Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ҰЛАН-АРЕНА» ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

«ҰЛАН-АРЕНА» ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
ашық дереккөз
«ҰЛАН-АРЕНА» ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Ұлан Қонысбаевты футболсүйер қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген Ұлан Әбиірбекұлы кәсіби мансабында «Тараз», «Астана», «Шахтер», «Қайрат», «Ақтөбе», «Оқжетпес» командаларында нәтижелі өнер көрсетіп, жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналды. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында да талай жыл жасындай жарқылдады. Егер Қытай мен Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде аяғын сындырып, ауыр жарақат алып қалмағанда әлі де жасыл алаңда атой салып жүрер ме еді?! Бірақ футболдан алыстаған жоқ. Бүгінгі таңда «Спарта» командасымен бірге Қазақстан медиалигасында өнер көрсетеді. Өмірі спортпен біте қайнасып кеткен Ұлан Әбиірбекұлының қазақ футболының болашақ жарық жұлдыздарының жолын ашуға да бет бұрғаны көңілімізді қуантты. Анығырақ айтар болсақ, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараз қаласының «Қаратау» ықшамауданындағы №29-30 үйдің ауласында «Ұлан-Арена» футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, «Ұлан ағамыз секілді атақты футболшы боламыз» деген арманмен өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің арманы орындалды. Атшаптырым аумақты алып жатқан футбол алаңының ашылу салтанатына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов қатысып, мереке қарсаңында балаларға ерекше тарту жасаған футболшыға, отбасына үлкен алғысын айтты. Сонымен қатар ықшамаудан тұрғындары да балалардың бос уақытын тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік жасаған футболшыға ризашылықтарын білдірді. – Ауламыздан футбол алаңының ашылғанына шексіз қуаныштымыз. Жазғы демалыс кезінде балаларымыздың бос уақыты көп болады. Кейде бұрыш-бұрышта ұялы телефонға телміріп отырған жастарға қарап қарным ашатын. Сондай кездерде ауламыздан заман талабына сай футбол алаңшасы немесе балалардың уақыт өткізуіне арналған қандай да бір ыңғайлы дүние жасалса деп ойлайтын едім. Бүгін көптен күткен тілегіміз орындалды. Енді жастарымыз футбол ойнап, уақыттарын тиімді өткізіп, болашақта Ұлан ағалары секілді атақты футболшы болады деп ойлаймын, – дейді «Қаратау» ықшамауданының тұрғыны Рысбибі Болатқызы. Сонымен қатар шара барысында Ұлан Қонысбаевтың «Футбол және мен» кітабының тұсаукесері өтті. Туындыда Ұлан Қонысбаевтың спорттағы алғашқы қадамынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері, бағындырған биіктері, кездескен сәтсіздіктер, бір сөзбен айтқанда, өмір жолы шұрайлы тілмен көркем баяндалған. Осылайша жасыл алаңдағы шеберлігімен, ойын өрнегімен желектей желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектердің кумиріне айналған Ұлан Әбиірбекұлы ұрпақтың игілігі үшін игі іс жасап, үлкен-кішінің алғысын арқалап қайтты.

Ақжан ЖАМБАЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар