Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!»

«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!»
ашық дереккөз
«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!»
Жуырда Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Мен жастарға сенемін!» атты поэтикалық пикник өтті. Іс-шараға Тараз политехникалық колледжінің студенттері, Төле би атындағы №8 мектеп-гимназияның оқушылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Мағжан Жұмабаев мұрасын жас ұрпаққа таныту, олардың азаматтық ұстанымының, ұлттық ой-санасының қалыптасуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған поэтикалық пикник сайыс түрінде ұйымдастырылды. Студенттер мен оқушылар «Рухты белсенділер» және «Жастар» атты екі топқа бөлініп, ақынның өмір жолына, поэзия әлеміне қысқаша саяхат жасады. Сайысқа «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Сағындық Зейноллаұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Медиа» орталығының қызметкері Ардақ Үсейінова төрелік етті. Жаңа форматпен ұйымдастырылған жазғы маусымдағы поэтикалық пикник аясында өткен сайыс 5 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде М.Жұмабаевтың өмірінен сыр шертетін викториналық сұрақтар қойылды. Ал екінші кезеңде қатысушылардың бірі ақын рухына арнау арнаса, бірі патриоттық рухты көтеретін өлең оқыды. Үшінші кезеңде Брайль алфавитін пайдалану арқылы жасырылған сөзді оқу міндеттелсе, төртінші кезеңде берілген өлеңді мәнерлеп оқып, мазмұнына сай сурет салу тапсырылды. Бесінші кезеңде екі топтың басшылары кедергіге қарамастан Мағжанның бойындағы асыл қасиеттерді тауып, берілген әріптерден сөз құрады. Сайыс қорытындысы бойынша «Жастар» тобы барлық кезеңнен озып шығып, жеңімпаз деп танылды. Қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.

Аяулым ЖАМАНҚАРА

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар