Қарасораны кәдеге жарату қаншалықты тиімді?
Шу ауданы жабайы қарасораның мекені екені әмбеге аян. Дегенмен бойында адамды еліткіш қасиеті бар осы өсімдіктің пайдасын да көруге болады екен. Аталған ауданда қарасораны кәдеге жарату және жою тақырыбында кеңес отырысы өтті. Оған осы өсімдік түрін зерттеумен айналысатын жоғары санатты мамандар және ғалымдар қатысты. Басқосуда қарасораны өндірістік және медициналық мақсатта пайдалану мен түбегейлі жоюдың тәсілдері талқыланды.
Жиынды ашып беріп, жүргізіп отырған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров алдымен өсімдіктанушы ғалымдарға сөз берді. Ғалымдардың айтуынша, АҚШ-та қарасораны өндірістік мақсатта пайдаланып, одан түскен қаражатқа мектеп, балабақша салуға жұмсалады екен. Ал бізде бұл мәселе 30 жылдан бері талқыланып, әлі күнге оң шешімін таппай келе жатқан көрінеді.
– Шу ауданында қарасораны зерделеумен айналысып жүргеніме 18 жыл болды. Қарасораның адам денсаулығына пайдалы жағы да аз емес. Ең алдымен қатерлі ісік ауруына әсері мол. Қатерлі ісіктің түрлері өте көп. Біз жасап жатқан дәрі фармацевтикада әлі сынама күйінде. Бірақ еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі біз жасаған өнімге рұқсат берген жоқ. Заңды түрде министрліктің уәжі орынды.
Біз Шудағы қарасорадан ауыр індеттерге әсер ететін төрт түрлі дәрі шығардық. Ауырсынуды басатын спрей ойлап таптық. 15 миллиметрлі флаконның бағасы Еуропада 600 еуро тұрады және ол екі аптаға жетеді. Біз бұл өнімді жасауға 15 жылымызды сарп ете отырып, барлығын түбегейлі зерделеп барып іске кірістік. Егер Үкіметтен рұқсат берілсе, қолданысқа енгізуге дайынбыз. Осы жиында жабайы өскен қарасораны жоюдың үш тәсілі талқыланды. Шынында, жабайы өскін қоғамға аса қатты зиян. Медициналық бағытта 1-2 жылыжай салып, заңды түрде толық бақылауда әрі аз мөлшерде ғана өсіріп, пайдалануға болады. Дәрілік бағытта көп қарасора қажет емес. Сондықтан жабайы алқапты қарасорадан тазартуды толық қолдаймын. Ал медицина үшін Үкімет рұқсат берсе жеткілікті, қаражатты өз қалтамыздан құя аламыз, – дейді «КФК Далафарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Құлманов.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев қарасораға қатысты заңбұзушылықтармен күрес жұмыстарын күшейтіп, ғалымдардан өндірістік және медициналық бағытта кәдеге жаратудың тиімді жолдарын саралауды сұрады. Өз кезегінде «Zhana Zhol Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Александр Ким қарасораны өндірістік бағытта кәдеге жаратуға бағытталған ғылыми жобасымен таныстырды.
«Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілдері ұсынылған жобаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Ғалымдар кез келген ғылыми жобаның нәтижесі еңбек пен уақытты талап ететінін айрықша атап өтті. Сонымен қатар жиында ғылыми-зерттеу базасы жоқ жерде жобаны жүзеге асыруға болмайтыны, ол үшін толыққанды зерделеу қажет екені және білікті мамандарды тарту маңызды іс екені айтылды.
– Шудың құмды аумағына Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм аудандарының да жерлері бар. Аталған басқосуда ғылыми қызметкерлердің қарасораны қалай жоюға болатыны туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Оның бірінші тәсілі – алқап аумағын тамырымен тазартып, жерді жырту. Екіншісі – гербицит арқылы күйдіру, үшіншісі – тұқымы гүлдемей тұрғанда кесіп тастау. Ғалымдар қарасораны осылай үш жыл қатарынан кесіп отырса, ол түбегейлі жойылады деген деректер келтірді.
Былтыр ауданға қарасты 5 ауылдық округте 16 500 гектар көлемінде қарасораның өскені анықталған. Оны әкімшілік, прокуратура, ауылшаруашылық саласы мамандарымен бірлесе кесу жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде 7 500 тонна қарасора жойылған. Биыл сол жұмысты екі есеге арттырамыз, – деді Шу ауданының прокуроры Қайыржан Қуатбеков.
Құзырлы орган қызметкерлері осы жылдың 4 айында есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл желісі бойынша 193 құқықбұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 528 килограмм 156 грамм түрлі есірткі құралдары тәркіленгенін айтты.
Кеңес отырысында аумағы 138 мың гектарды алып жатқан алқапта жабайы өсетін қарасораның қаншалықты көлемде, қалай өсетінін түбегейлі зерттеу керектігі айтылды. Жиын соңында кеңес мүшелері жабайы қарасора өсетін алқапқа барып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ, Шу ауданы
Келесі мақала