«ҰСТАЗ МЕКТЕПТЕ ҒАНА ҰСТАЗ БОЛМАУЫ КЕРЕК»
Кеше ғана Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», деген болатын.
Әрине, ұрпақ тәрбиесі қай кезде де өзекті. Ал тәрбиенің негізін қалауда отбасы мен мектептің рөлі айрықша мәнге ие. Өткен ғасырдың басында Ыбырай Алтынсарин «Кел, балалар оқылық» деп қазақ балаларының санасына сәуле құйып, өзінің ұлт алдындағы арын ұстаздық жолын ұстану арқылы таза ұстаған болса, бүгінгі күні де осы жолда жүрген жандар аз емес. Соның бірі – қазіргі таңда зейнетке шыққан, өз саласының маманына айналған небір шәкірттерді тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз Шарбан Желдібаева. Білікті педагог болған кезекті сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Шарбан Егембердіқызы, әр адамның тұлға болып қалыптасуына әсерін тигізетін жан-жағындағы адамдар десек, еш қателеспейміз. Сұхбатымызды балалық шағыңыздан, өмірден өз орныңызды табуға ықпал еткен адамдар жайлы естеліктеріңізден бастасақ...
– Талас ауданының Бөлтірік шешен ауылында қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келдім. Өмірге келуім, атымның Шәрипа немесе Шәрбану емес, Шарбан болғаны турасында да қызықты әңгімелер жетерлік.
Әкем соғыста жүргенде оң қолына оқ тиіп жарақат алып, әскери госпитальда емделеді. Сол кезде Шарбан есімді мейірбан медбике әкеме жақсы қараған екен. Осылайша әкем соғыстан аман-есен қайтса, балаларының бірінің атын Шарбан деп қоюды ұйғарады. Қарап тұрсаңыз, қарапайым ғана дүние секілді болып көрінеді. Алайда есімімнің астарында әкемнің қаншама ыстық махаббаты, қаншама ыстық мейірімі, болашақта сол өзіне қараған медбике сияқты іскер, жақсы адам болсын деген арманы жатыр десеңізші?!
Әкем мені мойнына көтеріп, алақанында аялап өсірді. Асқар тауым алыс сапардан үйге келе жатқанда алдынан жүгіріп шығатынмын. Сол кездегі әкемнің «Құлыным» деп маңдайымнан сүйіп, құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алатыны әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Мейірімді жүзімен еркелеткен бейнесі балалық шағымның ақ айнасы іспетті болып көз алдымнан кетпей тұрады.
Мейірімді де қайсар әкенің арқасында балалық шағым өте бір көңілді, ән мен жырдың ортасында өтті. Кейін мектептегі ұстаздарым да еркелетіп, төбесіне көтерді. Нәтижесінде білімге деген құштарлығым бір сәтке суыған емес. Өйткені біз ауылда тұрсақ та әкеміз бізді ауылдың балаларындай етіп тәрбиелеген жоқ. Бізді малға және қара жұмысқа салмады. Керісінше білім алуға, сауатты болуға ынталандырды және әдемі жүруге, әдепті сөйлеуге үйретті.
– Дейтұрғанмен сіздердің балалық шақтарыңыз соғыстан кейінгі қиын жылдармен тұспа-тұс келді ғой. Мұның сіздердің балғын балалық шақтарыңызға тигізген әсері аз болмаған шығар?!
– Соғыс – кім-кімге болсын қасірет алып келетін апат. Өзіміз зардабын көрмегенімізбен сол кездегі халық азабын көп көрді. Біз дүниеге келгенде ел енді-енді ес жинап жатқан болатын. Әкеміз соғыстың зардабын бір кісідей көрген. Алайда соғыстан кейін бізге жоқшылық пен ашаршылықтың тауқыметін көрсеткен жоқ. Қайта бізді барынша білім алуға итермеледі. Тазалық пен адалдықты тәрбиемен бойымызға сіңірген әкеміз бір үйдегі жеті баласын да жоғары оқу орнына түсіріп, мүмкіндігі жеткенше оқытты. Әкеміздің жанкешті тәрбиесінің арқасында біз де үмітін ақтамай қалудан қорқып, қолымыздан келгенше алған білімімізді ісімізбен көрсетуге, содан бір нәтиже шығаруға тырысып өстік.
– Демек, сіздің әнші немесе күйші болмай педагог болуыңызға отбасыңыздың тікелей әсері болды ма? Жоқ әлде әкеңіз тарапынан қалайда мұғалім боласың деген талап қойылды ма?
– Тікелей талап қойылған жоқ. Бірақ біздің білімді, санасында сәулесі бар адам болғанымызды қалады. Мен мықты әдебиетші, журналист, тіпті әнші, биші де бола алар едім. Өйткені мектептегі алғашқы ұстаздарымның бірі Алтай Тамабек ағай сөз өнеріне байланысты көп тәрбиеледі. Бірақ өсе келе, мұғалім жеңгеме қарап бой түзей бастадым. Жеңгемізбен өте жақын араласып, еліктеп өстім. Сөйтіп, киелі мамандықты таңдадым.
Ешқашан ұстаз болғаныма өкінбеймін. Мектепте анатомия пәнінен сабақ беретінмін. Шәкірттерімнің арасында Әсел есімді қыз болды. Оқушымның анатомия пәніне қызығушылығы өте жоғары еді. Әсел болашақта дәрігер болғысы келетінін айтса, қасындағы басқа сыныптастары «Сен басқа сабақтарды жақсы оқымайсың, қалай дәрігер боласың?» деп кекететін. Сонымен, Әселдің кеудесіндегі бір арманның алтын кенін байқаған соң ашуға талпынып, бірге жұмыс істей бастадым. Бағыт бердім. Арада жылдар өтіп, бір күні қаладағы емханалардың бірінде жүрсем, артымнан біреу құшақтап алды. Қарасам, баяғы Әселім екен. Кардиолог дәрігер болыпты. Оқушымның арманына жеткен бақытты сәтін көргенде өзімді шексіз бақытты санадым.
Көзі қыли тағы бір оқушым болды. Ылғи балалардың барлығы тақтаға шығып сабақ айтып жатқанда бұйығып, басын төмен салып отыратын. Сөйтіп, ұзақ уақыт бақылап жүрдім. Бір күні жеке шақырып алып, сырластым. Сөйтсем, көзінің қылилығын кемістік санап, қасындағы балалардан қысылып, сабақ айтудан, көпшіліктің алдына шығып сөйлеуден именеді екен. Ішкі сырын тыңдағаннан кейін бұл оқушыммен де жеке жұмыс істеуге бел будым. Бір күні анатомия пәнінде көздің құрылысы туралы сабақ өттік. Көзі қыли оқушым үшін екі сағаттық сабақты әдейі төрт сағатқа создым. Сонда оның өзін де тақтаға шығардым. Сөйтіп, әлгі оқушым ашыла бастады. Кейін сол қызды бойжеткен шағында көрдім. Көзіне ота жасатыпты.
Бұдан шығатын қорытынды – әр адам өз мамандығының майталманы болу керек. Ұстаз оқушыға ешқашан да жалаң білім бермеу керек. Оқушыны тәрбиелей алуы қажет. Үлгерімі төмен оқушы сабағының нашар болғанынан зардап шекпеуі тиіс. Ал ұстаз алдындағы үлгерімі төмен оқушының басқа қырларын ашып, бойындағы мүмкіндіктерін барынша жарыққа шығара білуі тиіс. Яғни әр оқушының жандүниесіне үңіле білген ұстаз ғана нағыз мұғалім бола алады.
– Ал қазіргі жас мұғалімдерге не жетіспейді?
– Қазіргі жас мамандар көбінде іс жүзінде емес, дайын жазылған материалдар негізінде жұмыс істейді. Ал оның тәжірибеде қалай жүзеге асатынымен санаспайды. Балалардың ішкі жандүниесіне үңіле білмейді. Бір бала өзіне оғаш қылық көрсетсе, мен қай жерден қателестім деп ойламайды. Әрі мұғалім тек сабақ өту керек деп түсінеді. Мәселе балаларға бірге бірді қостырып немесе көбейту кестесін үйретіп, тапсырманы уақытылы орындатуда тұрған жоқ. Мәселе сол оқушыңыздың болашағына қалай дұрыс жол нұсқауда. Сондықтан жас мамандар оқушысын барынша түсінуге, оған біліммен қоса, тәрбие де беруге тырысуы керек.
– Қазір педагогтар өз мәртебесін лайықты дәрежеде көтере алып жүр ме? Олар мектепте ғана емес, қоғамда өздерін қалай ұстауы керек деп ойлайсыз?
– Иә, ұстаз мектепте ғана ұстаз болмауы керек. Оның өмірлік ұстанған жолының өзі ұстаздыққа лайықты болу керек. Мысалы, қазіргі ұстаздар сабағынан басқа уақытта, мектептен тыс жерде екі бала бірін-бірі жаман сөздермен балағаттап жатса, көре тұра қой демей өте шығады. Оны өзінің міндеті емес деп ойлайды. Ал нағыз ұстаз оқушылардың оғаш қылығын қай жерде көрсе де шектеу қойып, тәрбие беруі тиіс. Бұрынғы мұғалімдердің де білімі қазіргі мұғалімдерден артық болған жоқ. Олардың бар артықшылығы оқушысына адами тұрғыда сәуле бере алғандығында деп ойлаймын.
Сонымен қатар ұстаз да, оқушы да, тіпті қоғамдағы барлық адамдар кітап оқу арқылы өзін тәрбиелейді. Өйткені бір кітап кейде он мұғалім бере алмайтын білімді беруі мүмкін. Сондықтан ұстаз да, оқушы да кітап оқудан алшақтап қалмауы керек. Бір сөзбен айтқанда, адам қаншалықты нан жесе, соншалықты кітап оқығаны жөн.
– Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт ретінде неден кенже қалып жатырмыз деп ойлайсыз?
– Тек бір ғана емес, жан-жақты сала бойынша кенже қалып жатқан тұстарымыз аз емес. Бұрын қазақтардың отбасында дастарқан басында жиналып, әңгіме айтып, ән салып отыратын қалыптасқан бір жақсы әдет бар еді. Қазақ ешқашан дастарқан басында отырып алып жоқшылықты айтып немесе елдің кемшін тұстарын сайқымазақ қылып отырмаған. Қайта өнегелі істердің иелерін айтып, балаларына ән салдырып, жыр айтқызып, өнер туралы орта қалыптастырып, сол арқылы балаларын тәрбиелеп отырған. Оны көрген бала тәрбиелі, ибалы, бауырмал болып өсетін. Біз қазір сол мәдениетімізден, отбасылық бірлігіміздің ұйытқысынан айырылып қалдық. Бір отбасында, бір дастарқан басында отырып, бір-бірімізбен әңгіме айтып, сырласа алмаймыз.
– Сіз кешегі ұлтымыздың тізгінін ұстаған, қазақтың қаймағы болған арыстардың артындағы ізін көрген, тіпті қызын көрген тұлғасыз. Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің және Сәкен Сейфуллиннің қыздарымен кездескен екенсіз. Сол бір жылдарды еске түсіріңізші. Нақты кімдермен кездесіп едіңіз?
– Еңбек жолымды бастаған жылдары Қаратау қаласындағы Гагарин атындағы орыс-қазақ мектебіне барып, жұмысқа орналастым. Тура сол кезде аталған білім ошағын толық қазақыландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сөйтіп, мектебімізге Сәкен Сейфуллиннің аты берілді. Маған директор тарапынан Сәкен Сейфуллинге байланысты деректер жинастыру тапсырылды. Қыркүйек айынан бастап іске бел шеше кірісіп, сәуір айына дейін бірталай тың деректер жинап үлгердік. Ырымжан Мәжитқызы Сейфуллина есімді Сәкеннің інісінің қызын іздеп таптық. Негізі Сәкеннің өзінде қыз болмаған. Ырымжанды асырап алған. Сөйтіп, Ырымжан апамызға мамыр айында келіп, мектебіміздің лентасын қиып беріңіз деп ұсыныс тастадық. Алғаш таныстығымыз осылай басталды.
Дәл сол жылы Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығы аталып өтетін болды. Мерейтойға қатысуға біз Тараздан Алматыға жолға шықтық. Директор екеумізді Ырымжан апамыздың күйеуі Қарпық ағай вокзалдан күтіп алды. Біз сол кезде екі күн Ырымжан апаның үйінде болдық. Кейін біз пойызға мініп, Қарағандыға жолға шықтық. Пойызда Ырымжан апай мені Бейімбет Майлинның қызы Гүлсіммен және Ілияс Жансүгіровтің қызы Үмітпен таныстырды. Мінеки, «Үш бәйтеректің» қыздарымен осылай табысып, танысқан болатынмын. Бейімбетттің қызы Гүлсім апайымыздың бір ерекшелігі сол, әкесінің атын пайдаланбайтын адам екен. Ол кісі Алматыдағы бір емханада ұзақ жылдар бойы дәрігер болып істеген. Сол кезде ол кісі зейнетке шыққанша ешкім де ол кісінің Бейімбет Майлинның қызы екенін білмеген. Зейнет демалысына кетіп бара жатқан күні Бейімбет Майлинның қызы екенін айтып, әріптестерін таңғалдырған екен. Тектінің тұқымы да текті ғой.
Сөйтіп, біз Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығында сырлас достай бірге жүрдік. Сол тойдың аясында Жаңаарқада ескерткіші мен мәдени ошақтар ашылды. Жезқазғанда Сәкеннің құрметіне орай мүшәйра өтті. Бас жүлдесіне бір кілем берілді. Оны Кәкімбек Салықов жеңіп алып, Қаратау қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы біздің мектепке ұсынды. Міне, осылайша мен арыстарымыздың жалғастарымен дәмдес-тұздас болып, Сәкеннің тойынан өте олжалы болып қайтқаным бар.
– Біз енді сол Сәкендердің ұрпақтарын дұрыс бағалай алдық па? Алаш арыстарын өз деңгейінде, яғни лайықты түрде дәріптей алып жүрміз бе?
– Жоқ, лайықты бағасын бере алмай келеміз. Сол дәуірдегі шындықтың да бетін аша алмадық. Алайда қайраткерлеріміздің ұлт үшін жасаған істері орасан екені анық. Сондықтан алда жастар арыстарымыздың шығармашылығымен жақсы таныс болып, ұлтына адал қызмет ете алса, біздің болашағымыз тіпті де шуақты болар еді. Алаш арыстарын дәріптеу, шығармасын оқыту – қазақтың жастарына ұлтты сүюді үйретумен тең. Олар қашанда біздің мемлекетшілдігіміздің айнасы болып тұруы тиіс. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Өткенде ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұйырса, нәтижесінде 70 жылдан аса уақыт жабық күйінде ұстап келген қаншама адамның тағдыры ашылады. Оларды ақтау, біріншіден, біздің ұлт алдындағы борышымыз, екіншіден, келешек ұрпақ алдындағы міндетіміз. Сол жылдарға тиесілі құжаттарды ашу – сол кезеңдегі саяси кезеңдерде болған оқиғалармен табысу болмақ. Ол кейінгі ұрпақтар үшін біліп жүруге тиісті ұлт басындағы қасірет ретінде таңбалануы тиіс. Міне, сол 1937 жылдың жазынан 1938 жылдың күзіне дейін бір жылдың ішінде репрессияға ұшыраған 120 мың адамның тағдыры бізді ойландыруы керек. Бүгінгі жастар тарихты терең түсіну арқылы тәуелсіздіктің қадір-қасиетін білуі керек.
– Сөзіңізге қарап отырсам, сіздің әлі де көрсем деген, білсем деген дүниеңіз көп сияқты. Сіздің ендігі арманыңыз туралы білгім келеді.
– Арман адамның өлтірмейтін үміті. Арманым – елімнің тыныштығы мен бейбітшілігі ұзақ болса екен. Ұрпағымыз енді жоқшылық пен таршылық көрмей өтсе екен деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала