Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АЛАШ ҰРАНЫ – ұрпақтың рухани уызы

АЛАШ ҰРАНЫ –  ұрпақтың рухани уызы
ашық дереккөз
АЛАШ ҰРАНЫ – ұрпақтың рухани уызы

«Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар».

Әлихан БӨКЕЙХАН

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені ол қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс еді. Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы – қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұған дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі мақсатқа жету үшін қандай да болмасын замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді. Алаш қозғалысы Кеңес өкіметі тарапынан терістелгенімен оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру. ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі – тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялыларының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ қоғамында ұлттық идея жөнінде әңгіме басталып, ол толастар емес. Бұл заңды да. Заңды болатын себебі, ұзақ уақыт отарлық құрсауында қамалған, егемендігін енді орнықтырған, жаһандану алдында тұрған халықтың есті ұрпағы ұлтын ұйыстырар идея іздемек. Бұл жөнінде қазіргі қоғамда әртүрлі көзқарастар өріс алып отырғаны мәлім. Осы орайда бұл мәселеге қатысты көрнекті алаштанушы М.Қойгелдиевтің мына бір пікірін келтіре кеткен жөн. Ғалым былай деп жазады: «Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытындылап, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау қарекеті». Әлбетте, Алаш қозғалысы кезеңі мен бүгінгі кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін жақсы түсінеміз. Айтпағымыз, Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының бойына сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш зиялыларының сан салалы мұрасынан, олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде бағалап, яғни бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатқандығына мән беріп, одан өрісті өнеге, ғұмырлы ғибрат алуымыз керек. Бұған мемлекеттік деңгейде де, зиялы қауым тарапынан да ерекше көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймыз. Сондай-ақ Алаш қозғалысының қарқынды жүруіне ерекше еңбек сіңірген, тіпті оның дүниеге келуіне атсалысқан бірқатар тұлғалардың есімдері арагідік болмаса, өз деңгейінде айтылмай да, бағаланбай да келе жатқанына назар аударуымыз қажет. Өйткені Алаш қозғалысы дегенде, көбінесе біздің есімізге бірнеше белгілі қайраткерлер ғана түседі. Алаш қозғалысымен бірге оның Уәлихан Танашев, Жанша Сейдалин, Айдархан Тұрлыбаев, Ыбырайым Жайнақов, Асылбек Сейітов, Тел Жаманмұрынов, Аспандияр Кенжин, Базарбай Мәметов, Иман Әлімбеков, Әлжан Байғорин, Садық Аманжолов, Мұқыш Боштаев, Дәулетше Күсенқалиев, Ережеп Итбаев, Хамит Тоқтамышев, Сейілбек Жанайдаров, Нұрғали Ипмағамбетов, Әзімхан Кенесарин, Сейдәзім Қадырбаев сынды көрнекті қайраткерлерінің де ұлт пен тарих алдындағы еңбектеріне лайықты баға беру, құрмет көрсету – біздің тарихи жадымыздың беріктігі мен азаматтық адалдығымыздың айғағы болмақ. Есімдері аталмаған қаншама азамат ХХ ғасыр басындағы отаршылдық қамытындағы халқы үшін бастарын бәйгеге тікті. Олар сол ерен істеріне марапат алмақ түгіл, жеке бастарына қауіп төндіріп алды. Одақтың зымиян саясаты бастапқыда ыдырату мақсатында Алаш қайраткерлерін бауырына тартқан болып, диктатурасы күшейгенде оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Алаштың атымен ұлы іс бастаған оның қай тұлғасы да құрмет пен марапатқа әбден лайық. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі – олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, ұрпақтың рухани уызына айналдыру. Түптеп келгенде, бұл өзіміздің ұлттық санамызды қалыптастыру, ел алдындағы перзенттік парызымызды орындау, ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің көкесі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашанда қазақпен бірге жасайды десек, онда сол орасан мақсатты орындау үшін қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, айналып келгенде, қазақты ел ететін, мемлекет ететін рухани олжасы Қазақстанда айрықша орынға ие болу керек. Сонда ғана ұлтымызды әлемге әйгілейтін, жасампаздығымызды жаһанға жариялайтын тұрпатымыз бен тұлғамыз анық көрінбек. Тағылымды істі аманат ретінде қабылдау – Алаш баласының әуелгі қасиеті, дәстүрлі жоралғысы десек, Алаштың жолы, Алаш қайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстанымдардың бірегейі болатынын естен шығармаған абзал. Халықтың ел болып жасамағы, ұлт болып өсіп-өркендемегі сол халықтың өз ішінен шыққан тұлғаларға байланысты. Тарихымызда ел ұйыстырар, көш бастар тұлғалар көп болған. «Сүйер ұлың болса, сен сүй – сүйенерге жарар ол» деп данышпан Абай айтпақшы, халқымызға айрықша еңбек сіңіргенАлаш қайраткерлерінің өмірі мен ісін білгеніміз абзал.

Бауыржан БЕКЖАНОВ, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» Меркі аудандық бөлімшесінің меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар