Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Толайым табыс толассыз термен келеді

Толайым табыс толассыз термен келеді
ашық дереккөз
Толайым табыс толассыз термен келеді
Тұрар Рысқұлов атындағы саябақ – Тараз қаласындағы ең көрікті демалыс орындарының бірі. Саябақтың тарихы 100 жылдан асып жығылады. Төрт көшенің қиылысында орналасқан саябақ туралы 1900 жылы «Үлкен Ресей энциклопедиясында»: «Әулиеатада әскери элита өкілдері үшін арнайы бақ ашылды» деп жазылған екен. 1948 жылы бақ мәдениет және демалыс саябағы болып қайта ашылады. Саябақ соғыстың соңғы жылдары көркейіп, дами бастаған. 1990 жылдардың соңынан бастап саябаққа белгілі кәсіпкер Асан Қошмамбетов иелік етіп келеді. 1997 жылы қалалық саябаққа Тұрар Рысқұловтың есімі берілді. – Біз алған кезде саябақта тал-дарақ өте аз еді. Шым тіпті жоқ болатын. Саябақты алған күннен бастап көріктендіруге тырыстық. Отбасымызбен бірге саябақ аумағына түрлі гүлдер, ағаш көшеттерін отырғызып, күтіп-баптадық, – дейді «Қошмамбетов және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асан Қошмамбетов. Алғашында саябақта небәрі 5-ақ аттракцион болған екен. Саябақтағы 1948 жылы тұрғызылған «Алтын әтеш» әткеншегі ерлі-зайыпты кәсіпкерлер үшін өте құнды жәдігер. Сондай-ақ қаланың байырғы тұрғындары үшін де бұл аттракцион өте ыстық. Олар балалық шақтарын еске алып, мұнда жиі келіп тұрады. Ал әткеншектерді Асан Әнуарұлы өз қолымен жасаған. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықтың арқасында кәсіпкер 2011 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 26 миллион теңге несие алыпты. Сөйтіп, 700 орындық жазғы театр ашқан. 2014 жылы тағы да «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 31 миллион теңге несие алып, жаңа аттракциондар сатып алыпты. – 2002 жылы «Қошмамбетов және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне директор болып келе салысымен жұмысты қарамағымдағы қызметкерлердің жағдайын жасаудан бастадым. Сөйтіп, олардың бәрін жинап алып: «Қолымыздан келгенше сіздерге көмектесіп жатырмыз, алдағы уақытта да солай бола береді. Енді бірлесе саябақты дамытуға күш жұмсайық», дедім. Сонымен не керек, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілікте жұмысты бастап кеттік. Балаларды қызықтыратындай етіп жан-жақтан көрген аттракциондарды өзіміз құрастыра бастадық. Автопойыз да, «Тұлпар» аттракционы да қызметкерлеріміздің қолынан шыққан дүние. Осылайша қызметкерлердің өздеріне деген сенімділігі артып, кейін түрлі идеялар тастап отыратын болады, – деген Айдина Нұрлыбекқызы саябақта бүгінде 30 шақты жаңа аттракцион бар екенін айтты. Екі аттракцион ғана Қытайдан әкелінген. Қалғандарының бәрі Ресейден жеткізілген. Айдина Нұрлыбекқызының айтуынша, саябақта күз-қыс айларында 30, ал жаз айларында 70 адам жұмыс істейді екен. Еңбекақылары 100 мың теңгеден асады. Жұмысшылар қыстыгүні де қарап отырмайды. Орындықтарды сырлап, әктеп, әткеншектерді қайта құрастырады. Байқағанымыз, әр аттракционға екі тілде ережелер жазылған. Айта кетерлігі, мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға жеңілдіктер жасалған. – Пандемияның алдында «Кит» атты батут алған болатынбыз. Артынша карантин уақыты басталып кетіп, сыртқа шығуға болмайтын кезеңдер басталды. Сол кезде 4-5 ай кәсібіміз тоқтап, кәдімгідей шығынға баттық. Сонда да қызметкерлердің айлығын тоқтатпадық. Әрқайсысының несиесі, бала-шағасы бар дегендей. Шүкір, биыл халықтың қарасы көп. 2022 жылы дрифт картинг аштық. Биыл спорт картинг ашсақ па деп отырмыз. Сондай-ақ жабық балалар ойын-сауық орталығын ашу да жоспарымызда бар. Бірақ бәрі қаржы мәселесіне тіреліп тұр. Бір айта кетерлігі, тұрғындардың иігілігі үшін мүмкіндігіміздің жеткенінше саябақты көркейтіп, абаттандырып жатырмыз. Фотозоналар, әртүрлі пішіндегі фигураларды қолдан жасап, саябаққа қойып қойдық. Тек сұранатымыз, келген қонақтар еңбекпен, маңдай термен жасаған дүниені сындырмаса екен. «Газонды басуға болмайды, гүлдерді жұлуға рұқсат жоқ» деп тайға таңба басқандай етіп жазып қойсақ та кейбір балалар, үлкендер де бүтін дүниені бүлдіреді, – дейді Асан Қошмамбетов. Отау құрғандарына 36 жыл болған ерлі-зайыпты кәсіпкерлер үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.Үйде де, қызметте де бірге. Әрбір істі ерімен ақылдасып шешетін Айдина Нұрлыбекқызы енесімен бірге тұрған жылдарын сағынатынын айтты. – Қарт адам үйдің берекесі ғой. Отбасылық өмірімнің 27 жылын енемнің тәлім-тәрбиесін алумен өткізіппін. Бір-бірімізге көреген ене, ибалы келін бола білдік. Арамызда көзге көрінбейтін жарасымды сыйластық болды. Апам өмірден өткенше бізді жақсылыққа қарай тәрбиелеп өтті. Ол кісі мен келін болып түскеннен-ақ «Сен елге белгілі атаның үйіне келін болып түсіп отырсың» деп білгенін үйрете берді, – дейді. Табысты жолдары махаббатпен өрілген ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің алға қойған жоспарларының орындалып, кәсіптерінің көкжиегі кеңейе беруіне тілектеспіз. Эльмира БАЙНАЗАРОВА  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Сертке берік сақшылар
Алдыңғы мақала
Сертке берік сақшылар

Ұқсас жаңалықтар