Қуанса, бала қуансын!
Жаз мезгілімен бірге келетін Балаларды қорғау күні – ең ерекше мерекелердің бірі. Балалық шақ –
бұл әр адам үшін ең бақытты уақыт. Сондықтан біз әрқашан жастық пен балалық шақтың жылдарын өте жылы сезіммен еске аламыз.
Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып есеюіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің де болашағы жарқын болмақ.
Балаларды қорғау күнінің өзіндік тарихы бар.
Ересектер әлеміндегі бітпейтін жанжалдар мен соғыстан көп жағдайда балалар жапа шегеді. ХХ ғасырдағы әрбір дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген бала алаңсыз балалық шағынан айырылып, үй-күйсіз, далада қаңғып, жетімдіктің ауыр азабын тартты. Сол себепті бүкіл адамзат қауымы алдында осындай қиындықтарды шешу мәселесі тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1925 жылы Женевада арнайы Дүниежүзілік конференцияға шақырылды. Онда қаралған басты мәселе – соғыстан жапа шеккен балалардың тағдырына жауапкершілік алып, олардың әл-ауқатын көтеру мәселесі болды. Осы шақырылымнан кейін бірнеше жылдан соң өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өтетін Халықаралық балаларды қорғау күні бастау алды. Халықаралық балаларды қорғау күні күнтізбеде маусымның 1-і күні ретінде бекітілген. Бұл күнді таңдауға екі тарихи оқиға себеп болған. Оның біріншісі – 1925 жылы Женева конференциясының өтуі, екіншісі –
Сан-Францискода Қытайдың бас консулының жетім балаларға арнап айдаһар-кемелер мерекесін өткізуі.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күллі әлемге соғыстан кейінгі балалық мәселесін шешуге тура келді. 1949 жылдың күзінде Халықаралық әйелдер демократиялық қауымдастығының конференциясы өтті. Онда балалардың бақытты болуының басты себебі тек әлемнің тұрақтылығында деген ой айтылды. Осылайша аталған конференцияда Балаларды қорғау күні ресми түрде бекітілді. Бұл шешімді сол жылдары енді құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы да (БҰҰ) қолдады. Бұған қоса БҰҰ балалар құқығын қорғау мекеменің басты бағыттарының бірі болатынын мәлімдеді. 1950 жылдары ондаған елде Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіле бастады.
1940 жылдың соңы адам құқығын қорғау кезеңі ретінде тарихта қалды. Сол жылдары адамзат қауымы балалар құқығын қорғау ісін де қолға алып, бірқатар тиісті халықаралық құжатты әзірледі: 1959 жылы декларация қабылданды. Онда балалардың өмір сүруі, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау, мемлекет тарапынан олардың болашағының жарқын болуына атсалысу сынды қаулылар құжат жүзінде бекітілді. Декларация қабылданғаннан кейін 20 жыл өткен соң 1979 жыл – «Халықаралық балалар жылы» деп жарияланды. Тағы бір онжылдықтардан кейін, 1989 жылы балалар құқығы туралы конвенция қабылданды. Бұл құжаттың мәртебесі жоғары: ол декларациямен салыстырғанда халықаралық құжат ретінде қарастырылды, әрі ол өскелең ұрпақтың мүддесін қорғап, олардың құқықтарының қорғалуының кепілі ретінде бекітілді. Бұл кепілдіктің барлығын әлемнің көптеген елі мен БҰҰ-ға мүше елдер қабылдады. 1946 жылы БҰҰ жанында балаларға көмек көрсетуге арналған арнайы ұйым – ЮНИСЕФ құрылды. Ол түрлі елдердің үкіметі мен жеке тұлғалардан қайырымдылық қаражатын жинайды. Аталған қаржының барлығы балалар мәселесін шешуді көздейтін әлем бойынша арнайы қызмет жұмысын құру және оны жүзеге асыру ісіне жұмсалады.
Халықаралық балаларды қорғау күні не үшін қажет деген сұраққа келер болсақ, бұл мереке ересектерге балалар әлемінің нәзік, оларға үнемі қолдау мен қорғау қажет екенін еске салады. Атаулы күн күллі адамзат баласын жасөспірімдер мәселесіне бейжай қарамай, мемлекеттік деңгейде олардың шешілуіне кепілдік бере алу керектігін айғақтайды.
Балаларды қорғау күнінің атап өтілуі – олардың құқықтары қазіргі қоғамда қалай қорғалып жатқандығына назар аударудың басты себептерінің бірі. Бұл дүниежүзіндегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған мүмкіндік. Ал балалар үшін отбасымен қарсы алатын, жарқын сәттерге толы мереке болып есте қалмақ. Кей елдерде халықтың басым көпшілігі, оның ішінде балалар аштықтың зардабын шегеді. Ал көптеген дамыған елде теледидар, интернеттің теріс әсері сынды проблемалар да бар. Салдарынан жасөспірімдер арасында интернетке тәуелділік, жағымсыз әдеттерге деген қызығушылық артып келеді. Балалардың күйзелісі көп жағдайда психикалық ауытқушылықтарға, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырып жатады. Бұдан бөлек олардың арасында шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі сынды күрделі мәселелер белең алуда. Осы орайда мерекелік күннің негізгі міндеті – Халықаралық конвенцияда бекітілген. Яғни балалар құқықтарын қоғамға тағы бір рет еске салу әрі оны насихаттау –
басты миссияның бірі.
Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы 1994 жылы қабылданды. Олардың басты талаптары елдегі балалар құқығын қорғау жүйесінің негізіне айналды. Республикада балалардың құқығын барлық деңгейде қорғайтын мынадай заңдар қабылданды: ҚР Конституциясына сәйкес (27 бап) отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады.
«ҚР балалар құқығы туралы» Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген. ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген. Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалар құқығын қорғау комитеті құрылған. Ол аталған сала бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
Ғалия Тұрарқызы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы
Келесі мақала