Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ОРТАҚ ПАРЫЗ

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ОРТАҚ ПАРЫЗ
ашық дереккөз
ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ОРТАҚ ПАРЫЗ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қоршаған ортаны қорғау – мемлекет үшін маңызды мәселе екеніне баса тоқталды. Аталған маңызды құжаттың «Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау» атты тарауында бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы нақ осы мәселемен айналысып жатқанын, қазақ еліне де аталған үрдістен шет қалуға болмайтынын атап өтті.

«Birge – taza Qazaqstan»

Қасым-Жомарт Кемелұлы қордаланған осы салаға қатысты бірқатар проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленгенін айта келе, Парламентке 2020 жылдың аяғына дейін аталған маңызды құжатты қарап, қабылдауды ұсынған-ды. Президент аталған Жолдауда: «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Елорданың айналасындағы жасыл желектің ауқымын ұлғайту мәселесі өте маңызды. Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн. Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз. Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын. Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес», деп, елдегі экологиялық мәселенің өзектілігіне тоқталған.

Тазалық – иманның жартысы

Сондай-ақ Мемлекет басшысы аталған Жолдауында экологиялық құндылықтарды сақтап, табиғат байлықтарын заңды және нормативтік тұрғыдан қорғауға үндеді. Расында да қоршаған ортаны қорғау, оны аялау – ортақ парыз. Экологияның бұзылып, ауаның ластануына басты себепші өзіміз екенін естен шығармайық. Адам баласының дені сау, салауатты өмір сүруіне кепіл алдымен тазалық екенін білеміз. Қарбалас қала тіршілігінде кең тыныс алып, таза ауамен демалуға мүмкіншілік аз. Неге десең, қаптаған көлік пен түтіні аспанды тұмшалаған өндіріс орындарының көмірқышқыл газынан көз ашпайтын табиғат бізге тиісті деңгейдегі оттегіні беруге әлсіз. Сол себептен айналамызға тал-дарақ егу, өмір сүрген ортамызды көгалдандырудың маңызы айрықша. Өз өңірімізде жалпы экологияға қатысы бар шаруаның барлығы ретімен шешіліп, жоспарлы жұмыстар сәтімен жүзеге асып жатыр деуге болады. Көктем-күз айларында тал егу, абаттандыру, көгеріштендіру жұмыстары дәстүрлі түрде жүргізіліп жатыр. Аталмыш шаруалар облыс бойынша ауқымды түрде іске асып жатқандығы бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Десе де қоршаған ортаны қорғауда, айналаны күл-қоқыстан арылтуда, табиғатты зиянды заттардан, тұрмыстық және өндірістік қалдықтардан сақтауға, яғни тазалығымызға қала тұрғындары қай деңгейде атсалысып жатыр? Ең болмағанда өзі жүріп-тұратын аумақты таза ұстауға мән беріп жүр ме? Өйткені жаз айларында әртүрлі демалыс орындарын жағалайтын көпшіліктің ішінде кейбірі сол жердің тазалық талаптарын сақтай бермейтіні анық. Табиғат аясына шықса да демалған орнын жиыстырып, жылан жалағандай етіп кетуді екінің бірі қаперге ала бермейтіні шындық. Айналамызды таза ұстау жалпыға ортақ болған соң бұл тәртіп жеке адамдардан басталады.

Экологиялық ахуалға атүсті қарамау керек

Экологияның ластануына атүсті қарамауымыз керек. Оның соңы экологиялық апатқа алып келуі мүмкін. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, өңірде Қазақстан Республикасының «Жасыл» экономикаға көшуі және тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілген екен. Оның облыс аумағында орындалуы барысында олқылыққа жол беруге болмайды. Өйткені аймақтағы экологиялық ахуал осы жоспарлы жұмыстың нәтижесімен өлшенеді. Мәселен, ағынды суларды тазартуға қатысты облыста бірқатар жоба іске асырылып жатса, оның ішінде Тараз қаласында тұратын 362,9 мың адамның бүгінде су бұру жүйелерімен 290,4 мыңы қамтамасыз етіліпті. Дегенмен қалада сарқынды суларды тазарту құрылыстарының жоқтығы әмбеге аян. Таразда сарқынды суларды сүзу алқаптары 1962 жылы салынған және бүгінде қанағаттанарлықсыз жағдайда. Сүзу алаңдарының жобалық қуаты тәулігіне 43 100 текше метрді құрайды, іс жүзінде тәулігіне шамамен 65 000 текше метр сарқынды су келіп түсуде. Апатты жағдайларды болдырмау мақсатында қосымша алқаптар қазуға 20 гектар жер телімі бөлініпті. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Кәріз-тазарту құрылысын қаржыландыру бойынша бірыңғай тәсілді қалыптастыру мақсатында ҚР Үкіметі қаржыландыру тетіктерін, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тартуды пысықтауда. Бүгінгі таңда Астана қаласында КТҚ құрылыстарын салуда тәжірибесі бар, осы жобаны іске асыру бағытынан озық тұрған «Alarko», «Metito» компаниялары инвесторларының ұсыныстары қарастырылып жатыр екен. Қазіргі уақытта әкімдік қаладағы кәріз-тазарту құрылыстарын жобалау, салу және қаржыландыру мәселелерін пысықтау үшін жұмыс тобы құрылып, техникалық-экономикалық негіздеменің техникалық тапсырмасы әзірленіп, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамымен келісілген.

Үнемдеген ұтады

Суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары 2021 жылы 40,5 мың гектарға ендірілсе, былтыр 50 мың гектар алқапқа жеткізіліпті. Сонымен қатар бассейндік деңгейде су ресурстарының тапшылығын төмендету, бассейндер бойынша тапшылықты өтеу және гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірде жыл сайын туындайтын су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа 6 суқойманың құрылысын жүргізу көзделген екен. Ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Меркі ауданындағы «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» суқоймаларын салуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 1,812 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Ал «Ырғайты», «Қалғұты», және «Ақмола» суқоймаларының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге республикалық бюджеттен 276 миллион теңге қарастырылып, құжаттар әзірленіп жатыр. Әрбір бассейн бойынша су тапшылығын болдырмау жөніндегі шараларына тоқталсақ, жерасты суларын ұтымды пайдалану жұмыстары жүйелі іске асырылып келеді. 2020 жылы облыс бойынша жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының хаттамасымен жерасты су қорларын пайдалану мерзімі 27 жылға бекітіліпті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жылыту жүйесі саласында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, өндірістік қуаттарды жаңғырту жөніндегі шараларды жүзеге асыру да маңызды. Осы ретте облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы табиғат қорғау бағдарламаларын және табиғат пайдалануды реттеу, экологиялық сараптама бөлімінің басшысы Серік Ағабекпен тілдестік. Оның айтуынша, облыс бойынша 348,2 шақырым жылу желілері бар, тозу деңгейі 48,5 пайыз немесе 168,8 шақырымды құрайды. 9,1 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланыпты. Осы арқылы жылу желілерінің тозу деңгейін 56,5 пайызға дейін төмендету көзделген. – Бұдан бөлек Тараз қаласындағы негізгі М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасы аяқталып қалды. Бұл бағытта сараптаманың оң қорытындысы алынып, ағымдағы жылы қаржыландыру 7,7 миллиард теңге қарастырылған жағдайда 6,7 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылады. Нәтижесінде жыл соңында тозу деңгейі 45 пайызға дейін төмендейді. Сонымен қатар облыс бойынша газдандырылған елді мекендердегі 156 әлеуметтік нысанның жылыту қазандықтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстары жоспарланған. 2021 жылы жалпы 39 білім, мәдениет саласы нысандарының жылыту қазандықтары табиғи газға ауыстырылды. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 288,6 миллион теңгеге 9 жоба іске асырылды. Қалған 39 жоба жергілікті бюджет және демеушілер есебінен іске асырылды. Оның жалпы сомасы – 76,6 миллион теңгені құрады. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қазандықтарды газға ауыстыру бойынша 8 жоба іске асырылуда, жалпы сомасы – 599 миллион теңге. Республикалық бюджеттен 135,6 миллион теңге қаражат бөлініп, 2 жоба Байзақ ауданында іске асса, Шу ауданында 463,4 миллион теңгеге 6 жоба қолға алынды. Ал Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының орталық қазандығын газға ауыстыру мен қайта жаңғырту жобасына 2021 жылы жобалаушы «Сантех-Строй Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жобаның сметалық болжамды құны 2,2 миллиард теңгені құрады. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр. Аталған жұмыстардың нәтижесі қоршаған ортаға кері әсерді барынша азайтуға бағытталған, – дейді ол. Сондай-ақ аталған маман көлік секторында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға да тоқталды. Электр стансаларында жаңа қазандықтарды орнатуды және қолданыстағыларды жаңғыртуды жүзеге асыру жайын да тілге тиек етті. Тараз қаласында «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл МАЭС» акционерлік қоғамының бақылау бекеттерінде санитарлық-қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сапасына автоматты мониторинг жүйесі енгізіліпті. Жыл сайын қазандықтардың жылыту беттерін тазалау, жуу жүргізіледі екен. Көлемі мен бағасы бойынша қолжетімді болған жағдайда газдандырылған облыстардың барлық ірі қалаларында жылыту энергия орталықтары көмірден газға көшіріледі деп отыр аталған басқарма мамандары. Негізінде Тараз, Шу, Қаратау қалаларының қазандықтары табиғи газбен, Жаңатас қаласының қазандығы сұйық отынмен (мазут) жұмыс істейді. Соның арқасында қазандықтарда күл үйінділері пайда болмайды екен.

Қалдықтарды қашан кәдеге жаратамыз?

Өңірдің қоршаған ортаны қорғау сапасының нысаналы көрсеткіштері 2019 жылғы 19 наурыздағы облыстық мәслихаттың №32-7 шешімімен бекітіліпті. Сондай-ақ облыс әкімінің 2019 жылғы 24 мамырдағы №133-ө өкімімен Жамбыл облысының 2019-2020 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген екен. Биыл «Аspan tau» ЖШС қоршаған ортаны қорғау сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеуде. Бұдан әрі қоршаған ортаны қорғау сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы облыстық мәслихаттың бекітуіне бағытталмақ. Қоршаған ортаның санитариялық-эпидемиологиялық мониторингі және қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі деректерін интеграциялауда көптеген шаралар атқарылуда. Бұл туралы басқарманың табиғат қорғау бағдарламаларын және табиғат пайдалануды реттеу, экологиялық сараптама бөлімінің бас маманы Шапағат Ілес айтып берді. – Өткен жылдың 3 тоқсанында атмосфералық ауаның 4401 сынамасы алынды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 0,3 пайызға төмендеді. 2021 жылы ол 0,9 пайызды құраған. Қалдықтарды жинау, шығару, кәдеге жарату, өңдеу және көму шараларына тоқталар болсақ, елді мекендерде қалдықтарды бөлек жинау ұйымдастырылуда. 2022 жылы облыста 63,4 мың тонна қалдық жинақталған. Оның ішінде 8,4 мың тонна қалдық бөлек сұрыпталды. Қалдықтарды кәдеге жарату үлесі 13,3 пайызды құрады. Қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметтерімен айналысатын 43 мекеме жұмыс жасауда. Олар 191 арнайы техникамен қамтылған. Барлық аудан орталығында және Тараз қаласында «Жасыл-ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді тазалықпен айналысатын мекемелер бар. Қалдықтарды жинау және полигондарға шығару бойынша кәсіпорындар жұмыс істейді. Қалдықтар 5 компонентке бөлу арқылы сұрыпталады. Олар – пластмасса және пластикалық қалдықтар, пластикалық бөтелкелер, шыны, қағаз қалдықтары, қаңылтыр (жестяные) банкалар. Қалдықтар облыс аумағында да өңделеді және шикізат алу үшін қайта өңдеуге Алматы, Шымкент қалаларына жіберіледі. Қалдықтарды жинауға жалпы 792 контейнерлік алаң қарастырылып, олар 4042 контейнермен жабдықталған. Қалдықтарды бөлек жинауға контейнерлердің үш түрі орнатылған. Өткен жылдың соңына дейін «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде облыс бойынша 598 контейнер алу жоспарланды. Сонымен қатар медициналық қалдықтар мен өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату кешенін салу мақсатында «Эко РБК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жоба әзірленген. Қазіргі уақытта кешен салу үшін жер және инфрақұрылым тарту жұмыстары қарастырылуда, – дейді ол. Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру, көму полигондарына түсетін қалдықтарды азайту және саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында «Waste-to-Energy» тетігі енгізіліпті. Бастапқыда 6 пилоттық қала анықталған екен. Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз және Атырау. Алайда қалдықтардың пайда болу көлемінің аздығына, сондай-ақ Тараз және Атырау қалаларының инфрақұрылымының дамымауына байланысты Қарағанды және Өскемен қалалары ауыстырылған екен. Осылайша Тараз қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жағу зауытын салу мәселесі ашық күйінде қалып отырған көрінеді.

Құндылықтарды қастерлеу – қасиетті борыш

Экологиялық талаптарға, санитариялық қағидаларға және құрылыс нормаларына сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды көмуді қамтамасыз ету – басты назарда. Бүгінгі таңда облыста коммуналдық меншіктегі 158 полигон мен ұйымдастырылған қоқыс тастайтын орындар болса, оның ішінде жетеуі типтік полигон есебінде салынған. Нысанның барлығына қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжаттары алынып, санитарлық талаптарға сәйкес келтірілген. – Қазіргі таңда облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін 363,2 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Әлі қолдау таппады. Осы жылы қоқыс тастайтын жерлерді жою, қалдықтарды кейіннен сұрыптау, қайта өңдеу пункттеріне шығаруға облыстық бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік өтінім қайта ұсынылады. Былтыр «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның мәліметіне сәйкес өңірде 157 стихиялық үйінділер пайда болып, 120 орын тазаланды. Қалған 37 қоқыс орны қолданыстағы полигонда орналасқан, осыған байланысты әкімдіктер полигон ретінде көрсетілген орындардың координаттары бойынша растау үшін жер кадастры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі басқармасына жүгініп, геопорталдан алып тастау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Ш.Ілес. Орман ресурстарына тоқтала кетсек, орман екпелері мен тұқымбақтардағы өскіндер мен көшеттерді түгендеу жұмыстары бойынша өткен жылы 13 310 гектар орманды алқапқа бақылау жүргізілген екен. Сол кезде 4 250 гектар екпе ағашы және 9 060 гектар табиғи түрде өскен ағаш алқаптары бар екені анықталған. Былтыр Тараз қаласы мен аудандарда барлығы жоспарға сәйкес, яғни 161,2 гектар аумаққа 191 мың ағаш отырғызу жоспарланғаны есте. Көктем айларында отырғызылған ағаштардың жағдайы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нақты орындалғаны 78,5 гектар, ал отырғызылған ағаштар саны 83,7 мыңды құраған. Айналамызды, қоршаған табиғат құндылықтарын қастерлей білу – адами борышымыз. Ауа мен су секілді одан алар қажеттіліктерімізге тұтынбай тұра алмаймыз. Себебі біз де осы жаратылыстың бір бөлшегіміз. Сондықтан барын тегін сарқып беріп отырған қоршаған ортаға қамқорлық тануда бойкүйездікке ұрынбайық.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар