Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Сағыныш сазын» халық өз иесіне қайтарса екен дейміз

«Сағыныш сазын» халық өз иесіне қайтарса екен дейміз
ашық дереккөз
«Сағыныш сазын» халық өз иесіне қайтарса екен дейміз
1990 жылдардан бері көше әні болып халық аузында айтылып жүрген бұл ән бүгінге дейін өз иесін таппай келді. «Сағыныш сазы сен едің, Ғашықтың бірі мен едім» деп басталатын мөлдір сезімге, тұнық лирикаға толы туындыны сол кездергі жастар көшеде домбыра, гитара аспабымен жиі орындаушы еді. Талай-талай ойын-сауық кештерінің мәні мен сәнін келтірген осы ән өте ғұмырлы болды. Әлі күнге дейін бүгінгі буын нақышын келтіріп орындайды. «Ән десе ішкен асын жерге қоятын халқымызға кеңінен танылып, ел ішіне тез тараған бұл туындыны өмірге кім әкелді? Авторы кім?» деген сұрақ талай орындаушылар мен тыңдармандардың ойын мазалаған шығар. Ал біз бұл әннің иесі кім екенін таптық. Таразда студент кезімізде бізден 2 курс төменгі топта бір жігіт оқыды. Түр-тұлғасы өз қатарынан жастау көрінетін әлгі азаматтың есімі Біржан еді. Онымен бізді курстасы Мұхтар атты інішек таныстырды. «Сағыныш сазы» әнінің авторы – сазгер Біржан Асқаров», деді. Бұрын-соңды атын естіп көрмеген композитордың пошымына да, Мұхтардың сөзіне де күмәнмен қарадық. Қысқасы, сенбедік. Өзіміз де бұл әнді бала кезден сүйсіне айтып өстік қой. «Сен қай жылғысың?» деп едім, «1977 жылғымын» деді. «Оқуға тым кеш түсіпсің, Шәмшімен тағдырлас екенсің» деп әзілдедік те қойдық. Кейін «Біржан Алматыға кетіпті, «Музарт» тобында гитарист екен» деген әңгімелерді естідік. Осы әңгіме шынында да рас болып шықты. 2 жылға жуық осы топта гитарист болып жүріпті. Мейрамбек Бесбаевпен Бағлан Омаров арқылы танысып, оған «Түнгі сыр», «Сен үшін жаралғандаймын» деген екі әнін беріпті. Бүгінгі таңда бұл екі ән де осы орындаушы арқылы хитқа айналды. Осы кездері халық әндері деп кеткен шығармалардың шын авторлары сол күйі белгісіз. Жақсы дүние жалпыға ортақ болған соң оның өлмейтін өміршеңдігіне де халық себепші. Қазір де белгілі эстрада жұлдыздарының орындауында көп әндер ары кетсе 1 жыл хит болып жарыққа шығып, содан соң ұмыт болып қалады. Ал «Сағыныш сазы» әнінің басын бастап айтсаң болды, кез-келген орта жастағы адамдар қосыла кетеді. Бұл әннің тарихы мен оның шын иесін қалың елге таныстырайық деп Біржан Асқаровты қайтадан іздеуге кірістік. Сол баяғы бірге оқыған курстасы Мұхтар Жаймаханов арқылы ұялы телефонын тауып, өзімен тілдестік. Бүгінде Шымкент қаласында тұрады екен. Әлі отбасын құрмаған, бойдақ. «Жеке шығармашылықпен айналысудамын» деді бізге әңгіме барысында. Әлі де сеніңкіремей, күмәндана қайта-қайта сұрадым. Өзінің айтуынша, бұл әнге авторлық құқық қорғаған екен. Бірақ әу баста халық арасында көше әні болып танылып кеткендіктен қалың тыңдарманға өз авторлығын мойындата алмапты. – Бұл «Сағыныш сазы» әнінің авторы мен екенімді дәлелдейтін куәгерлер бар. Осы туындының екінші шумағын жазған Хабиби Жиенов деген жігіт. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрады. Кезінде менімен бірге училищеде оқыған. Екеуміз қосылып бір ән жазайық деп осы туындыны жарыққа шығардық. Өзім Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келгем. Әкем де, анам да Шымкентте өнер институтында білім алған. Екеуі де өнер адамдары. Қазір анаммен бірге тұрамын. Әкем өмірден өткен. Өзім кішкентайымнан нағашы апамның қолында өстім. Мектепті бітірген соң оқуға түстім. Оқуға түсіп, студент атанған жылдары алғашқы әндерім шыға бастады. «Сағыныш сазы» – бірінші жарық көрген туындыларымның бірі. «Сағыныш сазы» жаңадан жазылған кезде студенттердің арасында көп айтыла бастады. Жан-жақтан келген студент жастар өз ауылдарына таратты. Бұл әннің өз кейіпкері бар. Ол Гүлжазира деген қыз. Кезінде ғашық болғанмын. Тағдыр бізге бір болуды жазбапты. Десек те осы әнді жазуыма себебін тигізді. Бүгінде ол қыз Түркістан облысындағы бір ауылда балабақшада тәрбиеші болып қызмет істейді. Отбасы бар. Тек сырттай бақытты өмір сүруіне тілеулеспін. Бұл әнді кейін «Қимаймын» деген ән кітабынан оқыдым. Авторы жоқ, көше әні болып жазылыпты. 2007 жылы Қазақстан авторлар қоғамы арқылы авторлық құқық қорғадым. Әнші Талғат Жорабаевтың орындауында көше әні болып айтылды. Сахнада, телеарналарда айтылса да бұл ән көше әні ретінде танылды, – деді ол. Ән мен әнші жайлы сөз қозғағанда елең ете қалдық. Себебі дәстүрлі немесе эстрада әншісі болса да өзінің ән қоржынына алған туындының авторын олар білуі керек қой. Ал эстрада жұлдызы, әнші Талғат Жорабаевтың «Сағыныш сазын» көше әні ретінде орындауына не жорық? Шындап келгенде бұл әншінің сауатсыздығын, ізденіс дегеннен жұрдай екенін білдірмей ме? Осы сұрақтарды біз әншінің өзіне қойдық. – «Сағыныш сазы» әнін мен өзім бала кезден тыңдап, айтып өстім. Әу бастан көше әні болып халық ішіне кең таралып кеткен соң шын авторы бар екенін де білмедім. Ән менің орындауымда жарыққа шықты. Осыдан кейін бір жыл өткен соң түнде бөтен нөмірден бір кісі хабарласты. Маған бірден дікеңдеп сөйлей бастады. «Сен орындап жүрген «Сағыныш сазы» әнінің авторымын. Маған қаламақы төлеуің керек» деді. «Аға сағатқа қараңыз, қазір түннің жарымы болды. Ертең бір жерде жолығайық» деп телефонды қоя салдым. Содан соң сол күйі хабарласпады. Десек те бұл керемет ән. Ал әнді жазған сазгер Біржан ағамен бір жолыға алмадым. Бұл кісіге айтар алғысым көп. Көше әні болып тек көшелерде, шағын отырыстарда ғана айтыла бергенше үлкен сахнада, телеарналарда жарыққа шыққаны жақсы емес пе? Ол кісінің маған деген өкпесі бар шығар. Бірақ менің бар айыбым осы әнді «көше әні, авторы жоқ екен» деп қабылдап, ел алдына айтып шыққаным шығар, – деді Т.Жорабаев. Негізінде кез келген әннің белгілі бір авторы болатыны рас. Өйткені туындыны жалпы халық емес, бір адам ғана өмірге әкеледі. Әйтсе де оның авторы қандай да бір себеппен ұмытылып немесе аты елге кеңінен тарай қоймағандықтан жылдар өте шығарма халық әні есебіне алынатыны белгілі. Осы тектес ел ішінде халық әні, көше әні болып айтылып жүрген авторсыз шығармалар көп. Қазақ халық әндерінің иесі халық. Сондықтан қалың елдің ішінде сол ән жеке бір тұлғаға тиесілі екенін де естен шығармай, дәйекпен дәлелденсе, оны иесіне қайтарудың несі айып? Дегенмен жоқ жерден жалған авторлар пайда болса қайтпекпіз? Осы орайда Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы, Байғали Есеналиевпен сөйлесуді жөн санадық. – Қаншама жылдар бойы халық әні болып келген «Аққұм», «Екі жирен» әндері Ахмет Байтұрсынұлының әндері екені бүгін дәлелденуде. Әрбір әннің өзінің тарихы, оқиғалары болады. Ол да адамның ішінен жарып шыққан перзенті сияқты ғой. Өзіңді тек халықтың баласы дей салса, ата-ананың жағдайы қалай болады. Ән де сол сияқты. Шығарманың шыққан тегін анықтап алмай жатып көше әні, халық әні дей салу – автор үшін үлкен қиянат. Біздің халықта авторы белгісіз халық әндері, көше әндері көп. Ондай туындылар Қазақстан авторлар қоғамында осылай тіркеледі. Ал кейін шын авторы табылып жатса нұр үстіне нұр емес пе? Бұл әнді естуім бар. Алайда мен бұл жерге басшы болып келмей тұрып авторлық құқық қорғаған шығар. Қайтадан өзі келіп, авторлық құқығын құжат жүзінде дәлелдейтін болса, қаламақысын төлейміз. Мен осы қоғамның басшысы ретінде кепіл боламын, – дейді. Б.Есеналиев. Бүгінгі күнге дейін көше әні болып келген «Сағыныш сазын» халық өз иесіне қайтарса екен дейміз. Бұл бір әннің тарихы – сазгер Біржанның тарихы. Талас өңірінің тумасы, жамбылдық жерлесіміздің әсем әнін жетімсіретпейік. «Біреулер келер, біреулер кетер, Сонда жаным мен болмасам қасыңда егер. Нұр шашқан күндер, жұлдызды түндер, Бәрі де бекер, бәрі де бекер» деп ғашығын әнге қосқан Біржан Асқаровтың халыққа берері әлі көп деп ойлаймыз.

Нұржан Әліш

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар