ҚАЗАҚ ГЕРАЛЬДИКАСЫНЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ ЖАТЫР
Тәуелсіз, жеке дербес ел болудың бір сипаты – оның рәміздері. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлттық құндылығымыз. Осы орайда ұлттық геральдикамыздың тұғыры – Мемлекеттік рәміздерді қолданудың құқықтық нормативтерін сақтау мақсатында ел Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын.
Тарихы терең геральдика сөзі – таңбатану ілімі дегенді білдіреді. Ол – өнердің бір түрі. Адамзат баласы жаратылғаннан бері бар дүние. Айталық, ұлы даланың сәніне айналған жартас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (иероглиф) ежелгі далалықтар геральдикасының бастауы деуге болады. Ал еуропалықтар болса, әр кездері өмір сүрген жеке тұлға, әулет пен қауымдастыққа тән қабылданған айырым таңба-белгілерді «геральдика» деп атап жүр. Нақты ғылыми тұжырымдамасына тоқталар болсақ, геральдика – мемлекеттің, рудың, мекеменің, әулеттің, жеке тұлғаның және тағы да басқалардың ерекшелік таңбасы ретіндегі гербтерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Оған символдық бейнелер мен эмблемаларды жатқызуға болады. Сондай-ақ бұл сала – ономастика, генеология, нумизматика, палеография, cфрагистика сияқты пәндермен де тығыз байланысты. Біздің ұлттық геральдикамыздың рухани-әлеуметтік ауқымы өте кең әрі тарихы тереңде жатыр. Басқасын былай қойғанда, соңғы жылдары қазақ жерінен табылып жатқан археологиялық артефактілер мен ерте ғасырларда мемлекеттік басқарудың өзегі болған геральдикалық белгілер: кірке-пайзылар, ту, жалау, хандардың мөрі, картография, хат-хабар және тағы да басқа жәдігерлер ұлттық геральдикамыздың айқын дәлелі.
Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан кірке-пайзылар сонау ғұн дәуірінен бастау алады деп тұжырым жасаған екен. Одан кейін қазақ геральдикасының бір сипатына жататын топ – мөртаңба, сфрагистикалар бар. Мұны көне түркі мәтіндерінде «тамға, тамғачы» деп атаған. Зерттеушілер әртүрлі таңбалардың символдарын, құпия белгілерін, елтаңбалардағы кодтар мен мөрдегі шифрлардың қай дәуірде қай тайпаға қатысты болғанын, оның сабақтастығы мен кейінгі мұрагерлерін, соған байланысты тарихи оқиғаларды кең түрде зерттеп-зерделеді. Одан геральдика дегеніміз – бір ұлттың ғана емес, бүтін бір материктегі хандықтар мен империялардың ұлттық белгісіне, елтаңбасына айналатынын көреміз. Біздің геральдикалық символдарымыз тіпті континент аттап, Еуропадағы бүгінгі қуатты мемлекеттердің елтаңбасы болып орын тепкен. Шындығында, мұнда кодталған үлкен тарих жатыр. Қазақ геральдикасы уақыт тұрғысынан сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңіне жіктеле отырып, аралық мемлекеттер: үйсін, қарлұқ, қаңлы, қыпшақ, хазар, кимек, сармат дәуірлерін, оған жалғас Ұлық ұлыс – Алтын орда, Қазақ хандығы, ресейлік отаршылық, кеңестік кезең, тәуелсіз Қазақстанға дейінгі уақытты қамтиды. Өнер туындысы ретінде оның этнографиялық маңызын, тарихи құндылығын, жасалу стилін, қоғамды тұтастырушы күш ретіндегі әскери-жауынгерлік қуатын, қарапайым тұрмыстық ерекшеліктерін жеке-жеке айқындап алған жөн. Ол үшін қазақ геральдикасын ұлттық таным тұрғысынан сараптай алатын ғылыми-сарапшылардың пікіріне, петроглиф, иероглиф, жартас жазулары сияқты тағы да басқа ежелгі мұраларға, қазақ фольклорындағы жауынгерлік жыр-мәтіндер сияқты деректерге жүгінген жөн. Таңба қазаққа таңсық емес. Әрісінде таста петроглифі мен иероглифі қалған болса, берісі Елтірі қаған қайтыс болғанда қойған таңбалы тасы бар. Ал әр рудың бір жартасқа әкеп өз таңбасын қалдыру дәстүрі –
мұндағы ауызбірлік пен елдіктен хабар береді. Ендеше тасқа қашалған тарихымызды дәріптеу – баба аманаты, ұрпақ парызы.
Ғалия АБДЫХАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің аға оқытушысы
Келесі мақала