Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӘУЛИЕАТАНЫҢ АЯНЫШТЫ ТАРИХЫ

ӘУЛИЕАТАНЫҢ АЯНЫШТЫ ТАРИХЫ
ашық дереккөз
ӘУЛИЕАТАНЫҢ АЯНЫШТЫ ТАРИХЫ
Мәскеудің 1925 жылы атасының атымен атасақ – Шая Ицковичті, орысша есімі – Филип Исаевич Голощекинді, қазақтардың «сыйға тартқан» аты – Қужақты Қазақстанға басшы етіп жібергеннен кейін ол халқымызды үлкен қасіретке ұшыратқанын тарих беттерінен білеміз. Голощекин Қазақстанға келе салысымен жергілікті ұлт интеллигенттері мен қайраткерлерін өзара қырқыстырып, ақыры соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянатқа душар етті. Ал 1930-1933 жылдары қазақ халқын аштыққа ұшыратып, ұлттық мәйегін төгіп, сүйегін далаға шашып кетті. Осы ашаршылық жылдарындағы Әулиеатаның тарихи жағдайынан хабардар болу үшін былтыр Алматыға арнайы барып, ҰҒА Құрметті академигі, ҚазҰУ профессоры марқұм Талас Омарбеков ағамызбен жан-жақты сұхбаттасып едік. Ғалымның көзі тірісінде сұхбатымыздың бірінші бөлімі сол жылы республикалық «Қазақ үні» және осы облыстық «ARAI» жастар басылымдарында жарияланды да, екінші бөлімі жарияланбай қалған еді. Енді міне, бүгінде Талас ағамыз өмірден өткенімен оның бізге айтып кеткен Әулиеата өңіріне қатысты тарихи әңгімесін жариялаудың сәті түсіп отыр. «Ғалымның аты да, хаты да өлмейді» деген осы ағайын. – Талас аға, өткен ғасырдағы кеңестік тоталитарлық режим кезінде, атап айтсақ ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанда байларды тәркілеу және шаруаларды күштеп ұжымдастыру науқаны тұсындағы ж ағдайды жете зерттеп, еліміздің сол кезеңдегі тарихының тұманды тұстарын ашып, ғылыми айналымға түсіріп келесіз. Тіпті «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» деген ғылыми-зерттеу еңбегіңізде: «Күштеп ұжымдастыру жылдарында Әулиеата жерінен ауа көшіп, бауырлас қырғыз елін паналаған аяулы анам – Тынымның аруағына арнадым» депсіз. Сонда сіздің ата-анаңыз сол бір нәубет жылдарды бастан кешкен бе? – Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатының салдарынан, яғни Қазақстанға басшы болып келген И.Ф.Голощекиннің «Кіші қазан» саясаты елді аштыққа ұшыратты. Бұл –  халқымыздың тарихындағы ең қасіретті кезең. Бұл нәубетті еліміздің барлық аймағы бастан кешті. Көптеген ата-бабаларымыз сол аштықтан қырылса, енді бірі шекара асып босып кетті. Менің әкем Омарбек пен шешем Тыным екеуі сол аштық жылдары қырғыз ауып барған. Анам: «Қырғыздың жеріне ауып, Таластың бойын бойлап, жоғары қарай Алатау арқылы асып түссек, қырғыз елінде егін жайқалып тұр екен. Аштан қырылып жатқан ел жоқ. Содан қырғыздарға егін оруға жалдандық. Сөйтіп аман қалдық. Кейінірек Қазақстанға Мирзоян билікке келгеннен кейін ауылда жағдай жақсара бастапты. Соны естіп туған елге қайта оралдық», дегені бар. Сондай-ақ марқұм анам сол кезеңдердегі, яғни қақаған қыс айларында мына Таластың бойында қырылған адамдарды қат-қатымен қалай жинап қойғандарын, аш адамдардың жылан мен тасбақаның етін қалай пісіріп жегендерін яғни, жантүршігерлік оқиғаларды маған үнемі айтып отырушы еді. – Кеңес үкіметінің жете ойластырылмаған саясатының салдарынан қазақ елі адам төзгісіз зобалаңға ұшырады. Мәселен, жергілікті халықтың дәстүрлі шаруашылығының тамырына балта шапқан яғни, күштеп ұжымдастыру науқаны кезеңіндегі Әулиеата өңіріндегі жағдайдың тарихына тоқталсақ. Кеңестік жүйенің қасіретті жылдарында еліміздің өзге өңірлері секілді Әулиеата аймағындағы тұрғылықты халық та ашаршылық жылдары адам төзгісіз жағдайға ұшыраған ба? Енді Әулиеата өңірінде тағы да болса біздің аудан таза мал шауашылығы емес, бұл ішінара егін егетін аудан. Менің айтып отырғаным бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ ауданы. Дегенмен бұл аудандағы ашаршылық өте сұрапыл болған. Кезінде ашаршылық жылдары Ғалым Ахметов деген кісі сол кездері Свердлов деп аталған қазіргі Сарыкемердің шығыс жағындағы ауылға уәкіл болып барған. Ол өзінің кітабында сол ауылдан кісі етін жеген адамды қалай ұстағандарын жазады. Дегенмен де Әулиеата өңіріндегі сұрапыл аштық бәрінен де мына Сарысу және Талас аудандарының аумағында қатты болды. Неге олай болды? Өйткені Сарысу ауданы негізінде орталық Қазақстанға тиіп жатқан аудан. Мына шығыс жағы Мойынқұм арқылы Бетпақдаламен шектеседі. Ал Талас ауданы да сол Мойынқұмға барып тіреліп жатқан аймақ. Бұл аудандарда негізгі тірлік дәстүрлі мал шаруашылығы болған. Халық малмен күн көріп отырған. Осы малды 1928 жылы ірі қазақ байларын кәмпескелеуден кейін яғни бәрін сыпырып алған соң халықтың жағдайы өте ауырлап кеткен. Біздің Әулиеата өңіріндегі осы екі аудан аштықтан адам айтқысыз азап шекті. Тіптен Сарысу ауданындағы жағдай Т.Рысқұловтың Сталинге жазған екінші хатында көрсетілген. Оған ел көбінесе назар аудара бермейтін сияқты. Сол хатқа қарасаңыздар, яғни 1933 жылдың наурыз айында Т.Рысқұловтың Сталинге жазған хатында мынандай мәселе айтылады: «Сарысу ауданында ашаршылық өте қатты өршіп тұр. Адамдар босып, көпшілігі Әулиеата қаласына барды. Ал бірталай адам Қырғызстанға өтіп кетті. Жолшыбай жосылған адамдарға жолда қаруланған бандиттер шабуыл жасап, өзі аш адамдарды одан сайын қырғынға ұшыратты. Аштықтан босқан әйелдер өздерінің кішкентай балаларын Таластың суына лақтырды» дейді. Бұны Рысқұлов Сталинге жазып отыр. Осындай жантүршігерлік жағдай қалыптасты дейді. Осы аштық өте өршіп тұрған кезде Сарысу және Талас өңіріне жалпы біздің Әулиеатаның аймағына мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов уәкіл болып барған. Уәкіл болып барған кезде О.Жандосов Сарысу ауданының халқының біраз бөлігін Созаққа көшірген. Қаратау асырып Созаққа көшіріп, елді ашаршылықтан аман алып қалуға әрекет жасаған. Сол О.Жандосовтың Голощекинге жазған хаты бар. Сұмдық жантүршігерлік хат. Хатта Жандосов айтады: «Қара жолменен Сарысу ауданында №5 ауылға қарай келе жатыр едім, алдымнан айдалада 12-14 жастағы екі бала жолықты. Олар жаяу кетіп бара жатыр екен. Содан көлігімді тоқтатып: «Әй балалар қайда бара жатырсыңдар?» деп сұрадым. Сонда олар: «Анау сайда көктемде ит атқыштар келіп иттерді атып, солардың терісін сыпырып алып кеткен. Енді біз сол сайға барып, иттердін өлімтігін жеп, тамақтанып жүрміз. Бұл жаз айы болса, ал енді иттердің өлімтігі көктем айында болған болса, қаншама уақыт өткен сол бұзылған иттердің өлімтігін балалар барып жеп жүр екен. Одан кейін бір ауылға келгенімде алдымнан ісініп кеткен аяғы ауыр бір әйел шығып, маған зорға дегенде күбірлеп сөйлеп, қолын көтеріп: «Анау кетіп бара жатқан итті атып берші» деді. «Оны не қыласың?» дегенімде «Үйде бес балам аштан өлейін деп жатыр. Ана итті атып берсеңіз, соларға мен тамақ қылар едім» деп айтты», дейді Жандосов Голощекинге жазған хатында. Әулиеата өңірі туралы О.Жандосовтың тағы бір хаты бар. Мысалы, қайраткер О.Жандосов: «Елді аралап Талас ауданына бара жатқан сапарымда жолда 14-15 жасар жалғыз бала кетіп бара жатыр екен. «Әй, қайда бара жатырсың» деп сұрап едім, «Мен ауылға бара жатырмын» деді. Мен оған «Ауылың қайда?» деп едім Талас ауданыңдағы бір ауылды атады. «Онда неменеге бара жатырсың?» дедім. (Ол кезде бәрі ашаршылықтан қырылып жатқан кез ғой. (Т.О.) «Ол жақта туысқандарым бар, соларға бара жатыр едім» деді. «Өзің қайдан келе жатырсың?» деп едім, «Өзім Қырғызстаннан келе жатырмын» деді. «Неге жалғызсың?» дедім. Сонда ол айтты: «Менің әке-шешем Қырғызстанда аштан өлді. Енді өзімнен кіші інім мен қарындасым үшеуміз елге қайтуға жолға шыққанбыз. Мен оларды жолда тастап кеттім», деді. Сонда әлгі бала қырғыз жерінен шыққан соң, әлгі інісі мен қарындасын алып жүре алмаған соң жапан далада тастап кетіпті. Сөйтіп өзі ағайын-туысқандарын іздеп келе жатыр екен», деп жазады Голощекинге жолдаған хатында. Қарап отырсақ өте ауыр, жантүршігерлік жағдай. Бұл фактілерге тіркелген оқиғалар, ал тіркелмеген, көзге көрінбей қалған қанша ауыр жағдайлар болғаны бір Құдайға ғана аян. – Кейде еліміздің өзге аймақтарына қарағанда «Әулиеаталықтар қатты аштыққа ұшырамаған» деген пікірлерді кейбір тарихшылар мен зерттеушілерден естіп қаламыз. Осындай ой-пікірлерге тарихшы және дәл сол зобалаң жылдарындағы кезеңді зерттеуші ғалым ретінде не айтасыз? Әулиеата қаласының орталығында қыс айларында күн сайын шайханалардың маңында 20 баланың үсіп өлгенін Т.Рысқұлов Сталинге жазған хатында көрсеткен. Ал енді бұдан шығатын қандай қорытынды? Әулиеата өңірінде ашаршылық өте қатты болған. Мен кейбір фактілерді оқыдым, мынау Тараз қаласының орталығында «Атшабар» деген жер бар ғой. Сол «Атшабардағы» үйлердің шетінде аштықтан өлген адамдардың денесін бірінің үстіне бірін қатар-қатар кәдімгі ағаш бөренелері сияқты сатылап жинап қоятын болған. Енді қыстың суығында өліктің денесі бұзылмайды ғой. Сонда Әулиеатаның, қазіргі Тараздың орталығында Сірескен қалпында өліктерді кәдімгі ағаштың бөренесі сияқты бірінің үстіне бірін жинап тастаған екен. Оларды жерге көмгенге, яғни біріншіден жер қазуға ешкімнің қауһары шамалы, адамдардың бәрі аштықтан бұратылып жүр, әлсіз, хәлсіз, күштері жоқ. Өйткені қақаған қыс мезгілі болғандықтан жер тоң болып қатып қалған. Екіншіден, тірі адамдар өліктерді жер жібіп, жұмсарғаннан соң яғни көктем шыққанда жерлемек. Міне, осындай өліктің арасында адамдар жүріп, жұмыс істеп күн көріп жатты. Айналасы өлік толған. Әулиеатаның ол кездегі тарихы өте сұмдық, аянышты. Жасыратыны жоқ, адам етін жегендер де болды. Күн көріс үшін бәріне барды адамзат. Әрине, біз бұл тарихты зерттеуге, айтуға, жазуға тиіспіз. Ал енді өзің айтқандай, яғни мен айтып отырған туған өлкеміз, аймағымыз туралы біреулер ойлайды Қырғызстанға жақын, Талас өзенінің жағасында болғандықтан ашаршылық онша қатты болған жоқ қой деп. Ал шын мәнінде ашаршылық Әулиеата өңірінде өте қатты болды. Оған жоғарыда келтірген деректерім дәлел болу үшін аздық етпейді. –Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістерінің ішінде «Созақ» оқиғасы көп айтылады. Алайда сіздің ғылыми-зерттеу еңбегіңіздегі «Созақ» оқиғасындағы  халық толқулары бастапқыда Әулиеатаның солтүстік батысындағы Сарысу ауданынан басталған деген тарихи деректі дәйектер келтіресіз. Сонда «Созақ» оқиғасының басты ошағы Сарысу өңірі болған ба? – Негізінде Кеңес өкіметіне қарсы Қазақстан бойынша 372 көтеріліс болған. Біреулер 372 көтеріліс деген қайдан шыққан деп айтады. 1992 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде Ұлтық қауіпсіздік комитетінің архивінен құжаттар сұратып қараған кезде 372 көтеріліс болғанын және оған 80 мың адам қатысқанын да анықтағанбыз. Бұл көтерілістердің ішінде 15 ірі көтеріліс бар. Голощекин Сталинге жолдаған хатында осы 15 көтеріліске 34 мыңдай адам қатысқанын жазады. Бұл 15 ірі көтеріліс деп отырғанымыз – аудан орталығын басып алған, райком, райисполком ғимараттарын өртеп, басшыларын өлтірген, былайша айтқанда к еңес үкіметін аудандық деңгейде құлатқан көтерілістер. Ал қалған көтерілістер басталған жерінде басылып, шаншылып тасталған көтерілістер. Мысалы, біздің кішкентай ғана Талас ауданының территориясында 3 көтеріліс болған. Сарысу ауданында да бірнеше баскөтеру болған. Көтеріліс басталған бетте қызыл әскерлер мен коммунистік отрядтар арқылы басып тастап отырған. Қызыл әскерден бөлек коммунистік отрядтарды біздің Әулиеата өңірінде мал дәрігерлік техникумның оқушыларынан жасақтаған. Негізінен бұл отрядтардың қатарына қазақтан бөлек, яғни басқа ұлт өкілдерінен алған. Әсіресе славян ұлтының өкілдерінен алып отырған. Ол кезде біздің Әулиеатаға қоныстанған славян ұлтының өкілдері көп болған. Міне, солардың ішінен коммунист, комсомол мүшелерін алып, қолдарына қару беріп Талас, Сарысу аудандарындағы көтерілістерді басуға жіберген. Ал енді өзің айтып отырған Созақ көтерілісіне байланысты тоқталар болсақ, бұл – жоғарыда мен айтқан 15 көтерілістің ішіндегі ең ірі 4 көтерілістің бірі. 1931 жылы желтоқсан айында Голощекин Сталинге Қазақстан бойынша жазған хатында 4 ірі көтерілісті атап көрсетеді. Соның біреуі – осы Созақ оқиғасы. Сол Сталинге жазған хатында Голощекин Созақ көтерілісін басу кезінде 400 адамды өлтірдік дейді. Бұл 400 адамды көтерілісті басқаннан кейін қызыл әскерлер мен коммунистік отрядтардың адамдары атып тастаған. Ал көтерілісті басарға дейінгі, яғни алдындағы қақтығыстарда өлгендері қаншама? Бұл расында да өте үлкен қырғын. Ал енді Созақ көтерілісі немесе басқа көтерілістер туралы сөз еткенде біздің бір қателігіміз осы көтерілістерге қандай рулар қатысты дегенді айтудан қашамыз. Бұл енді тарихи шындықты жасырудың тағы бір түрі. Рушыл демесін деп, біз әр көтеріліске қандай рулардың жігіттері қатысты деген мәселені айтқымыз келмейді, тартқыншақтаймыз. Созақ көтерілісі – негізінен тама руының жігіттері ұйымдастырған баскөтеру. Әрине, бірен-саран басқа рулардың жігіттері де қатысқан. Олардың бәрінің тізімдері бар. Олар ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде тұр. Мен тіптен сол оқиғаға қатысқан кісілердің руларын да анықтадым. Негізі бұл көтерілісті түгелдей дерлік тама руының жігіттері басқарған. Мынау біздің Сарысу ауданын негізінен тамалар мекендейді. Содан кейін Шымкентке қарайтын кей аудандарда да тамалар бар. Ол кезде ұйымшылдығы мықты ақсақалдар көп болған. Міне, тама руының жігіттері барлық жұмысты осы ақсақалдармен ақылдаса отырып жасаған. Бұны айтып отырғаным барлық Қазақстанда болған көтерілісті қанша жерден ұлттық көтеріліс деп көтермелесек те, олар ең алдымен сол рулардан құралды. Бұны ұмытпауымыз керек. Тіптен Қазақстанда құрылған колхоздардың өзі рулық колхоздар болды. –  Сарысудағы халықтың жаппай бас көтеруіне негізгі себеп болған жағдай Кеңестік биліктің кәмпескелеу мен ұжымдастыру саясатының салдарынан туындаған дейміз. Расында да жергілікті халықтың ашуға мініп наразылық танытып, қарулы қақтығысқа дейін баруына басқа да себептері бар ма?  – 1929-1930 жылдары Сарысудағы халықтың көтерілуіне негізі мына жағдай әсер еткен. Кеңестік биліктің өкілдері мен белсенділері Шолаққорған мен Созақта жерді кісі бойынан асатындай етіп қазып, үлкен шұңқыр жасап, Сарысудан кәмпескеленген байларды алып барып қамаған. Негізінде бұл қамалғандар байлар емес, орта шаруалар. Өйткені Қазақстанда ірі байлар 1928 жылы кәмпескеленіп кеткен. Әлгі қазылған шұңқырлардың жан-жағын шыбықпен қоршап, концлагер сияқты сыртынан милицияны айналып жүретін етіп күзетке қойған. Сөйтіп әлгі бай деп тәркіленген орта шаруалардың бәрін сол шұңқырға түсірген. Шұңқырлардың төбесі ашық болған. Бұл оқиға қыс мезгілінде басталғандықтан көктемде мидай батпақ толастаған, жаңбыр жауған кезде тізеден су келеді. Әлгі байғұстар осы батпақ пен тізеден асатын суды кешіп, ашық аспанның астында әбден жаурап, тоңып, суықтап аурудан қырылған. Міне, тәркіленген туысқандары мен ағайындарының осындай жағдайын естіп, Сарысудағы тамалар атқа қонған. Олардың арасынан «Не істейміз, осылай отыра береміз бе?» деп Сұлтанбек Шалақов сияқты азаматтар шыққан. Содан олар атпен Созаққа түнделетіп жетіп, сонда жасырынып, ақылдасып, сол жақтағы тамаларды көтереді.Сөйтіп ертеңінде көтерілісті ұйымдастырып, ауданның орталығын басып алған. Дауан Қаңылыбаев деген райисполком төрағасының мойнына қылшылбыр салып, атпен сүйреп өлтірген. Қарсылық көрсеткен көптеген милиционерлер мен коммунистер де өлтірілген. Қатты қырғын болған. Артынша Никитенко және Поляков дегендер басқарған отрядтар жіберілген. Олар қайдан келген? Олар түйелерге зеңбірегін артып Ташкенттен жеткен. Қызылордадан теміржол арқылы келген. Сосын бергі жағы Шымкент пен Әулиеатадан да қызыл отрядтар аттанған. Яғни жан-жақтан жаппай әскер жұмылдырылған. Қарапайым халықта қандай қару болсын. Шала қару. Шиті мылтық болған бірен-саран. Басқа отты қарулары жоқ. Созаққа келетін шатқалда сұмдық қырғын болған. Жазалаушы отрядтар көтерілісшілерді аямай жаншып, талқандағаннан кейін Сарысу-Созақтағы халықтың адымын мүлде аштырмады. Кеңестік өкімет органдары халықтың бұл наразылығын басқа да көтерілістер тәрізді «ұлтшыл бандиттердің» әрекеті ретінде біржақты бағалап, жергілікті жерлерде қуғын-сүргінді өршітіп жіберді. Ал бұл жағдайдың өзі Сарысу мен Созақ аудандарындағы онсыз да нашар ахуалды тіптен ауырлатып жіберді. Әулиеатадан 23 наурызда Александровскіге кадрлық ротаның 27 атқышы, Қазақ ұлттық дивизионы және милиция отряды келіп, жазалау операцияларын бастап кетеді. Сарысудағы көтерілісті ұйымдастырған Жантірешманов, Сараев сынды азаматтар ұсталып, атылады. Жергілікті тұрғындардың көбісі аяусыз, жазықсыз жазаланып, қырғынға ұшырайды. Сарысу, Талас аудандарындағы көтеріліс 1931 жылдың 20 маусымында Қордай ауданында жалғасты. «Архивтік құжаттарда Қордай ауданындағы ұжымдастыруға қарсы құрылған үш «бандалық» топ туралы деректер бар. Олар Омарбек, Ағыбай, Сыпатай. Солардың бірінде Оразалы Қастеков деген азамат белсенді ретінде көрсетіледі. БайқапАрхивтік құжаттарға сүйеніп сөйлейтін болсақ, Қордайдағы көтерілісшілер Комсомол атындағы колхоздың кеңсесіне баса-көктеп кіріп, ауылдық кеңес кеңсесін өртеген, кооперативтерді талқандап, ондағы тауарларды өзара үлестіріп алған. Мұнан соң олар «Ұмтыл» колхозының малдарын айдап әкеткен. қарасақ, сол кездегі тергеу құжаттарында көтеріліске қатысқан жергілік ті азаматтардың бәріне «бандылар» деген айдар таққан. Әрине, бұл дегеніңіз Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннің 1929 жылғы «Батпаққара», «Тақта көпір» және «Бостандықтағы» ірі көтерілістерден кейінгі шыққан арнайы қаулысынан соң елдегі бүкіл ереуілге тағылған басты айыптауы болатын. Қордай аудандарындағы «бандылармен» (көтерілісшілермен – М.Е.) к еңес органдарының қақтығыстары өте қатты болған. Бұл сол тұстағы ең бір шығыны көп көтерілістердің бірі болып тарихта қалды. Бұл «хал ықтық көтерілістерге» қарсы аудан орталығында арнайы жасақ ұйымдастырылып, 17-18 маусымда және 5 шілдеде наразы топқа қарсы әрекеттер жасалады. №11, №12 және №14 ауылдар маңында арнайы жасақ пен көтерілісшілер ашық қақтығысқа түскен. Кейіннен наразы топтың саны бұл жерде 300-ге жуықтап, қарулы қарсылық көрсете бастаған соң, коммунистік отрядтар атыстан қаймығып, Отар теміржол стансасына қарай шегіне қашқан. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасындағы келесі ұрыс 1931 жылдың 19 тамызында болған. Доланқара деген жерде 1931 жылы 21 қыркүйекте болған ұрыста ОГПУ-дың Шу аудандық басқармасының бастығы Нұрғалиев оққа ұшқан. Бұдан кейін жазалаушылардың екпіні күшейіп, 1931 жылы 27 қарашада Қордай ауданының 12-ауылында көтерілістің белсенді басшысы болған Әрсенов пен оның серіктерін қолға түсірген. Жалпы, жазалауға к елсек, яғни мұрағаттардағы құжаттарға сүйенер болсақ, Қордай ауданында болған көтерілістерге қатысты деген кінәмен барлығы 250 адам тұтқындалған екен. Қазақстан ОГПУ-дың Ерекше үштігінің 1931 жылы 23 қарашадағы, 1932 жылғы 28 қаңтардағы және 19 ақпандағы қаулыларымен 28 адам ату жазасына кесіліп, 107 адам 1 жылдан 10 жылға дейінгі әртүрлі мерзімдерге еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамалған. Қазақстанның өз ішіндегі аудандарға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге 11 адам жер аударылған. Алдын ала тұтқында отыру мерзімі есебінен 22 адам босатылған. 1 адам 3 жыл мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне шартты түрде сотталған. Енді осы тарихи оқиғаларға қорытынды жасар болсақ, 1929-1931 жылдардағы қазақ шаруаларының наразылықтары мен көтерілістері кеңес империясының өктемдігіне қарсы ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс болды деуге толық негіз бар. Жоғарыда біз айтып отырған тарихи д ерек тер тек ұл тымызд ың ауыр кезеңдеріндегі бізге анықталған дүниелердің бір шеті ғана. Ал осы оқиғаларға қатысып, жазықсыз, сот-тергеусіз атылып кеткендер қаншама? Олар туралы деректер архив мұрағаттарының ішіндегі сан мыңдаған құжаттардың түкпірінде жатуы әбден мүмкін және сондай-ақ мұрағаттарда сақталмай қалғандары ел ішіндегі көнекөз қариялардың есінде қалып, атадан балаға естелік болып сақталып қалғандары да аз емес. Сондықтан тарихшылар мен зерттеушілер ел ішіне әсіресе көнекөз қарттардың аузына құлақ түріп, материалдарды қағазға түсіріп алып жүргені абзал болар еді. Президентіміз Қ.Ж.Тоқаевтың 2020 жылғы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып отыр. Осы комиссия аясында біздерге, яғни тарихшылар мен зерттеушілерге, өлкетанушыларға осы бағытта аянбай жұмыс жүргізіп, тарихымыздың ашылмай жатқан сырларын ашуға, кешегі кеңес үкіметінің тарапынан озбырлық көрген ата-баларымыздың аянышты тағдырларын жас ұрпаққа жеткізіп кетуге бәріміздің алдымызда жақсы мүмкіндік тұр. Осы Мемлекеттік комиссия аясында талай тарихи іс тындыру сіз бен біздің басты міндетіміз. –  Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

       
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар