Қазақ пен қырғызға ортақ тұлға
Биыл жыл басынан бері туысқан Қырғыз елі «Адамзаттың Айтматовы» атанған көрнекті қаламгер, әлем мойындаған классик-жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығын кеңінен мерекелеуді бастап кетті.
Қазақтың талай ғұлама жазушыларымен, өнер адамдарымен достық қарым-қатынаста болған, қазақ елі мен жерін өзінің туған жұртындай сүйіп, қастерлеп өткен даңқты жазушы Айтматовтың мерейтойын атап өтуден біздің еліміз де қалыс қалып жатқан жоқ.
Соның бір куәсіндей – осы жуырда ғана Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры Ш.Айтматовтың 95 жылдығына орай жазушының «Жәмилә» повесінің желісімен осы аттас лирикалық драманы сахнаға шығарып, премьерасын көрсетті.
Бір кездері телеарнадан, фильмде көрген «Жәмиләні» бұл жолы театр сахнасынан тұңғыш рет көрдім...
Сахнадан көрген «Жәмиләға» қатты әсерленгенім соншалық, оның жазылу, таралу, танылу тарихын тереңірек зерттеп көрсем, 1958 жылы жазылып, жарық көрген бұл туынды Шыңғыс Айтматовтың әлемдік деңгейдегі үлкен жазушы болуына алғаш жол ашқан, ең бірінші болып, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің батасын алып, кейіннен Кеңес одағындағы ең жоғары – Лениндік сыйлық берілген шығарма екен.
Мұхтар Әуезов Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» хикаятын ішкі жандүниесі терең, ойы таза, адамгершілігі мол, ұлы жеңіс пен болашаққа деген сенімдері зор қос бейне – Данияр мен Жәмиләнің мөлдір махаббаттарын паш ететін жаңашыл туынды ретінде бағалайды.
Ал француз жазушысы Луи Арагон осы шығарма арқылы жас қаламгер Шыңғыс Айтматовтың дарынын жоғары бағалап, «Әлемдегі ең асыл махаббат» атты мақала жазады және осы повесті батыс елдеріне кеңінен мадақтап, танытады.
Осыдан кейін-ақ Шыңғыс Айтматов шығармашылығы ерекше құбылыс болып саналып, оның қаламынан туған әрбір туындысын әлемдегі мыңдаған оқырман асыға күтіп, қолдан-қолға тигізбей оқитын дәрежеге ие болады.
Ал Шыңғыс Айтматовтың қырғыз бен қазаққа ортақ тұлға екендігін дәлелдей түсетін мысалдар өте көп.
Біріншіден, Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов 1928 жылы 12 желтоқсанда Қырғызстанның Қазақстанмен шекаралас Талас өңіріндегі Шекер ауылында дүниеге келіп, жастайынан қазақ халқына етене жақын болып өседі.
Тағы бір дерек: Шыңғыс Айтматовтың есімін белгілі қазақ ғалымы Бейсембай Кенжебаев қойған екен.
Бұл турасындағы мәліметті жазушы Әлібек Асқаровтың «Алатаудың арғы жағы, бергі жағы» атты мақаласынан («Егемен Қазақстан», 11 қараша, 2017ж.) табамыз. Мақаладан үзінді келтірсек: «Бүгінгі әдеби сынның марғасқаларының бірі Құлбек Ергөбек айтқан мына бір естелікті естігенде біз де қайран қал¬ғанбыз...
Атақты әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбектің рухани әкесі Бей-сембай Кенжебаев пен Шыңғыстың әкесі Төреқұл Мәскеуде И.В.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде бірге оқыпты. Олар айнымас достар болыпты. Достықтары соншалық, университетті бітірерде: «Үйленіп, перзент көрерміз. Сонда бірімізден ұл, бірімізден қыз болып жатса, атастырайық, екеуміз бел құда болайық. Егер екеумізден де ұл болса, Шыңғыс қағанның атын берейік, ал егер екеумізден де қыз болса, Шолпан деп атайық», деп қол алысып, төс түйістіріп серт¬тесіпті. Кейін, отызыншы жыл¬дардың ортасында екі дос Мәскеудегі тағы бір жиында кездесіп қалады ғой...
Сұрастыра келсе, екеуінің де тұңғыштары ұл болыпты, екеуі де ұлдарына Шыңғыс деп ат қойыпты. Бұл да ежелден келе жатқан ұлы достықтың жүрек тебірентер бір көрінісі-ау! Сол достықтың белгісінің бірі – әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов, бірі – Мәскеудегі В.Суриков атындағы Көркемсурет институтын қазақ арасынан тұңғыш оқып шыққан, ұлттық өнерімізде қайталанбас қолтаңбасы бар майталман суретші Шыңғыс Кенжебаев. Өмірде ештеңенің де кездейсоқ болмайтынына осындайда көз жетеді. Ертеңгі күні әлемге мәшһүр жазушы болатын Айтматовтың есімін қазақтың әйгілі әдебиеттанушы ғалымы Бейсембай Кенжебаев қойған екен!»
Шыңғыс Айтматовтың жас бозбала кезі мен жігіттік шағы түгелдей дерлік Қазақстанда, онда да өз өңірімізде бұрынғы Жамбыл қаласы мен облысы аумағында өткен екен. Болашақ жазушының ең әуелі мүлдем басқа мамандықты таңдап оқығаны да таңданарлық. Шыңғыс орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін сол кездегі Жамбыл қаласындағы мал дәрігері-зоотехникалық техникумының «ветеринария» бөліміне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, содан соң Қырғыз ауылшаруашылығы институтын тәмамдайды. Институтты бітірген соң, 1953 жылдан 1956 жылға дейін Қазақстанның Жамбыл облысы Талас ауданындағы Қазақ зоотехникалық-малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының эксперименттік фермасында зоотехник болып қызмет жасайды.
Мұхтар Әуезов жас жазушы Шыңғыс Айтматовтың бойындағы зор қаламгерлік қуатты байқап, оған әрдайым көз қырын салып жүреді.
Шыңғыстың «Жәмилә» хикаятына ерекше баға берген Мұхтар Әуезов бұл шығарманы Мәскеуден шығатын «Новый мир» журналына 1958 жылы өз алғысөзімен жариялауға қолғабыс етеді. Содан бастап Кеңес одағы мен әлем оқырмандарына Шыңғыс Айтматовтың аты мәшһүр болады.
Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық ғұмыры түгелге жуық қазақ жерімен, елімен, өзінің Қазақстандағы қаламдас достары: ұлы Мұхаң – Әуезовтен бастап, Зейнолла Қабдолов, Қалжан Нұрмаханов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов, тағы басқа қаламгерлердің ықпал-әсерімен тікелей байланысты десек те болады екен.
Шыңғыс Айтматовтың қазақ пен қырғыз арасындағы шекаралас ауылда туып-өсуі, білім алуы, азамат ретінде қалыптасып, үлкен өмірге қадам басуының әсері оның шығармаларының өне бойынан көрініс тауып отыратынын да байқаймыз. Солардың бірі – «Жан пида» романындағы көптеген оқиғалар Шу алқабында, қазақтың шексіз жазирасында өтеді.
Айтматовтың өзінің айтуы бойынша, ол жетпісінші жылдары пойызбен Мәскеу жақтан келе жатқанда Қазалы стансасынан отырған бейтаныс қазақ қариясының әңгімесін негізге алып, «Боранды бекет» повесін жазған.
Ш.Айтматовтың өз айтуынша, оның «Қызыл алма» туындысының жазылуына досы, академик ғалым, жазушы Зейнолла Қабдоловтың идея беруі себепкер болған.
Шыңғыс Айтматовтың өзі де, сөзі де өтіп тұрған кездерінде оның қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне қолдау көрсеткен сәттері де аз еместігін байқаймыз.
Мәселен, Сұлтан Қожықов, Ғабит Мүсірепов, тағы да басқа қазақтың әр сала бойынша марғасқаларының біріккен туындысы, қазақ киносының жауһары «Қыз Жібектің» экранға шыққанға дейінгі жолы кедергілерге толы, аса ауыр болыпты. Сол уақытта Мәскеу «қожайындары» алдында бар беделін салып, «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін бекіттіріп берген Шыңғыс Айтматов екен.
Бірде Франциядан келген жас журналист қыз Шыңғыс Айтматовқа: «Сіздің туындыларыңыздың көптеген кейіпкерлері қазақтар болып келеді. Оның себебі неде?» деген ойлы сұрақ қояды.
Сонда Айтматов: «Қазақ пен қырғыз түркіден тарайтын туысқан халықтар. 15-16 ғасырдан бері Алатаудың екі шетінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақ пен қырғыз ежелден қыз беріп, қыз алысқан, мың жылдық құда болған, салты, дәстүрі, ділі, діні, тілі өте жақын ел. Біздің қуанышымыз, қайғымыз, тағдырымыз бір халықпыз. Алатаудағы жайлауларда осы күнге дейін қазақтарсыз той өтпейді. Сондықтан да менің романдарымда қазақ кейіпкерлерім көп кездеседі. Ол кейіпкерлерсіз кез келген туындым шымыр, шынайы шықпаған болар еді», –
деп жауап беріпті.
Марат ТӨЛЕНДИЕВ,
Ш.Смаханұлы атындағы
№44 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Тараз қаласы
Келесі мақала