Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құмжота өз алдына округ болса...

Құмжота өз алдына округ болса...
ашық дереккөз
Құмжота өз алдына округ болса...
Құрметті Бақыт Алпысбайұлы! Біз Құмжота ауылының бір топ тұрғынымыз. Бұл ауыл өз алдына үлкен елді мекен болғанымен, ол Бурыл ауылдық округінің құрамында. Біз Бурыл ауылдық округінің әкімшілік бөлінісін қайта қарастыруды өтініп, Сізге хат жолдағанбыз. Жауабы «Экономикалық жағынан тиімсіз» деген сыңайда болды. Бурыл ауылдық округінде 16 мың тұрғын бар болса, соның 7 мыңға жуығы Құмжотада тұрады. Көктал ауылдық округінің тұрғындары саны 3700 адам. Осы ауылдан екі есе тұрғыны көп Құмжотаға бөлек әкімдік сұрасақ, бұл біздің кіндік қанымыз тамған ауылды өз алдымызға отау тігу арқылы өркендетуге талпынуымыз деп түсініңіз. Бұл іске таяққа сүйенген қариядан, ес білген балаға дейін үлес қосуға даяр. Бөлек әкімшілік құру үлкен қаражатты талап ететін шығар. Бірақ халық саны 5 мыңнан асқан ауылда өз алдына бөлек әкімшілік құру тұрмақ, ол ауылдық округ әкімінің орынбасары болуы қажет екеніне дейін заңда атап көрсетілген. Біз сұрасақ, осы құқығымызды пайдаланып отырмыз. Ал бұған қаржы қолбайлау десеңіздер, онда өз алдына әкімдік ғимарат іздемей-ақ, Бурыл ауылдық округінің ғимаратынан тек Құмжота ауылының мәселесімен айналысатын бір әкім азаматты бөліп беруді сұраймыз. Егер ол жай ғана маман болса, оның қолынан түк келмейді. Сондықтан ол азаматтың қызметі Бурыл ауылдық округі әкіміне бағынышты болмай, соның дәрежесімен тең болуы тиіс. Бұл қызметті атқаратын адамды халық өзі таңдап, сайлауын да сұраймыз. Негізінде біздің ауылдың өз мектебі, балабақшасы, құрылысы аяқталмаған спорт кешені, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын диқаншылық бағыттағы жері де бар. Ауыл тұрғындары өз қаражатына мешіт саламыз дегенде бұрынғы ауылдық округ әкімі жер мәселесін шешіп бере алмаған. Ендігі біздің өтінішіміз – ауылымыздың сойылын соғатын, көзінің оты бар, ел десе бел жазбай еңбектенуге даяр, оқыған, істің байыбын білетін, көзі ашық бір жас азаматты Құмжота ауылына өз алдына жауапты етіп сайлау не тағайындау. Мұны қатты қажет етуімізге «Әкім не бітірді емес, біз не бітірдік?» деген сұрақтың аясында ауылды дамыту үшін құмжоталықтардың бірігіп қимылдауы себеп болып тұр. Осы тұрғыда ауылдың жеке бюджет қаражаты қалыптасуын көздеп отырмыз. Сонымен қоса кез келген қолдан келетін шаруаны өз ауылымыздан шыққан қалталы азаматтар мен ауыл тұрғындарының бірлігі арқылы да шешуге болады. Біздің Бурыл ауылдық округінен бөлінбей, ойға алған мәселеміздің шешімін таппайтыны анық екеніне көзіміз жетті. Өйткені халық саны көп үлкен ауылдық округте атқарылған іс көзге көрінбей жатыр. Мәселен, біз жылда ерте көктемде сенбілік ұйымдастырамыз. Енді ауыл сыртына мыңдаған терек егіп, оны малдан қору, күтіп-баптауды бір-бірімізге тапсыру секілді шаруаны қолға алсақ дейміз. Кезінде тал егу науқанына оқушы сұрап, ҚР Парламентіне дейін хат жолдағанбыз. Онымыздан нәтиже болмаған соң, бұл іске ауыл жастарын тартсақ деген ниет пайда болды. Жастардың «Арақсыз ауыл» мәселесін көтергеніне де біршама уақыт болды. Соның арқасында арақ-шарап сататын нүктелер азайды. Өз алдымызға отау тіксек, осы тектес мәселемен түбегейлі айналысар едік. Ауылдағы мәдениет үйінің басшысына «Айтыс секілді түрлі мәдени іс-шара ұйымдастырайық. Жастар рухани азық алсын, біз көмектесейік» дегенбіз. Бұл мәселе әлі қолға алынбады. Ауылдағы спорт нысанында қазақша күрестен «Аудан барысы» турнирі ұйымдастырылса, бұл да нұр үстіне нұр болар еді. Ауылда шешімін таппаған мәселе, бітімге келмеген дау көп. Қос ауыл қазір бір әкімге жүк болып отыр. Негізінде ауыл әкімі Ерлан Әбенұлы іскер азамат. Округке қарасты елді мекендерді гүлдендірсем деген талпынысы да жақсы. Бірақ оның бәрін бір әкімшілік округ аппараты тарапынан еңсеру мүмкін емес. Сондықтан Құмжота өз алдына округ болса, немесе Құмжота ауылына бір ғана әкім үшін арнайы штат ашылса, ауыл басшысы болып арамыздан елдің жоғын жоқтап, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын іскер азамат сайланса, мәселені жұрт болып бірге шешер едік. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Құрметті Б.Қазанбасов мырза! Осы мәселені жеке қарап, халық сұранысына орай шешіп беруіңізді өтінеміз! Қандай да бір ауылдық округке қарасты бір елді мекенде халық саны едәуір артса, оның өз алдына ауылдық округ болып құрылу талабына сай келетінін жақсы білеміз. Осы талап бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жазуымызға болады. Алайда құмжоталықтар бұл істі әлі де болса аудан әкімі шешіп берер деген үмітпен өзіңізге сенім артып отыр.

Мақсат БЕГІЛДА, Құмжота ауылының тұрғыны

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар