Қоғам
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАСИЕТТІ ІС: Көпшілікке қол ұшын созған жандар құрметке бөленді
- author AR-AY
- 3 мамыр, 2022
- 278
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАСИЕТТІ ІС: Көпшілікке қол ұшын созған жандар құрметке бөленді
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастырумен Тараз қаласындағы «Інжу Маржан» мейрамханасында «Қайырымдылық керуені» атты IV Республикалық байқау қорытындысы шығарылды.
Халықтың азаматтық бастамаларын қолдауға бағытталған, жастарды қайырымдылыққа баулып, жігерлендіретін бұл байқауды жыл сайын КТК ақпарат агенттігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев қоры және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырып келеді.
Конкурс 1 қыркүйектен 30 қарашаға дейін болады. Жеңімпаздар «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі», «Жануарларға мейірім» сияқты 7 номинация бойынша марапатталады. Әр номинацияның өзінің ережесі бар.
Жалпы, аталған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан аса адам қатысқан. Олардың ішінде 38 жерлесіміз бар. 6 жерлесіміз осы байқаудың жүлдегері атанса, қалған 32 қатысушы конкурс лауреаты атанып, олардың бәріне байқауды ұйымдастырушы – Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының Алғыс хаттары табыс етілді.
Тарқата айтсақ, бірінші орын иегері ретінде үш адам анықталды. «JASAU TARAZ» жеке кәсіпкерлігі директоры Анар Бексұлтанова «Асар» номинациясын иеленді. «Қайырымдылық тарихы» номинациясы осы уақытқа дейін бірқатар адамның баспаналы болуына ұйытқы болған блогер, журналист Мөлдір Анарбаеваға, ал «Жануарға мейірім» номинациясы «Ақтөс Тараз» жануарларды қорғау қорының басшысы Ирина Келлерге бұйырды.
Екінші орын иегерлері атанған күміс жүлдегерлер – 3 адам. Оның ішінде «Туған жер» номинациясын Меркі ауданынан келген «Наурызбай и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Алия Аубакирова иеленсе, «Мейірім жолында» номинациясы «Оттегі SOS» ҚБ жетекшісі Қанат Нұрекеевке берілді. «Бала жүрегі» номинациясын Шу қаласынан келген №40 ОМ оқушысы Мирас Мейрамхан жеңіп алды.
Жоғарыда аталған жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы статуетка, диплом және сыйлықтармен марапатталды.
– Қайырымдылықты біреуден марапат, сыйлық талап ету үшін емес, әр адам өзінің жандүниесінің тазалығымен, шын пейілімен жасауы керек. Біз өзімізден кейінгі буынға жол көрсетіп, олардың есінде өзіміз жасаған жақсылықтарымызбен қалсақ, онда ол біздің ар алдындағы жауапкершілігіміздің кішкентай бөлшегін болса да орындағанымыз деп білемін, – дейді Анар Бексұлтанова.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала