Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«АНАМ НӘЗІК КІСІ БОЛҒАНЫМЕН, ЖҮРЕГІ ҮЛКЕН»

«АНАМ НӘЗІК КІСІ БОЛҒАНЫМЕН,  ЖҮРЕГІ ҮЛКЕН»
ашық дереккөз
«АНАМ НӘЗІК КІСІ БОЛҒАНЫМЕН, ЖҮРЕГІ ҮЛКЕН»
Бағдат ӘШІМОВА, Асанәлі Әшімовтің жары: – Анамның аты – Несіпхан Еркінбекқызы. Қазір жасы 88-де. Ауылда немерелерімен бірге тұрады. 9 құрсақ көтерген батыр ана. Қазір жеті перзенті жер басып жүрміз. Ата-анамның жетінші перзентімін. Анам Талдықорғанның Жансүгіров ауданының қызы. Руы – найман. Анам мен әкемнің әкелері дос болған екен. Бір-бірінің сөзін екі етпейтін достар сөз байласып, құда болыпты. Сонымен анам әкемнің шаңырағына 14 жасында келін болып түскен. Ал әкеміз үйінің жалғыз баласы екен. Анам 14 жасында келін болып табалдырық аттағанымен, 18 жасқа дейін сол үйдің қызы секілді жүріпті. Содан әкеме 18 жасында қосылған екен. Түр-әлпетім әкеме, мінезім анама тартқан болуы керек. Себебі әкем біртоға, көп сөйлемейтін кісі болатын. Кейде біз анама «Қазақтың еврейі» деп те күлеміз. Анам әділдікті жақсы көреді, кесіп айтады. Осы уақытқа дейін анамның елдің бетіне қарсы келгенін көрмеппіз. Бірақ ақырын ғана өз орнымен нық-нық сөйлейтіні бар. Бізді де солай тәрбиеледі. Біздің балалығымыз басқаша болды. Біз ата-анамызды тыңдайтынбыз. Анамыздың «Әкең естіп қоймасын!» деген сөзімен өстік қой. Негізі әкеміз бізге бірде-бір рет дауыс көтеріп, ұрысып көрген жоқ. Анам өте әділетті кісі. Ақырындап, қазақтың терең сөздерімен айтатын әңгімесінің өзін зерделеп жеткізіп отырады. «Сен ең бірінші қыз баласың. Елдің көркі, шаңырағымыздың гүлісің» деп, мәпелеп өсірді. Бірақ маңдайымыздан сипап отырып қай нәрсенің дұрыс, қай нәрсенің бұрыс екенін кішкентай кезімізден миымызға құя білді. Біз тез есейіп кеттік пе, әйтеуір қатты жазалағаны есімде жоқ. Анамызға қарап жүріп, өзімізді-өзіміз тәрбиеледік деп ойлаймын. Үйде үлкен атамыз болды. Әкеміздің әкесі ғой. Анамыз атамыздың көзінше басын көтеріп сөйлемейтін. Анда-санда әкеме де ақыл айтатын. Сонда біз «Біздің үйдің капитаны – анамыз» деп күлетінбіз. Қатты ұрысып, зекігенін көрген емеспін. Қатты ашуланған кезде қасымызға келіп тістеніп, «Қайталаймын, қайталаймын» дейтіні бар еді. Сонда сабырының шегіне жеткенімізді бірден түсіне қоятынбыз. Анам өмір бойы үй шаруасында, бала тәрбиесінде болды. Бірінші баласы шетінеп кеткен екен. Бізді күтіп, бағып, үйде отырды. Бала кезімізде жайлауға барамыз ғой. Үйде сарымай, кілегей, қымыз бәрі болады. Бірақ кейде көк-сөк, жеміс-жидек жегіміз келеді. Анам нанның ішіне пияз турап, илеп жібереді де, пісіріп береді. Сол нанның әлі күнге дейін дәмі аузымнан кетпейді. Кейде нан пісірген соң ысып тұрған табаға пияз салып, үстіне май құйып жіберіп қуырып, қызыл бұрышты салып-салып жіберетін. Оның да дәмі тіл үйіреді. Кейде есіме түскен кезде соны дайындап, жегім келіп кетеді. Анам бала кезімде еркелетпейтін. Мені ұл сияқты өсірді. Бағдат деп ұлдың есімін қойды. Өзім де еркекшора болған соң ба, үйдің жұмысына жоқ едім. Бірақ кішкентай кезімізден сиыр саудық, табаға нан пісірдік, тауға шықтық, малды жайлауға айдап бардық. Менен кейін Ләззат есімді сіңлім бар. Сіңлімді еркелететін. 40 жасқа келсе де әлі еркелейді. Үлкен бауырым осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Анам ағамның шаңырағында тұрады. Қолында үлкен келіні, немере келіні бар. Мен енді Асекеңнің қасында жүргеннен кейін үйден көп шыға бермеймін. Анам өзі жылына 1-2 рет, кемі бір айға қонаққа келіп тұрады. Анаммен көп сырласамын. Біздің қазір енді көзіміз ашық қой, тым білгіш болып кетеміз ғой кейде. Арасында «Ананы бүйту керек, мынаны сөйту керек» дегендей ақылсынып жатсам, күлімдеп қарап отырып «ақылың толысқан екен» дейтіні бар. Асекеңе қатысты «Үлкен адам, тұғыры биік азаматтың жағасы кірлемесін, ер азаматтың киімі жерде жатпасын, еш уақытта бұрынғы киген шекпеніңді ұмытпа!» деп, әлі күнге дейін ақылын айтып отырады. Асекеңді Алаштың азаматы деп сыйлайды. Анам ұяң кісі болғандықтан Асекеңнің бетіне қарамайды. Мен арқылы сөйлеседі. Асекең екеуміздің жас айырмашылығымыз 34 жас. Ол кісі көңіл білдіргенде анаммен ақылдасайын дедім. Анама айттым. Бірден «жоқ, болмайды» деп қарсы болды. Сонда анам «Тұғыры биік тұлғаны қызымның жастығы көтере ала ма, елдің алдында ол кісіні ұятқа қалдырмас па екен?» деп қорқып едім» дейді. Сосын мен «Жоқ, мама, мен осы кісіге жастығымды арнағым келеді. Мен осы кісіні бақытты еткім келеді. Мен алған бетімнен қайтпаймын», дедім. Менің негізі бір нәрсені ойыма алсам, жетер жеріне жеткізбей, қайтпайтын бірбеткей тума мінезім бар. Содан кейін анамның біраз ойланып, «Пойыздағы кино бар ғой, сонда костюмінің жағасындағы қағазға дейін тауып алды ғой. Ол кісімен тұра алмайсың» дейді. Фильмді шынайы қабылдағаны ғой. Ал анам Асекеңді қазір намазына қосып отырады. «Ризамын саған, ер азаматыңды қарап, елдің батасын алып отырсың!» деп, ризашылығын білдіріп жатады. Анамды қыз кезімде бір рет ренжіткен кезім болды. Оның дұрыс емес екенін жас кезде түсінбедім. Сонда анам мені көндіргісі келіп, былай да айтты, олай да айтты. Бірбеткейлікпен қайтпаймын алғанымнан. Содан анам төрге етбетінен жатып, еңкілдеп жылады. Сол менің жүрегімде мәңгі қалып қалды. Бірақ ана жүрек қой, кейін ұмытылып кетті. Анам кіші Асекең дүниеге келгенде қатты қуанды. Мен енді 38 жасымда кеш көтердім ғой. Босанған соң қасымда болып, баламды 40 күнге дейін өзі қарады. Баламның басы сәл қысылып қалған болуы керек, анам сәбиімнің басын сипап отыратын алақанымен. Әкем баламның атын атамайтын, «Ханзада» дейтін. Анама сыйлық жиі жасаймын. Құдайға шүкір, қолымда бар, оның үстіне Асекең де «Анаңа сыйлық жаса, анаңды сыйла» деп отырады. Анам келген сайын алтынын алып беріп, білезігін салып, неше түрлі көйлектерін тіктіріп беремін. Қайтар кезде сөмкелерін толтырып, әрбір немересіне жеке-жеке сыйлық алып, салып жіберемін. Сөмкесі толып, ауылына мәз болып, маңғазданып қайтады. Құдай анама ұзақ өмір берсін деп тілеймін! Кейде балаларымызға неге тыңдамайсың деп ұрысып жатамыз. Мен де анама баяғы сол кішкентай баладаймын ғой. Кейде өзім біліп тұрсам да ананы-мынаны түсінбегенсіп сұрап қоямын. Ол менің ақыл сұрағаныма риза болып, өзінің керек екенін, пайдалы екенін сезініп, марқайып қалады. Анам аңыз әңгімелерді тыңдағанды жақсы көреді. Өз жанынан өлең шығарады. Әкесі молда болған кісі болғандықтан сол кісіден естіген хадистерді, нақыл сөздерді айтып отырады. Айтыс тыңдағанды жақсы көреді. Анама смартфон алып беріп қойғанбыз. Телефонынан таңнан-кешке дейін айтыс тыңдап отырады екен. Айтыстан жақсы сөздерді естіп алып, немерелеріне айтып беріп отырады. Анамның салмағы бар болғаны 33 кило ғана. Аяғының көлемі де шағын, 32 сантиметр. Анам өте кішкентай, нәзік кісі болғанымен, жүрегі үлкен. Бұрын әкем 1 жылдай төсек тартып жатып қалды. Анам жылы-жұмсағын беріп, жуындырып, әкемді аялап, бар мейірімін төгіп, кішкентай балаға қарағандай қарады. Сол кезде анама қарап отырып, болашақта қандай болатынымды көрдім. Кейін әкем қайтқанда бірде анам мұңайып отыр. «Не болды?» деймін ғой. «Қазір енді ауру қарап отырған жоқсың, неге мұңаясың?» десем, «Ол кезде жұмысым бар еді, қазір екі қолым бос қалды, не істеймін?» дейді. Анам сол пайдалы болғанды, көмектескенді жақсы көреді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар