша, ақылы, қоғамдық жұмыс орындарына орналасуға, жағдайының түзелуіне халықты жұмыспен қамту орталығы жәрдемдеседі. Сондай-ақ аталған мекеме еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша азаматтарды қысқамерзімді кәсіптік оқытудан, қайта даярлаудан өткізуге, жұмысқа тұруына ықпал етеді. Тұрғындарды кәсіпкерлік негіздегі оқыту курсынан да өткізіп, олардың қайтарымсыз қаржы немесе жеңілдетілген пайызбен несие алып өз ісін бастауына, кәсіп аясын кеңейтуіне ықпал ететін. Осы айдың басынан бастап елімізде халықты жұмыспен қамту орталықтары жойылатыны жөнінде ақпарат тараған еді. Ал бұл мәселе халықты бейжай қалдырмағаны анық. Мәселен, қала тұрғыны Зәуре Исаева нақ осы мәселеге қатысты алаңдаушылық білдірді. – Бұрынғы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, қазіргі Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінде оқып, биология пәні мұғалімі мамандығын осыдан 20 шақты жыл бұрын игерген едім. Одан кейін Мойынқұм ауданына тұрмысқа шығып, сол жақта өз мамандығым бойынша еңбек еттім. Биыл отбасылық жағдайыма байланысты Тараз қаласына көшіп келдік. Осы ретте жұмыспен қамту орталықтары жойылатынын естіп, абдырап қалдым. Ендігі кезекте менің жұмысқа тұру жайындағы мәселем қалай шешіледі? Осы жағы толғандырып отыр, – деді ол. Осы ретте біз облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарластық. Ондағы мамандар арқылы жұмыспен қамту орталықтары жойылғанымен орнына еңбек мобильдігі орталықтары құрылатынын айтты. Негізінде ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде осы жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің барлық облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылып үлгеріпті. Ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары ретінде қайта құрылып жатыр. Осыған байланысты облыс әкімдігінің №110 қаулысы негізінде «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған екен. Аталған қаулы негізінде орталықтың жарғысы бекітіліп, ол әділет департаментінде тіркеуден өтіпті. Ал орталық директоры болып Серік Әлібеков тағайындалды. Осы орайда Серік Айдарұлынан еңбек мобильділігі мен мансап орталықтарына қандай міндеттер жүктелгенін сұраған едік. – Жұмыссыз азаматтар далада қалмайды. Олар тиісінше ретімен заң аясында еңбекпен қамтыла береді. Өз кезегінде қала мен аудандардағы халықты жұмыспен қамту орталықтары таратылып, олардың орындарына Еңбек мобильділігі орталығының филиалдары ретінде қалалық және аудандық мансап орталықтары құрылатын болады. Ал еңбек мобильділігі орталығының негізгі жаңа функцияларын сөз ететін болсақ, орталық жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдайды, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз етеді. Өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіреді. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру, өңірде іске асырылатын барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жүргізу де осы орталықтың міндетіне жатады. Орталық жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіреді. Жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеу және оларды жұмыспен қамту шараларын қабылдап, халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілетті мемлекеттік органды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етеді. Орталық осы функцияларды іске асыру үшін қала және аудан аумағында жұмыс істейтін еңбек нарығының барлық институттарын белсенді түрде тартатын болады. Ол үшін оларға азаматтардың нысаналы топтарын жұмысқа орналастырумен байланысты жекелеген функцияларды аутсорсингке беру құқығы беріледі, – деді ол. Серік Әлібековтің айтуынша, жаңа орталықтың негізгі міндеті – ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен ұштастыра отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру. – Бұл ретте қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша іс-макеттерін қалыптастыру бойынша көрсетілетін қызметтердің барлық спектрі сақталады және оларды көрсету сол мекенжайлар бойынша орналасатын мансап орталықтарында жалғаса береді. Бұл трансформация жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жұмысты жақсартуға және мемлекет көрсететін еңбек делдалдығы бойынша қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Осы қызметтерді көрсету жүйесін одан әрі дамыту мақсатының бірі – жұмыспен қамту саласындағы барлық қызметтер мен қолдау шараларын толық цифрландыру – деді Серік Айдарұлы. Тоқетерін айтқанда, жұмыспен қамту орталықтары жойылса да қызметін мансап орталықтары жалғастыратын болады. Сондықтан тұрғындардың жұмыспен қамту орталықтарының жойылуына қатысты алаңдауына еш негіз жоқ.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар