«АНАММЕН БІРГЕ КІТАП ОҚИМЫН»
Жуырда Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында «Анаммен бірге кітап оқимын» атты отбасылық шығармашылық байқаудың қорытынды кеші өтті. Мән-мағынасы зор байқау биыл екінші рет ұйымдастырылуда.
Байқаудың негізгі кезеңі 2023 жылдың 10 ақпаны мен 10 мамыры аралығын қамтыды. Қатысушылар 3 ай көлемінде 9 шығарма оқуы тиіс болған. Байқауға Тараз қаласында тұратын 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер анасымен қатысты. Қатысушылар он күн сайын оқыған шығармалары туралы «Анаға тағзым» орталығының әлеуметтік желідегі парақшасын белгілеп, #анамменбіргекітапоқимын хэштегімен бейнеролик жариялап отырды. Байқаудың алғашқы кезеңінің шарттарын толық орындап, комиссия шешімімен үздік деп танылған 10 жұп екінші кезеңге өтті. Ал екінші кезеңге өткен қатысушылар бір тәуліктің ішінде 3 ай бойы оқыған әдеби шығармаларды қорытып, анасы баласына, баласы анасына сырласу хатын жазды.
Байқауға ұсынылған шығармалар үш айға бөлініп берілді. Бірінші айда қатысушылар Ш.Бейсенованың «Бір махаббат баяны», М.Байғұттың «Әпкемнің ауылы», Н.Дәутайдың «Алтын балық» шығармаларын оқыды. Екінші айда оқылатын шығармалар тізіміне З.Ахметованың «Күретамыр», Т.Нұрмағамбетовтің «Қош бол, ата», Р.Отарбаевтың «Алтын балық» атты дүниелері енді. Сондай-ақ үшінші айда оқушы мен анасы Ә.Қалдыбаевтың «Мен – апамның баласымын», А.Сүлейменовтің «Бесатар», Д.Мамырбаеваның «Индиго» шығармаларын оқыды. Байқауға Тараз қаласы мен Жамбыл ауданынан 35 жұп өтінім берген. Оның ішінде іріктеліп, нәтижесінде 10 қатысушы жұп екінші кезеңге өтті.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес бас жүлдені Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының оқушысы Жарқынай Берікқызы мен анасы Айжан Амангелдиева иеленді. І орын 56 орта мектептің оқушысы Сәбина Дүйсен мен анасы Нүрила Махановаға бұйырды. ІІ орынды №8 мектеп-гимназияның оқушысы Айзат Қарабасова мен анасы Әсел Тілеулиева және №20 мектептің оқушысы Әмина Маралбек пен анасы Арайлым Күлеева жеңіп алды. ІІІ орынға Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушысы Аяулым Кенжеболат пен анасы Махаббат Наурызалиева, №3 мектеп-лицейдің оқушысы Мерей Тұрсынбек мен анасы Айзат Көшкінбаева, №16 орта мектептің оқушысы Кәусар Иргенай мен анасы Жұлдызай Шойынбаевалар лайық деп танылды.
Жеңімпаздар арнайы дипломмен, естелік сыйлықтармен және қаржылай марапатталды. Қалған қатысушылардың барлығына алғыс хаттар табысталды.
Эльмира ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ
Келесі мақала