Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жолдың сапалы болуы – жолаушыларға байланысты

Жолдың сапалы болуы – жолаушыларға байланысты
ашық дереккөз
Жолдың сапалы болуы – жолаушыларға байланысты
Мемлекет тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлініп отырған маңызды әлеуметтік саланың бірі – жол саласы. Сондықтан да, бұл салаға әр жыл сайын мол қаражат бөлініп келеді. Алайда, сол қыруар қаржы тиімді жұмсалып жатыр ма? Салынып жатқан жолдардың сапасы қандай? Мұны жақсартудың жолы қайсы? Жасыратыны жоқ, көптеген жолдардың тез тозуының бірден-бір себебі – ауыр жүк көліктерінің жиі қатынауы. Ауыр көліктер шекті шамадан артық салмақта жүк тасымалдағандықтан, асфальт жолдардың бүлінуі белең алуда. Бұл пікірмен жол саласына жауапты мамандар да сөзсіз келісері анық. Жолшылар мұндай заңсыздықтың жолын кесу үшін өкілетті органдармен бірлесіп рейдтік шараларды да қолға алған. Жамбыл облысының аумағында Мойынқұм мен Қордай аудандарында және Тараз қаласының маңында 3 жылжымалы көліктік бақылау бекеті жұмыс істейді. Атап өтерлігі, бұл жолдарда ауыр жүк көлігінің қозғалысын бақылау мүмкін емес. Мұнда тасымалдаушылармен және самосвалдарға иелік ететін компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардан көлік құралының рұқсат етілген салмағынан аспауға қол жеткізу қажет. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Ал, олай болмаған күнде салмақтық көрсеткіштерден асып кеткені үшін уәкілетті органдар салатын айыппұлды арқалайтындардың саны азаймақ емес. - Автожолдарды ауыр салмақты көлік құралдарымен сақтау және олардың жойылуын болдырмау мақсатында республика бойынша көлік құралдарының жолға берілетін осьтік жүктемесі 10 тоннадан аспауға тиіс. Алайда, бүгінгі таңда осьтік жүктемелерден екі-үш есе асатын ауыр жүк көліктерімен жүктерді тасымалдау фактілері жалғасуда. Бұл автожолдардың жай-күйіне теріс әсер етіп, жол жамылғысының мерзімінен бұрын бұзылуына әкеледі. Бұдан бөлек, қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және қымбат жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін туғызады, - дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының инженері Тойшыбай Аляхметов. Айта кетейік, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында жамбылдық жолшылар 97 нысанға 250 іссапар жасаған. Оның ішінде, 566 дана жол-құрылыс материалдарының 59-ы (11 пайыз) талапқа сәйкес келмейтіні анықталған. Бұдан бөлек, республикалық жолдардағы 30 нысаннан 206 дана үлгі алынып, нәтижесінде 5 данасы жарамсыз деп табылған. Ал, жергілікті автомобиль жолдардағы (облыстық және аудандық маңызы бар) 54 дана үлгіден кінәрат анықталған. Жалпы, бұл күндері бас-аяғы 133 ақау анықталғаны белгілі болды. Барлық анықталған ақаулар бойынша тапсырыс беруші мен мердігер ұйымына тиісті хаттар жолданған. Қорыта айтқанда, жолшылар өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып келеді. Ал, одан нәтиже шығару жолаушыларға тікелей байланысты. Әсіресе, ауыр жүк көліктерін тізгіндегендер жанашырлық танытқаны абзалырақ болар еді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар