Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ
ашық дереккөз
ДІНИ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ
2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі Америкадағы атышулы оқиғадан және Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы «араб түрлі түсті төңкерістерінен» кейін жалпы әлемде және жекелей алғанда біздің елімізде 2011-2016 жылғы террористік актілерден соң діни пиғылдағы экстремизм мен терроризм тақырыбы өзекті мәселердің біріне айналды. Осыған орай дін мен саясат, ислам мен лаңкестіктің ара-қатынасын ашып айтып өткен маңызды болмақ. Себебі қазақтың тепсе темір үзетін жігіттері дәстүрлі діни идеяның болмауынан экстремистік және террористік ұйымдардың арбауына түсіп, адасып жүр. Жиырма жыл бойы дінаралық төзімділік пен рухани келісім саясаты жүргізіліп келген елімізде соңғы бірнеше жылдың ішінде аяқ астынан діни пиғылдағы лаңкестік пен содырлық актілер орын алды. Исламның «саясилануының» салдарынан исламшылдық, ислам идеологиясы, фундаментализмі, догматизмі, радикализмі, джихадизмі және тағы да басқа терминдер мен сөз тіркестері кең қолданысқа түсіп, қоғамтанушылар тарапынан бұл күрделі құбылысты шынайы ғылыми тұрғыда зерттеудің қажеттілігімен қатар кедергілерін де тудыруда. Ислам мен оның саясатқа қатынасын зерттейтін тұтастай институттар құрылып (мысалы, Ресейде Дін және саясат институты, Таяу Шығыс институты және тағы да басқа), олардың зерттеулерінде (мысалы, А.А.Игнатенко, А.Малашенко, Е.Сатановский және тағы да басқа) исламның жағымды да жағымсыз бейнелері қалыптастырылуда. Ислам мен оның саясатқа қатынасы діни догматизммен сипатталатын фундаментализммен байланыстырылып және ол бүкіл ислам әлеміне тән деп есептелініп отыр. Әрине, бұл тұста ақпараттың қандай қайнардан алынып отырғанын, оның риясыздығы немесе жасандылығын, объективтілігі немесе субъективтілігін, бейтараптылығы немесе тенденциялық бұра тартушылығын, ғылыми негізділігі немесе үстірт бағалаушылығын ескеру өте маңызды. Діни білімсіздіктен туатын исламофобия да, саясатта жасырын қолданылатын «жұмсақ күштер» де белгілі дәрежеде қоғамда паранойя құбылысын тудырады. Дегенмен бұл мәселеге 2011 жылы Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының ашылымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ден қойып, өз сөзінде жаһандық БАҚ дін мен терроризмнің арасына теңдік белгісін қойып, Исламды дискредитациялауына, демонизациялауына алаңдаушылық білдіріп «Бейбітшілік пен қайырымдылықтың, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретіндегі» исламның жағымды бейнесін қалыптастыруға күш-жігер жұмсаудың қажеттілігін айтты. Ешқандай дін адамды қыруға, жоюға шақырмайды. Керісінше мейірімділікке, кешірімділікке, адамдарға ізгі іс істеуге үгіттейді. Қазіргі таңда экстремистердің тарту жолдары мен күресудің тиімді жақтарын атап өткен жөн. Қазақстанда экстремистік, террористік деп танылып, сот органдарымен тыйым салынған 21 ұйым бар. Олар «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд халық конгресі», «Асбат аль-Ансар», Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз-Ғұрт», «Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты», «Лашкар-и-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «АУМ Синрике», «Түркістан ислам партиясы», «Халифат солдаттары», «Хизб ут-Тахрир аль-Ислами», РҚБ «Сенім.Білім Өмір», «Таблиғи жамағат», «Ат-такфир уаль-хиджра», «Ислам мемлекеті» және «Ан-Нусра фронты». Бұл экстремистік ұйымдардың қоғам үшін қауіптілігі – олар өз қатарына жастарды, қалаға жұмыс іздеп келген ауыл жастары мен шоғырланып тұратын студенттерді көп тартады. Қатарына қосу үшін жастардың рухани және материалдық қажеттіліктерін, әлеуметтік қиыншылықтарын, сондай-ақ ғибадаттар мен киімі, жүріс-тұрысы тәрізді діннің сыртқы формаларына деген қызығушылықтарын қанағаттандыра отырып, әрқилы тәсілдерді пайдаланады. Нәтижесінде өзін «жаңа мұсылман» сезінген неофиттің бойында тәкаппарлық пайда болып, бір апта бұрынғы өз достарынан, жалпы, қоғамнан, кейде тіпті өз отбасынан оқшаулана бастайды. Түбінде мемлекетті, ата заңды мойындамай, өздері ойлаған террорлық әрекетке барады. Енді лаңкестікпен күресудің тиімді жолдарына келер болсақ, ең алдымен діни иммунитет қалыптастырып және мемлекеттің араласуымен бұл қауіпті құбылыстың құқықтық өрісін шектейтін заңнамалық жолын қатаңдату керек. 2011 жылы 11 қазанда ҚР «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. «Заң – заманның талабы» демекші, аталмыш құқықтық құжат, тұтастай алғанда, дер кезінде қабылданды. Ол бір жағынан адам мен азаматтың ар-ождан бостандығына, әркімнің ішкі сеніміне қол сұқпай, екінші жағынан мемлекеттің зайырлылық ұстанымын сақтай отырып, жаппай дінмен әуестенудің «балалық ауруына» тосқауыл қоя біліп, деструктивті діни бағыттардың саяси сипат алып, жайылуына кедергі болады. Осы заңның шеңберінде Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының дінтанушы мамандары және облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» мен «Оңалту орталығының» дінтанушы, теолог мамандары облыстағы барша азаматтарға діни иммунитет қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп және теріс діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарды оңалтуда. Сонымен қатар дінтанушы, теолог мамандар имамдармен бірлесе эфирге шығып, ғаламтор желілерінде плюрализмнің, толеранттылықтың, заңға мойынсұнудың дінге жат емес екендігін, керісінше құпталатынын түсіндіруде. Діни экстремизм мен терроризмге тек осы саладағы мамандар емес, жалпы қоғам болып күрескенде ғана біз экстремизм мен терроризмге тосқауыл қоя аламыз. Арман СӘРСЕНБАЕВ, облыс әкімдігінің діни экстремизмге қарсы насихат бөлімінің инспекторы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар