МАҚСАТЫМЫЗ – ЖҰРТТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Жұртшылықтың жағдайын жақсартып, әлеуметтің әлеуетін көтеру, бос жүргендерді еңбекке тарту арқылы бұқараның бүйірін қампайтып, ел ішіндегі тірлікке ебі барлардың кәсіп ашуына ықпал ету, кәсіпкерлік негізде оқыту курсынан өтуіне көмектесу, жалпы халықты жұмыспен қамту жергілікті атқарушы органның міндетіне жататыны белгілі. Бұл мақсатта елімізде бірнеше жылдан бері сан түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.
Сол бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді орындау, жоспарлардағы нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу секілді шаруаның бірқатары жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына жүктелген. Халықтың дені ауылдық жерде тұрып жатқандықтан аудандық жұмыспен қамту орталықтарына әлдебір мәселемен қайырылатындар жетерлік. Оларға біз қолдан келгенше көмектесіп, кеңес беріп, жұмыссыздардың қандай да бір бағдарламаға қатысуына, уақытша немесе ақылы қоғамдық және жаңадан ашылған жұмыс орындарына тұрғызуға жәрдемдесеміз. Бұл ретте 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жұрттың жұмыспен қамтылуына өз ықпалын тигізіп тұр. 2023 жылдың маусым айының ортасына дейін ауданда ресми жұмыссыз ретінде 2 503 адам тіркелді. Оның ішінде әйелдер 1 285 болса, жастар – 900. Өзін жұмыспен қамтуға 1 664 нәзікжанды, жасы 29-ға 1 218 дейінгі жас пен 124 мүгедектігі бар адам өтініш білдірді. Оның ішінде 1 965-і жұмыспен қамтылды.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы ашылған уақытша және тұрақты жұмыс орындарына 4 331 адамды жіберу көзделген еді. Бүгінгі таңда 2 766 адамды тұрақты жұмыспен қамтыдық. Қысқамерзімді кәсіптік оқуға – 80, жұмыс орнында жұмыссыздарды оқыту курстарына 35 адамды жолдауға ұйғарым жасалды. Электрондық еңбек биржасы бойынша оқыту жоспарланған 182 азаматтың 62-сі оқыту курсынан өтсе, қайтарымсыз қаржы алуы тиіс 114 жамбылдықтың 56-сы мемлекет тарапынан берілетін грантқа қол жеткізді. 27 азамат шағын несие алса, «Бастау бизнес» жобасы аясында 557 адам оқытылды.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жоспар 296 адамға межеленсе, оның ішінде 74-і жұмысқа тұрды. Әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар бойынша 89 адам жіберілді. Бос жүрген 1 182 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Бүгінде жаңадан оқу бітіріп, жұмыс таппай жүрген жастардың өз мамандығы бойынша еңбек дүбіріне араласуы – қоғамда ең өзекті мәселе. Сол секілді зейнет жасына жақындап қалғандардың да екі қолға бір күрек табуы екіталай. Осы ретте мемлекет арнайы жобаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, «Алғашқы жұмыс орнына» 51 жасты жіберу көзделсе, осы күнге дейін 34 жас алғашқы жұмыс орнын тапты.
«Күміс жас» жобасы бойынша 65 егде жастағы азамат еңбекпен қамтылды. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы бойынша екі адам аға буыннан білгенін үйреніп, сол орында тұрақты жұмысқа қалудың ыңғайымен еңбек етіп жүр. Тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс 2 241 адамның 650-інің мәселесі шешілді. 80 адамға 30 миллион 771 мың теңгеге оқытуға облыстық бюджеттен қаржы қаралды.
Жұмыс орнында жұмыссыздарды оқыту курстарына 35 адамды жергілікті бюджет есебінен 11 миллион 274 мың теңгеге оқытуға жоспарланды.
«Еnbek.kz» платформасында талап етілетін дағдылар бойынша онлайн оқытуға 182 адамды тарту жоспарланып, 62 адам оқытылды. Бұл біз сөз еткен меженің орындалуы 34 пайызды құрағанын көрсетеді.
Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Осы мөлшердегі қайтарымсыз қаржыны 114 азаматқа беру жоспарланса, оның сомасы 157 миллион 320 мың теңгені құрады. Бүгінгі таңда мемлекеттік грантқа үміткер болу үшін «еnbek.kz» порталы арқылы «business.enbek» платформасында онлайн форматта 524 азаматтың өтініші қабылданып, 56 азамат комиссия отырысынан оң қорытынды алды. Қазіргі таңда 56 адамға 77 миллион 280 мың теңгеге қайтарымсыз қаржы берілді.
«Бастау бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқуға «enbek.kz» порталы арқылы «enbek.skills» платформасында онлайн форматта 325 адам оқыту жоспарланып, 546 адам оқуға жолданды. Оның ішінде 434-і оқуын аяқтап, қолына сертификатын алды.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жастардың жұмысқа тұруын ұйымдастыру бойынша облыстық бюджеттен 367 миллион 632 мың теңге қаржы қарастырылды. Жоспар – 296 жас, жолданғаны – 79. Олар мамандықтарына сәйкес тәжірибе алып келеді. Игерілген қаржы 18 миллион 518 мың теңгені құрады.
Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша да облыстық бюджеттен 23 миллион 40 мың теңге қаржы қарастырылды. Бүгінге 89 адам жұмысқа жолданып, 7 миллион 530 мың теңге қаржы мақсатты игерілді.
Ақылы қоғамдық жұмыстарға
1 140 адамды тарту жоспарланып, бүгінге 1 182 адам қамтылды. Қаралған қаржы 925 миллион 20 мың теңге болса, оның 695 миллион 520 мың теңгесі облыстық, қалғаны аудандық бюджет қаржысы. Осы сияқты «Алғашқы жұмыс орындары» бойынша 63 миллион 342 мың теңге қаржы, «Күміс жас» жобасына 40 миллион 427 мың теңге, «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша 1 миллион 242 мың теңге қаралды. Тұрақты ваканттық бос жұмыс орындары бойынша денсаулық саласына – 75 адам, білім саласына – 56, аудандық бөлімнің мекемелеріне 120 және акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалық секілді шаруашылықтар арқылы 399 азамат жұмысқа орналасты.
Бүгінгі күнге ерекше қажеттілігі бар 124 азамат жұмыспен қамтылып отыр. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмысқа – 49, «Бастау бизнес» бойынша 50 адам қамтылса, 5 адам грант алды. Үш адам әлеуметтік жұмыс орындарына, «Жастар тәжірибесіне», «Алғашқы жұмыс орнына» жолданса, 15-і тұрақты жұмыспен қамтылып, 2 адам «Күміс жас» жобасына қатысып отыр.
Ауданда халықты жұмыспен қамту ісінің жүзеге асырылу реті осындай. Тұрғындардың табысын арттырып, олардың жайлы өмір сүруі бағытында атқарылуы тиіс шаруалар алдағы уақытта да жүзеге асырыла беретін болады.
Асқар ЖАНҚОРАЗОВ, Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, Жамбыл ауданы
Келесі мақала