Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ КҮНДЕРІНДЕ немесе Шерхан Мұртаза ескерткіші, Ерболат Саурықовтың ерен еңбегі

ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ КҮНДЕРІНДЕ немесе Шерхан Мұртаза ескерткіші, Ерболат Саурықовтың ерен еңбегі
ашық дереккөз
ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ КҮНДЕРІНДЕ немесе Шерхан Мұртаза ескерткіші, Ерболат Саурықовтың ерен еңбегі
Бұл эссе жазбаның тақырыбын дәл осылай қарапайым және теңеу іздеп, тым құбылтпай бірден түсінікті етіп қойғанымыздың өз себептері бар. «Бұл үш ұғымды өзара үйлесімді көзқарастың өзегіне айналдырып, сөз қозғаудың қандай қисыны бар?» деген сауалдың туындауы әбден орынды. Ежелгі Тараз қаласының бірнеше ғасырды артқа тастап, жер бетіндегі талайғы дүниені бастан кешіп, осы күнге дейін мәдени-тарихи ескерткіштерін сақтап, жеткізген ғұмырына ой жіберіп, қызықпайтын жан жоқ. Жалпы Тараз шаhарының дерек-дәйегі мен сағымдай көз тұндырған інжу-маржандарын көне жазбалардың шаң басқан көмбесінен аршып, археологиялық жұмыстар арқылы тауып, әр жылдары тасқа басылған ғылыми зерттеулер өте көп. Атам замандағы ұлы шайыр Фирдоусидің Шығыс поэзиясына тән көркем суреттеуімен «Сергітер жүректің жарасын, Мөп-мөлдір көздің қарасын, Іздесең Тараздан ғана табасың» деп Әл-Фарабидың «Қала тұрғындары ақылды адамдар болуы керек» атты ғаламдық ғибратынан нәр мен ілкі бастау алған өлмес жыр шумақтарынан бері қаншама жыл өтсе де сүйіспеншіліктен от боп жанып, құс қанатындай қалықтаған ой толғаулар мен өлең-жырлар бір сәт тоқтаған емес. Түбі терең атауы Талас, ежелгі грек тілінде «теңіз» делінетін Талассо, айтылуында Тараз болып өзгеріске ұшыраған қаланың байырғы тұрғындары мен бүгінгі адамдары арасында керемет бір үзілмеген рухани күш-қуат бар екеніне ешқандай шүбәміз жоқ. Қазақ сөзінің зергері, ұлы ойшыл-жазушы Әбіш Кекілбайұлының осы шежірелі қаланың жаратылғанына 2000 жыл толуына байланысты жазған кітабына «Талайғы Тараз» деп ат қойғанының өзі бүгінгі және келешектегі саналы ұрпақтар үшін талайғы және таусылмас дүниенің ізі мен соқпағына жөн сілтеу, түбіне үңілдірудің талғамы деп ұққанбыз. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Ұлы Жібек жолы бойында әлемдік мәдениеттің тарихи қаласы тізіміне енген Тараз туралы шешімі де шартараптық мағынасымен қайта түлеп шыға келгендей болды. Көнеден көкжиек тартқан Әбіш ағаның осы ой кешу еңбегіне қалың жұртшылық қатты риза болған. Сол құнды кітаптың сүйінші данасын ең алғашқылардың қатарында қолына алған Шерағамыз, Шерхан Мұртаза рухтас бауыры, ұлт абызы атанған Әбіш інісінің кез келген адамзаттық тақырыпта көсіле айтып, қопара зерттеп, кең дариядай тасқындап сөйлейтін, төгілтіп жазатын ақыл-ойына шек келтірмейтін әрі сабырлы көңіл күй сезімімен: «Ә, Әбіш жазған дүние ме? Тараз тарихы қайта тірілді дей бер ендеше!» деген маңғаз пікірін «Мұндай орасан істі Құдайдың оң көзі түскен, қаламын періштелер тербеткен, мыңнан, бәлкім, миллионнан біреу ғана атқара алады. Әбішке тағдыр сондай мол үлес бұйыртқан», деп жалғастырды. Әр сөзі қорғасындай ауыр, саясат пен көркемөнерде ірі таланттарды жазбай танитын және онысын жаңғырта айта жүретін Шерағаңның сол бір сағынышты балалық шақтары мен арманшыл жастық жылдарының бедерлі ізі қалған сүйікті қаласы жайында ой-парқы ерекше және қымбат болатын. Көркем сөз бен көркем публицистиканы қатар ұстаған Шерағаның ұлт руханиятына зор үлес қосқан шығармаларында Тараз қаласы аталмай тұрмайды, оның арайлы таңы мен қызықты кеші, күні мен түні, заман көріністері жиі суреттеледі, байырғы қала өмірі кейіпкерлері тағдырында да келтіріледі, оның барлығын оқиғаға орайлас орын алуынан да анық аңғаруға болады. Туған халқының болашағы мен бақыты үшін күрескен Тұрар Рысқұлов туралы бес томдық «Қызыл Жебе» романы, әйгілі «Ай мен Айша» мен «Интернат наны» туындысын алсақ та ай туғандай Тараздың кімдердің өмірінде қандай айшықты, ой-өрісінің жетілуіне қандай әсерлі болғанына көз жеткіземіз. Сол кітаптарында Барысхан кейіпкердің Айша анасынан ылғи да Мыңбұлақ пен Тараз қаласына қатынайтын жолда ХІІ ғасырдан бері жер бетінен жойылып кетпей, имандылық пен махаббаттың ескерткіші саналатын Айша бибі кесенесіне дұға жасап, бет сипамай өтпейтін өмірі ойға оралмай ма? Қазақ мәдениетінің арғы-бергі тарихының білгірі, зейінді зиялы Ақселеу Сейдімбектің бір жиында «Қазақ даласында екі адам Айша деген әйел затына ғажайып ескерткіш орнатты. Оның біреуі, ол – Қарахан, екіншісі – Шері хан» деп әсте тауып, әсте тап басып айтуы да ғажап емес пе? Әйтеуір ел ішінде Айша десе, яғни баяғы Талас-Тараз, күні кешегі Жамбыл, қазір ел тәуелсіздігімен бірге қайта оралған Тараздың даңқы мен жаңғырған әлемі көңілде көкке көтеріліп, жүректерде шын тебіреніп толқиды. Байтақ елдің осындай бай жаухарларын көздің қарашағындай сақтаумен қоса оларды мұқият жинақтап, қалың бұқара үшін мәйекті кітап етіп басып шығару айтылып жүретін. Біраздан бері қозғалған бұл мәселе орынды еді. Сөйтіп, Шерағамыз Таразға көшіп келді. Барша ағайын марғасқа перзентін қуана қарсы алды. Құшағын ашты. Ол кісі Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаты қызметін абыроймен тәмамдап, елордадан қоныс аударып, туған ауылы мен Тараз қаласында тұруды дұрыс санаған. Шындықтың шырақшысы Шерағаң сөзі жерде қалушы ма еді?! Әрине, жоқ. Қалың қазақтың қадірлісі Шерағаның бірауыз сөзінің өзі қоғамда бағалы емес пе?! Көпшіліктің көкейінде біраздан бері жүрген әлгі түйткілді Шерағаның облыс төрінде өткен алқалы бір жиында екпін түсіре атап айтқанын жақсы білеміз. Бұл бағалы және өте қажетті ұсынысты Арғынбай Бекбосын, Елен Әлімжан, Күләш Ахметова, Әлдихан Қалдыбаев, Бақытяр Әбілдаев, Жақсылық Сәтібеков, Әлібек Әмзеұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Мақұлбек Рысдәулет секілді ұлтжанды қаламгерлер де қолдап, рухани-мәдени мәселе бірте-бірте өз шешімін тапқан болатын. Сәті түскен-ді. Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметов аса байыпты, іскер азамат екен, өзі бас болып Шерағалардың аманатын әдемі орындады. Осыншама мол және көлемді кітаптардың сапалы және жүйелі даярлануына көрнекті әдебиетші ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков абзал ұстаздық ақыл-кеңесін беруден ешбір аянған жоқ. Ақылдасып атқарған шаруаның нәтижесі де жақсы болды. «Тараз мұралары» сериясымен 80 том кітап жарық көрді. «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» деп аталатын жинақтың да айтары мол болды. Мұндай мазмұнды дүниелер мыңжылдықтардан мейлінше сыр шертіп, әдеби-тарихи танымдылық жағынан баға жетпейтін қазынаға және таптыра бермейтін түрлі зерттеулерге арқау болатын құнды кітаптарға айналды. Бар қазақтың қадірлісі Шерағаның жүрегіне нұр құйған, көңіліне ұнаған тарихи қалада тұрып, өмір сүруі шығармашылықпен шұғылданатын адамдар арасында белгілі бір деңгейде қызығушылық туғызды. Жандүниесі қарапайым, кесек мінезді, ішкі мәдениеті жоғары кісінің өзі де халықтың ыстық ықыласы мен қамқорлығын, адамгершілік ілтипатын жақсы сезінді. Әуелгі күндерден-ақ елгезек журналистер мен шәкірттері, әр аймақтың беделді азаматтарының Шерағаны арнайы іздеп келуі мен сәлем беруі жиілей бастады. Әулиелердің атамекені Тараз қаласы мен Жамбыл облысының мәдени өміріне көктемгі табиғаттың көркіндей сілкініс пен әдеби шығармашылық серпіліс әкелді. Аты аңызға айналған қайраткер, халық жазушысының өңірдің қоғамдық мәдениеті мен әдеби ортасын жоғары деңгейге көтеруге ықпалы зор болды. Қазақ журналистикасының абызымен бірге интеллектуалды элитаның мектебі де енді Жамбылға көшіп келгендей қуанышқа бөленген жастар мен әдебиетсүйер қауым Шерағаны іздеп жаз айларында Мыңбұлақтағы жекежайына барса, қалған мезгілде Тараз қаласындағы пәтерінен кездестірді. Өзіміздің Арқа мен Алтай жұрты бұл оңтүстік өңірді, мұнаралы Тараз қаласы маңын бүгінге дейін қариялар сөзімен «Әулиеата» деп мейірім, құрметпен атайтынына сайсақ, сол ұлылар мекені мен әулиелі жердің құдіретіне бас иіп, тағзым еткен адамдар көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің атақты өлеңінде айтылғанындай, «Жыр алыбы Жамбылдың өзі де әулие ата емес пе еді?» дегендей, жаңа заман дидарында осы құт дарыған өңірдің ең қастерлі, ең құрметті адамы Шераға болды. Әркім де армандайтын, бірақ екінің бірінің қолы жете бермейтін әй, бақыттың дәмі бұйырған дәурен еді. Жамбыл жерінде сол кезеңде рухани күш-қуаты мол тұлғалар – әдебиетші академиктің мықтысы Мекемтас Мырзахметов, дүлдүл қоғам қайраткері Марс Үркімбаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова, әйгілі саясаттанушы Әлмұқан Исақов және ірі оқымысты ғалым Әшімжан Ахметов және басқа да қоғамға танымал жазушылар мен ақындардың, тарихшы ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің бір-бірін сыйлап, жанашырлық танытып, қанаттасып қызмет етуі Алаштың ұлтқа қызмет ету үрдісін біршама күшейтті. Осы орайда олар ортасында жүрген классик суреткер, ақиқаттың алмас қылышы Шерағаның шындығынан тәлім алып, шыңдалды, бәлкім, ұлттық мүддеде ұдайы қамшылады деуімізге де болады. Бұл қоғам мәдениеті мен елтану саясаты үшін үлкен олжа еді. Абзал ағаның «еленбей қалса, сол қайғы» деген жазбасында «еңбегің сіңбесе бірсәрі, ел алдында ересен еңбегің бола тұра, көзі жұмылған соң кешегі көз көргендер сені елемей ұмытып кетсе – сол қайғы» дей келе, құдіретті азаматтарды еске алудың мәнісіне ой жібереді. Өкінішке қарай, қазір көзі тірісінде-ақ ұмытылып жатқандар жоқ емес, бар ғой. Ақылды азаматтардың қолдан келіп тұрғанда бәрін де дер кезінде ойластырып шешкені – өте игілікті іс. Сондай бір бағалы бастама –2009 жылы таразда жоғары оқу орнының жанынан шерхантану орталығы ашылып, ақжолтай әдеби жаңалық болған. Көпшілік салтанатында шерағаның өзі құттықтау сөз сөйлеген еді. Бұл іске мұрындық болған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық университеттің Тараз қаласындағы филиалы болатын. Тарих ғылымының докторы Асқар Әбдуәлі, белгілі қаламгер Бақытяр Әбілдаұлы және басқа да азаматтар атақты жазушының ұлт руханиятына қосқан ұлттық құндылықтарын студент жастар арасында насихаттап, санасына сіңіруді мұрат тұтады. Сол жиынға арнайы шақыртумен барған Шераға да сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді: «Мен не дейін?! Біздің жазған шығармаларымыз сендерге ұнап жатса, азды-көпті еңбегіміз халықтың арасында еленіп жатса не арман бар?!». Бұл іс-шараның басталуы ғана. Әлгі жоғары оқу орнының филиалы жабылып, соның орнын басқан Тараз гуманитарлық-инновациялық университетінің ректоры қызметіне жап-жас жігіт, өзі филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықовтың келуімен бұл жекеменшік мәртебесіндегі университеттің жолы ашылып, абыройлы қадамдары жалғасып, сонымен бірге енді ұйымдастырылған Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы нақты жандана бастады. Құдай-ау, өзі әдебиетші тілші болса, ғылыми еңбектері негізінен көне Талас жазбаларының құпиясы мен тарихи-елдік ерекшеліктерін шұқшия зерттесе және Ш.Мұртазаның барлық туындысын кішкентайынан жата-жастанып оқып жүрген нағыз оқырманы болса, бұл орталықтың қызметін қалай құптамасқа. Оны қоғамға пайдалы етуде көп қырлы міндеттер белгіленді. Біріншіден, Жамбыл облысында тұлға тану ісі ғылыми тұрғыда мүлдем қолға алынбаған еді. Екіншіден, Шерағаның мұралары мен мұрағатын көздің қарашағындай сақтап, тиісті архивтік қорға жинақтау ісін шешу керек, одан кейін облыс мектептерінде және университетте Шерхан оқуларын жүйелі түрде өткізіп, республикалық деңгейде болуын қамту, конкурста үздік шыққан оқушыларды университетке тегін оқыту, мектептің әдебиет пәні мұғалімдерінің семинарын ұйымдастырып, Шерхантанушы ғалымдар үйірмесін ашу, жазушының шығармаларын қайта басып шығару, «Шерағаның шекпенінен» шыққандардың ұранды ұстазы туралы жазылған мақалалары мен эсселерін дүркін-дүркін кітап етіп жинақтау, фотосуреттер галереясын жасау және ардақты есімін әрдайым жаңғырту секілді ұлан-ғайыр мақсаттар бірте-бірте жүзеге асырыла бастады. Жақсыны көрмекке келушілер де көбейді. Қамқор көңілді шынайы сезінген Шераға әр айтқан уәдесінде тұратын және орындайтын Ерболат інісіне сенді. Екеуі ақылдасып, ағайындарды ортаға алып риясыз әңгімелескен күндері Жуалы мен Мойынқұмда, Меркі мен Таласта, Жаңатас пен Қаратауда, Тараз бен Алматыда өрбіді. Әр шығармасының қай жерде қалай басталып, қалай аяқталғанына дейін, бүкіл жазушылық лабароториясынан баспаға дейін қаншама талас-тартыс, көзқарастар мен қуанышты сәттер болғанын асыл ағамыз осы Ерболат інісіне көбірек сыр етіп айтқанын сезуге болады. Ағаның ешкімнен жасырмайтын жан сыры алты томдық шығармалар жинағында бірсыпыра оқиғалы өмірімен байланысты айтылады, ол жайында көптеген телесұхбаттарында да бар. Тегінде, ақылдың кені, ақиқат сөздің қазынасы Шерхантану ісі қазақ қоғамының кешегісі және бүгінгісі, болашағымен де байланысты жалғасын табатыны хақ. 2012 жыл. Жазушының 80 жылдық мерейтойын бүкіл халық болып атап өттік. Дәл осы арада аталып отырған университеттің басшылығы «Қазақтың Шерағасы» деген атпен бес том кітабын жарыққа шығарып, оны оқырмандарға сый ретінде тегін таратты. Сол думанды, жұртшылық ию-қию көп жиналған жиындарда ақырын ғана баппен маң-маң басқан Шерағаның қасынан бір елі шықпай, қолтығынан сүйеп жүрген сұңғақ бойлы, суытылған тұлпардай өзін тік ұстаған жігітті көз көрді. Ол – сол жаңа университеттің ректоры, зерек ғалым Ерболат Саурықов болатын. Бірулер оны таныды, біреулер оны әлі тани бермейтін. Қалың қазақ Шерағаны қадірлеуде ешқашан кемшін болған емес. Ректор бауырымыз сондай Алатаудай алып ел ағасының қадіріне бір кісідей жету үшін ешбір аянған жері жоқ. Айттық қой, Шераға ең қымбат жеке заттары мен көптеген қолжазбаларының тұпнұсқасын өзінің атындағы ғылыми-зерттеу орталығына аманаттап тапсырып кетті. Өмірінің соңғы жылдарында Алматыдағы Алма қызының қолында болған Шерағаның қартайған шағында денсаулығын күтуіне де адамгершілікпен қарайласқанның бірі, парыз бен адалдық үшін айтайық, осы азамат болатын. Қайран да қайран Шераға да дүниеден озғанда да… Уақыт та жүйрік. Өзгеріс те көп. Тараз гуманитарлық-инновациялық университеті атауын өзгертті, енді бұл жоғары оқу орны Халықаралық Тараз инновациялық институты деп аталады. 2022 жыл. Сарыжапырақ жауған күз айында ұлт перзенті Шерағаның 90 жыл толуына орай Жамбыл облысында бірқатар айтулы іс-шара қолға алынғаны белгілі. Үкімет қаулысымен облыста төрт мектепке жазушы есімі берілді. Бәрекелді! Ару Алматыда, одан кейін елордамыз Астанада көше аталды. Бұл да жөн болды. Рақмет! Тараз қаласындағы «Көне Тараз» кешенінде екі-үш жыл бұрын Ш.Мұртаза атындағы елтану және руханият орталығы ашылған-ды. Баспасөз үйі қазақ баспасөзінің барлық буынының байрағы болған Шерағаның есімімен аталатын болды. Ерен еңбегіне лайықты және есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен осындай құрмет көрсетілді. Жұрт та риза. Енді тәуелсіз Қазақстанды орнықтыруға зор үлес қосқан қайраткер қаламгер, қоғамдық ой-сананы ояту мен ашық пікірдің иесі, ұлт абыройын биіктеткен Шерағаның туған өңірінде қандай жаңалықтар болмақ? Бұл қоғамдық-әлеуметтік мәселеде көпшіліктің ұсыныс-пікірі Таразда еңселі ескерткіш орнатып, туған ауылы Талаптыда жазушының Мемориалдық үйін ашу туралы болды. Көне қаланың қай жеріне сол болашақ ескерткішті қою керек дегенде сан алуан пікір ортаға түсті. Арнайы құрылған қоғамдық комиссияның мүшелері де өз таңдауын айтып, талқылау созыла бастады. …Алыптардың алтын бесігі Мойынқұмға Мәжіліс депутатының сайлаушылармен кездесулері сапарымен жолымыз түсіп барғанбыз. Ауылдарды аралап жүріп атақты Шәмшінің «Мойынқұмда» әнінде айтылатын Құмөзек, Талдыөзек, жер-су аттарымен қызықтайтын елді мекендерде де Шерағаның ізі қалғанын эссе жазбаларынан білетінбіз. Кешегі дәуірде мыңғыртып мал өсірген құмды өлкеге жас журналист Шерхан, сарабдал жазушы Шерхан проблеамалық бірнеше мақала жазған, шопандар өмірінен повесть жазуға материалдар да жинаған. Сондай сапарының бірінде берекелі ауылдың беделді басшысы Байұзақ Саурықовпен кездесіп, танысады. Бұл таныстығы кейін өзара сыйластықпен жалғасқан көрінеді. Ерболат осы кісінің баласы. Бұл естен кетпес жағдайларды Байұзақ ағамыз жолыққанда да, телефонмен аман-саулық сұрасқан кезде де айтатын еді. Тіпті 2020 жылы бір мәрте телефонмен сөйлескенінде ел ішінде бас көтерер ағамыз ауылда Алланың үйі мешіт салуды ойластырып жатырмыз деген-ді. Пандемия кезі еді ғой. Ойда жоқта өзі атың өшкір індеттің қармағына ілініп қалды. Өкінішті, орны толмас қаза болды. Әкесінің армандаған ісі аяқсыз қалған жоқ, ол ойы мен аманатын жарамды ұлы Ерболат орындады. Біз соны көріп, мешітте жергілікті тұрғындармен бірге аруақтарға дұға жасадық. Алақандай ауылды алысқа танытқан Байұзақ ағамыздың жолын қуған Ерболат енді ауылдың тұрмысы мен дәулетін арттырып, ғылыми және басшылық қызметімен қатар жаңа дәуірдің ұштасқан талабы – іскерлік, кәсіпкерлік талантымен де көсегесін көгертіп отыр екен. Шудың бойында, өзеннің құмдауыт жағалауында ел жағдайында ұзақ әңгімелескенде ол бізге мынадай бір сыр айтты. – Аға, – деді сабырлы қалпымен, – амандық болса, алдағы күзде Шерағаның мерейтойын атап өтеміз. Бұл салтанаттың жөні бөлек болуы керек. Дәл Шерағадай халықтың сөзін сөйлеп өткен кім бар, айтыңызшы… Біз ойланып қалдық. – Сондықтан ел боламыз десек, өмірінде дүниеге қызықпаған, адалдықтан бір мысқал аттамаған, жүрегі елім деп соққан Алаш ардақтысына халықтық құрмет көрсетуге тиіспіз. Менің соған орай жұртты қуантатын бір ойым бар, деді жігерлі азамат. Және оны шегелеп айтты. Біз оған тәнті болдық. «Апырай!» деп сол жаңалықты асыға күттік. Арқа даласына сұғынып жатқан қияндағы ауылдан көкте жұлдыздар жамырай жарқыраған түн сағатында Шу-Ұланбел жолымен Таразға оралдық. Жасыл желекке малынған қала түні тып-тыныш, ән сөзіндей әдемі еді. Ертесінде Шерағаның зәулім ескерткіші Ерболат басқаратын институттың су жаңа бас ғимараты орын тепкен және оқу корпусы мен жатақханалары алдындағы ашық алаңқайға қоюға шешім қабылданғанын естідік. Өте дұрыс шешім қаланың сәулеті мен сәніне сай келетіндіктен де қолдау тапты. Бұл Жамбыл даңғылының бойында, бұрынғы «Тараз» қонақүйінің алдындағы саялы бақ, ескірген субұрқағының орны ғана бар демалыс орны болатын. Содан не болды десеңізші?! Ескерткіш қоятын орын белгіленді. Енді қалған жағын… Ректор бауырымыз ескерткіш алаңын қайта жөндеу мен көркейту жұмыстарын түгелдей өз мойнына алып, өз есебінен 80 миллионнан астам теңге қаржы жұмсады. Саялы мәдени орын бірер ай ішінде адам танымастай өзгеріп, айнала айнадай жарқырап, жаңарып шыға келді. Қалаға сән беріп, ажарын аша түсті. Мерейтой өтетін күн қарсаңында жаңа ғимарат маңдайшасына «Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновация институты» деген жаңа атауы жазылды. Керемет! Мұны көріп және жазушының тұтас тұғырлы ескерткішіне, айналаның әсемдігіне сүйсінген нөпір халық таң-тамаша болды. «Атасына рақмет!» деді. Қазақ мәдениеті тарихында ұлт мақтанышы болған аса дарынды ғұламалар мен талантты қоғам, мемлекет қайраткерлерінің есімі жоғары оқу орындарына берілетін дәстүр бар. Тарау-тарау тарихқа үңілсек, Шымкенттегі өңірлік ірі университет ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің атында, ол кісінің ғұлама қаламгер әрі ғалым, дана ұстаз, академик екенін ескерсек, ал енді егемен елдің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Халық жазушысы, қазақ журналистикасының қайталанбас тұлғасы ретінде жоғары оқу орнына алғаш рет Ш.Мұртаза есімі беріліп отыр. Бұл тәуелсіз еліміздегі іргелі институттың құрылтайшыларының көпшілік ұсынысына сәйкес шығарған оқиғалы шешімі деп санаймыз. Дәл осы ескерткішті ашу салтанаты үстінде Ерболат бауырымның туған ауылында айтқан жігерлі сөзі есіме түсті.«Шерағаны құрметтей алмасақ, кім болғанымыз? деген. Иә, Шераға шығармашылығы мен қайраткерлік қызметіне арналған республикалық конференцияны ұйымдастыруға белгілі бір деңгейде осы институт ректораты мен Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері белсене атсалысқанын айта кеткеніміз ләзім. Сонымен бірге Шерхантану ғылыми-зерттеу орталығы жаңа ғимаратқа көшірілді. Қонақтарға жазушының үш том кітабын сый-тарту ретінде шығарып таратқан, ал жазушының атақты «Бір кем дүние» кітабын Жуалыда Мемориалдық үйінің ашылу құрметіне байланысты көркемдеп қайта басып берді. Ұлт мәдениеті мен ел рухын көтерген, жасыратын несі бар, мол қаржыға келіп тірелетін осыншама қомақты тірлікті қалай және кімдер жүзеге асырып жатқанын жергілікті бірқатар зиялы қауым болмаса, жиынға қатысушылардың көпшілігі дәл анығын біле қойған жоқ. Игі іске бас имесе де иіліп тұратын адамгершілік қасиет болады. Әр нәрсенің бағасын айналып келгенде халық береді. Бағаның бағасы ол бағаны кімнің бергеніне байланысты. Жекеменшік жоғары оқу орнының шешімі қоғамдық-әлеуметтік, идеологиялық тәрбиеде, әлбетте, маңызы зор. Тірілердің аруақтар алдындағы парызын орындау және меценаттық қызметтің жандануының әдемі көрінісі деп түсінген жандар, әрине, дән риза. Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты ретінде де танымал және қоғам белсендісі Ерболат Саурықовтың өте қажетті жеке бастамасы мен ақ пейілді демеушілігіне көңілі толған зиялы кісілер бірауыздан: «Сені, бауырым, ұлт намысы мен абыройы атанған Шерағаның әруағы қолдайды!» деген алғысын жаудырды. Ел ішінде Атымтай жомарттай мейірімді азаматқа бұл жолы да ақ батасын берді. Асылы, өмірде өрлеу мен самғау кезеңдері мен ірілердің інісі бола алу сәттері көп жағдайда осылай басталады емес пе? Шерағаның ескерткіші түнгі Таразды да жарық еткендей сәулелі жазбалар көптігімен есте қалды… Мемлекет басшысы қасым-жомарт тоқаев жамбыл облысына барған сапарын тараздың көркі –халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден бастады. Сол маңда жиналған зиялы қауым алдында шерағаның асыл мұралары мен қайраткерлігінің жас ұрпақтар тәрбиесінде ерекше мағыналы екенін атап көрсетті. Ел Президентінің бұл көрсеткен ілтипаты мен құрметі, жүректен шыққан ыстық ықыласы айрықша әсерлі болды. Азаматтық ар-ожданы таза, бүкіл саналы ғұмырын ұлтқа қызмет етуге, қоғамдық ой-сананы сілкінтуге, азапты және күрескерлік өмір жолдарының шыншылдықпен шежіресін жасауға бағыштаған қаламгер тұлғаның жалпыға мәшhүр қадір-қасиетін терең түсінгені және жоғары бағалай білгені айдай анық. Ал Шерағаның жұлдызды және шоқтай жанған көркемдік әлемі енді мына үлкен институтта білім алып жүрген ондаған мың студент жастың жадында жаңғырып тұратыны да сөзсіз. Мемлекет басшысы одан соң студент жастардың өмірімен көзбе-көз танысу үшін жаңа жарақтандырылған жатақхана, «Студенттер үйіне» бас сұққаны да бір ерекше есте қаларлық жағдай болды. Тап қасында елпілдеп тұрған ректор Ерболат Саурықовтан реті мен жөнін біліп, бұл жоғары оқу орнына қалың қазақтың қадірлісі Шерағаның есімі берілгені өте дұрыс болған деген пікірін де білдірген. Алыс-жақыннан, басқа да облыстардан келіп оқып жатқан студент жастардың жүрек қалауы мен таңдауы нені білдіреді, әрине, мұнда сапалы білім мен аялы қамқорлық бар деген сөз. Ақпарат құралдарында «Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық инновация институты» деген атау осы оқиғамен де тарихқа енгенін жарыса жазған сол күн, сірә, естен шыға ма? Ердің атын ел шығарады. Құт дариды. Бақ қонады. Бұл рас сөз. Біз әңгімелеп отырған Шерағаның талантты шәкірті, көрнекті азамат, саясаткер, профессор Ерболат Саурықов биылғы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің сайлауына «Ауыл» партиясының атынан түсіп, (ол «Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы) депутат болды. Әруақтар көтеріп, қолдады деген осы емес пе?! дейді мұндайда біздің қазақ. Жақсылықты ойлайтын, ырымшыл халықпыз ғой. Сөзге шешен, өз ісіне мығым, басшылық қызметте мол тәжірибесі бар, мәдениеті жоғары, ұстанымы мықты, оқымысты бір тұлға ел сенімі мен жауапкершілігін арқалап Парламентке келді. Несін айтасыз, аузы дуалы, өмірі сан мың жұлдызды Шерағаңдардың жолы жұғысты болғандай-ау. Өзі де солай ойлайды. Ежелгі қаланың жұлдызды күндері көп болғай!

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар