Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАҢАДАН ҚҰРЫЛАТЫН ЕКІ АУДАНҒА ҚАНДАЙ АТАУ БЕРГЕН ДҰРЫС?

ЖАҢАДАН ҚҰРЫЛАТЫН ЕКІ АУДАНҒА ҚАНДАЙ АТАУ БЕРГЕН ДҰРЫС?
ашық дереккөз
ЖАҢАДАН ҚҰРЫЛАТЫН ЕКІ АУДАНҒА ҚАНДАЙ АТАУ БЕРГЕН ДҰРЫС?
«Тараз қаласы екі әкімшілік ауданға бөлінеді» деген сыбыс шыққалы ел ішінде айтыс-тартыс көбейді. Соңғы уақытта тіпті үдей түсіп, екі ауданға атау беру мәселесі бүгінгі күннің басты тақырыбына айналғандай. Әсіресе әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам белсенділері тарапынан түрлі ұсыныстар айтылуда. Мәселен, Тараз қаласы әкімдігінің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында желі қолданушылары тарапынан 150-ге жуық ұсыныс түсіпті. Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі жаңадан құрылатын екі ауданға «Қарахан», «Айша бибі», «Әулиеата», «Тектұрмас», «Шахристан», «Аса», «Талас», «Алатау» «Қаратау», «Бәйдібек», «Тұран» атауын бергенді жөн көретінін жазыпты. Ал жуырда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен жиын өтіп, арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері екі әкімшілік-аумақтық бірлікке атау беру бойынша пікір алмасты. Айталық, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов екі ауданға «Талас», «Аса» атауларын ұсынса, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы «Қаратау», «Алатау» деген атауды құп көретінін жеткізді. Бұдан бөлек «Әулиеата», «Атлах», «Қарахан», «Айша бибі» сынды атаулар да талқыланды. Басқосуда сөз алған шаһар басшысы екі ауданға ат беруде тұрғындардың ұсынысы ескеріліп, жан-жақты талқыланып, шешім қабылданатынын айтты. – Бүгінде облыс орталығында 427 мыңнан аса халық тұрады. Соған орай қаланы тиімді басқару және өзекті мәселелерді жедел шешу үшін екі аудан құру қажеттілігі туындады. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай туғызып, қаланың дамуына тың серпін береді. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Жуырда топтың алғашқы отырысын өткізіп, өзекті пікірлерге құлақ түрдік. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшаларда сауалнама жүргізіп, халықтың ұсынысын да назарға алдық, – деді Бақытжан Әмірбекұлы. Жұмыс тобының отырысы аяқталып, қорытындысы бойынша ақпарат әлеуметтік желіде жарияланғаны сол-ақ еді, жел үрлеген шоқтай болып қызу пікірталас қайта басталды да кетті. «Facebook» әлеуметтік желісінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан жұмыс тобының отырысында ұсынылған атаулармен келіспейтінін ашық айтты. – «Алатау» мен «Қаратау», «Аса» мен «Талас» әбден тізесі шыққан атаулар. Көзіқарақты жұртшылық аталған атаулар еліміздің басқа облыстарында, тіпті көрші Қырғыз Республикасында өте көп кездесетінін жақсы біледі. Неге жаңаша ат қоймасқа?! Тараздың төбесінен төніп тұрған қасиетті «Тектұрмас» әулиенің атын қойсақ, кім бізге қой дер еді. Сұранып тұр емес пе?! «Тектұрмас» этно-тарихи кешені мен алып ескерткіші алыстан менмұндалап тұр. Дайын тұрған атаудан неге бас тартасыздар? Сондай-ақ көпшілік ұсынып жатқан «Әулиеата» атауы да көңілге қонып тұр. «Әрі тарт та, бері тарт» болмай, осындай жаңа атаулармен 2000 жылдан аса тарихы бар Таразымыздың қалыптасуына үлесін қосып, тарих қойнауында қалып кеткен бабалар рухын бір сілкіп, жас ұрпақтың санасын сіңірсек, біздің бабалар рухын асқақтатқанымыз болып табылмай ма?! – дейді А.Сейілхан. Сондай-ақ Көсемәлі Сәттібайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында не себепті «Қаратау», «Алатау» атауын дұрыс деп санайтынын тарқатып жазыпты. «Кең байтақ қазақ жеріндегі жұртқа Қаратау мен Алатау атауын таныстырып жатудың өзі артық. Қазақ халқына Қаратау қашаннан қорған, Алатау қашаннан айбар болған. Небір қиын-қыстау зар замандарда халқымыз Алтай, Орал, Ұлытаулармен бірге Қаратау мен Алатаудың да саясын паналаған. «Қаратаудың басынан көш келеді» деген зар-заман жоқтауы да содан қалған. Сондай-ақ Қаратау мен Алатаудың түйісетін, бір-біріне етене жақындай түсетін жері де Жамбыл өңірінде. Атақты ақын Рафаэль Ниязбеков осыны арқау етіп, алғашқы жыр жинағының атын «Алатау мен Қаратау» деп қойған. Әрине, Талас пен Аса өзенінің аты да ыстық. Бірақ жер тозаңнан жаралғанда аспанмен тіресіп таулар да пайда болған. Сол таулардың басындағы қасат қарлар мен баурайындағы мың сан бұлақтардан өзендер пайда болған. Сол өзендердің бірі Талас болса, бірі – Аса. Ендеше өзендеріміздің атасы да, анасы да қасиетті тауларымыз екен. Сондықтан ақын, жырау, жүз жасаған сүйегі асыл Жамбыл атамыздың атындағы облыстың орталығы Тараз қаласынан енші алмаса да, жеке-жеке орталық болып бөлініп отырған аудандардың аттарын «Қаратау» мен «Алатау» деп қойған дұрыс шешім болып, ол өңір мақтанышына, символына айналар еді», дейді К.Сәттібайұлы. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов бұл тарихта қалатын сәт болғандықтан ұсыныс жасауда абай болу керектігін, екі ауданның атын Тараздың кешегісі, бүгіні және болашағымен байланыстыру қажет екенін айтады. Әрине, біз ешкімнің ұсынысын дұрыс немесе бұрыс дей алмаймыз. Әйтеуір, ертеңгі күні жаңа атауларды естігенде «апам да аң-таң, мен де аң-таң» күйге түсіп қалмас үшін жұмыс тобы халық үніне құлақ асып, жан-жақты зерделеп, тиімді шешім қабылдайды деп ойлаймыз.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар