Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«БАЙЛЫҚ ТА АДАМ ТАҢДАЙДЫ»

«БАЙЛЫҚ ТА АДАМ ТАҢДАЙДЫ»
ашық дереккөз
«БАЙЛЫҚ ТА АДАМ ТАҢДАЙДЫ»
Қазақ халқында «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген аталы сөз бар. Қаншама жанның алғысына бөленген, кемел елдің келісті келешегі, болашағы үшін ішкен асын жерге қоятын атпал азаматтың бірі – Сембек Сейдəзімов. Сембек Әбетайұлы білікті басқарушы, мықты менеджер жəне табысты кəсіпкер, ең бастысы үлгі етуге тұрарлық нағыз атымтай жомарт азамат. «Жасаған жақсы немесе жаман ісің алдыңнан шығады» деп есептейтін Сембек Сейдәзімовпен жуырда сұхбаттасып, орамды ой, пайымды пікіріне құлақ түрген едік. – Сембек Әбетайұлы, сізді мықты мотиватор, табысты кәсіпкер ретінде жақсы білеміз. Бүгінде мемлекеттік қолдауға иек артып, кәсіп бастағысы келетіндер көп. Осы орайда өз тәжірибеңізбен бөлісе кетсеңіз. – Кәсіпке жаңадан аяқ басқан кез келген адам оңай олжа, сиқырлы таяқша болмайтынын түсінуі керек. Оған қоса кәсіпті саналы түрде, жоспар құрып бастаған дұрыс. Кәсіп бастау үшін нақты жоспарың мен кездесетін кедергілерге төтеп беретін иммунитетің болуы қажет. Кәсіп бастағанда белгілі бір дәрежеде біліміңнің болуы да шарт. Бастайтын ісіңді алдын ала зерттеп, жан-жақты білгеннен кейін ғана кіріскен жөн. Өзіме келер болсам, кәсіпті он бір жасымда бастадым десем де болады. Сол бір кездерде зауытта кәмелетке толмаған балаларға дала жұмыстарына атсалысуға рұқсат берілетін. Еңбегіңе 1 сом төлейтін. Сол 1 сомның да құны бар болатын. Алайда еңбектеніп тапқан ақшамды жоғалтып алдым. Бала болсам да ішімнен «Қиналып берген екен ғой» деп ойладым. Өйткені мен үшін әр тиынның өз орны бар. Оны белгілі бір нәрсеге жұмсау қажет. – Бүгінде 71 жасқа аяқ бастыңыз. Сіздің ойыңызша, өмірде не маңызды екен? Кәсіпкерлік саласынан не түйдіңіз? Бизнесменге қажет басты қасиеттер мен машықтар қандай? – «Дүние – қолдың кірі» деп халқымыз бекерге айтпаған ғой. Ешқашан дүние жинамадым. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Бүгін басшысың, ертең қосшысың. Бес күндік жалғанда «сіз-біз» десіп, сыйласып өмір сүргенге не жетсін. Жалпы жаным тұрақтылықты сүйеді. Қазіргі жастар жылдам байып кетуді ойлайды. Олай болмайды. Бай болу үшін білім мен сабырлылық керек. Бойыңда иманың болуы қажет. «Тек бір өзім асай берсем, жей берсем» деген пиғылдағы адам бай болмайды. Байлық та адам таңдайды. – Өзіңіз басшылық ететін «Кирпичник» зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? – Бүгінгі таңда кәсіпкерлік жолымды ұлым Данияр мен қызым Гүлнар жалғастырып, зауыттың жұмысын ілгерілетуде. Қашанға дейін бар жұмысты өзім істеймін? Сол үшін балаларға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреттім. Заман алға ілгерілеген сайын соған қарай төселеміз ғой. Бүгінгі күні өнімдерімізді онлайн сатуға да көштік. Әлеуметтік желі, сату алаңдары арқылы өндірген тауарларымызды сатамыз. – Бизнеске қадам басқан адамдар оқуға тиіс кітаптарды айтып бере аласыз ба? – Джордж Самюэль Клейсонның «Самый богатый человек в Вавилоне», Саидмурод Довлатовтың «Долги тают на глазах» кітаптарын оқуға кеңес берер едім. Негізінен «кәсіп бастаймын, сол үшін ізденемін» деген адамға кітап та көп, автор да көп. Біздің кезіміздегідей емес, қазір қазақ және орыс тіліндегі мотивациялық кітаптар өте көп. – Шетелдік мотиватор, тренер, коучтар секілді бизнестегі жүріп өткен жолыңызды, ақыл-кеңесіңізді, білгеніңізді өзгеге үйретіп, кітап шығарып, ақылы немесе тегін сабақтар өткізу ойда жоқ па? Мәселен, Брайан Трейси секілді жетістікке жетудің құпияларымен бөлісе аласыз ба? – Өте орынды айттың. Әлемде, елімізде мықты спикерлер, тренерлер жетерлік. Әрқайсысының өмірінен, ісінен үлгі алуға болады. Қартайып, шау тартып тұрғанымыз жоқ. Студенттерге, оқушыларға кәсіпкерлік бойынша сабақтар өтіп, кеңестер беріп те жүрмін. Мен жастармен көп кездесемін. Неге білгеніңді, көкейге түйгеніңді айтып, өзгемен бөліспеске? Жаңағы Брайан Трейсидің «Ешкім де сенен мықты емес, ешкім сенен ақылды емес, тек олар сенен бұрын бастаған» деген сөзі бар ғой. Жетістікке жетудің құпиясы – еңбек. Өзіңді сүю. Керек кезде жоқ деп айта алу. Қаражатты үнемдеп, пайдалы бизнес көздеріне құю. – Бүгінгідей ала шұбар заманда жомарттық танытып, жақсылық жасаушылар да, қайыры жоқ, құлқынның қамын ғана ойлайтындар да жетерлік. Сіз әрдайым жақсылық жасап, қайырымдылық шараларының бел ортасында жүресіз. Жамбыл облысының Ақбұлым ауылында мешіттің бой көтеруіне ықпал еттіңіз, қаншама адамға үй салып беріп, жеке шәкіртақы да тағайындап келесіз. Бұл білетініміз ғана. Білмейтініміз қаншама. Адам жақсылықты не үшін жасайды? Сіз үшін жақсылықтың құны қанша? – «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деген қазақ. Адам баласының алдынан өзі жасаған істері қайта шығады дегенге көзім әбден жеткен. Ұрпағымның алдында адал, ізгі жан ретінде қалайын деп шешкенмін. Мен үшін игі іс жасау, мейірімді болу, жасаған қайырымдылығыма шын жүректен қуану – әке мен анадан дарыған. Текпен берілген. Жақсылықтың құны – бір-ақ өлшем. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Мен соған сенемін. Бастапқы сөзімде де айттым ғой. Дүние жимаймын. Жасанып киінбеймін. Қымбат көлік мінбеймін. Үйім алтын мен жақұтқа толып тұрған жоқ. Мүмкіндігімше елге пайдам тисе, халықтың ризашылығын алсам, баталы болып жүрсем болды. Жақсылықтың өтеуі – жақсылық. Қасымызда қаншама жақсы жандар бар. Қадірін білуіміз керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар