Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДАРЫНДЫ ӨРЕНДЕРДІҢ ДАҢҚЫ БИІК

ДАРЫНДЫ ӨРЕНДЕРДІҢ ДАҢҚЫ БИІК
ашық дереккөз
ДАРЫНДЫ ӨРЕНДЕРДІҢ ДАҢҚЫ БИІК
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңімпаз болған дарынды оқушылармен кездесті. Алдымен өңір басшысы фойеде халықаралық, республикалық ғылыми жоба жеңімпаздарының көрмесімен танысып, шебер балалардың әрқайсысының пікірін тыңдап, жақсы бағасын берді. Көрмеге оқушылардың өздерінің және жетекшілерімен бірге әзірлеген түрлі жобалары қойылды. Жиын барысында кездесуге келген көпшілік назарына дарынды оқушылардың жетістіктері туралы дайындалған бейнематериал назарға ұсынылды. Мұнан соң Нұржан Молдиярұлы жастармен еркін форматта әңгіме-дүкен құрып, білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен жоспарларымен бөлісті. – Сіздер оқушылар арасында түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда облыстың мерейін асырып жүрсіздер. Бұл жеңіс – сіздердің терең білімдеріңіз бен ізденістеріңіздің жемісі! Осы жетістіктеріңіз үлкен өмірдегі табыстарыңыздың бастауы деп білемін. Біз сіздермен мақтанамыз! Елімізде, оның ішінде біздің облыста да оқушылардың сапалы білім алуына баса мән беріліп, дарынды оқушыларға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Еліміздің барлық өңірі секілді облысымызда да қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған жаңа үлгідегі мектептер салынуда. Соған сәйкес жыл өткен сайын білімді жастардың қатары көбеюде, – дей келе, облыс әкімі бірқатар жетістіктерге тоқталды. Мәселен, республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жоба жарысында облыс командасы 14-жыл қатарынан жүлделі І орынды иеленсе, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» болып танылып, жүлделі І орынды жеңіп алған. 4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығын айқындайтын PIRLS халықаралық зерттеуінің нәтижесіне сәйкес облыс оқушылары республика бойынша ІІ орынды иеленді. Мектеп бітіруші түлектердің жыл сайын жоғары оқу орындарында білім алуы үшін жергілікті бюджеттен мемлекеттік білім беру грантына қаржы бөлінуде. Мәселен, биыл 10 педагогикалық, 15 су шаруашылығы, 25 химия, 5 мәдениет саласындағы мамандықтарға барлығы 55 орын берілді. Сондай-ақ осы жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында үшжақты меморандум жасалды. Осы құжат шеңберінде өңірімізге қажетті инженерлік химия мамандарын даярлау үшін биыл жоғарыда атап өткен 25 білім беру гранты бөлінуде. Бұл мамандық бойынша бітірген түлектер болашақта қос университеттің де дипломдарын алып, өндірісте қызмет ете алады. Кездесу барысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов дарынды жастарға ризашылығын білдіріп, сертификат (100 000 теңге) сыйлады. Ал жеңімпаз оқушыларды дайындаған 15 мұғалім құрмет грамоталарымен марапатталды. Жүздесуде дарынды оқушылар облыс басшысына мамандық таңдау, жетістікке жету үшін қандай кітаптар оқуға болады деген секілді кеңес сұрап, «Қолыңыз бос кезде немен айналысасыз?», «Жетістікке жету – өз қолыңда» деген сөзді қалай түсінесіз?», «Сіздің ойыңызша, көшбасшы болу үшін адамда қандай қасиеттер болу керек?» деген сынды сауалдарын жолдады. Нұржан Молдиярұлы болашақта мамандық таңдау барысында ата-аналарының ақылына жүгінуге шақырып, еліміздің болашағы білімді де дарынды оқушылардың қолында екенін атап өтті. Сонымен бірге облыс әкімі мектепте оқыған кезіндегі естеліктерімен бөлісті. Жиын қорытындысында Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Шарел Марғұлан өзінің орамды ойын ортаға салып, жан-жақты қолдауы үшін облыс басшылығы мен ұстаздар қауымына ризашылығын жеткізді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар