ЖЫЛЫЖАЙ АРҚЫЛЫ ЖАН БАҒУҒА БОЛАДЫ
Әулиеата өңірінің жері егін шаруашылығына қолайлы. Сондықтан да жыл өткен сайын облыста дәнді және техникалық дақылдармен қатар, көкөніс, бау-бақша дақылдарының да алқабы ұлғайып келеді. Жамбылдық диқандардың ішінде бірен-сараны жылыжай шаруашылығымен айналысуға ден қойғанын да айта кетуіміз керек. Бірақ бұл біздің өңірде жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді деген сөз емес.
– Облыс бойынша 210 адам жылыжай шаруашылығымен айналысады. Жылыжайдың жалпы көлемі – 11 гектар. Оның ішінде 7 гектары қияр болса, 3 гектарға қызанақ, 1 гектарға басқа дақылдар егілген. Бүгінде алғашқы маусым бойынша облыстағы жылыжайлардан 241 тонна қияр, 36 тонна қызанақ, 28 тонна басқа дақылдар жиналды. Барлығы 53 жылыжайдың 26-сы Меркі ауданында орналасқан, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақ.
Ал Меркі ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Достай Сәрсенбиевтің айтуынша, ауданда осы кәсіпті меңгеріп, бабын білгендер есігінің алдындағы жылыжайда бау-бақша, көкөніс, жеміс-жидектің кейбір түрін жыл сайын егуді үрдіске айналдырған.
– Аудандағы жылыжай көлемі – 1,6 гектар. Бүгінде оның 1 гектарына, яғни 22 жылыжайға қияр-қызанақ және басқа да дақылдар егілген. Әр маусымда 300 тонна өнім жиналса, дәл қазіргі уақытта шаруалар 77 тонна өнім алды. Осы тұста айта кетер бір жайт, аудан орталығына жақын орналасқан Сарымолдаев ауылдық округін аудан тұрғындарын көкөніспен ерте бастан қамтамасыз етіп отырған елді мекен ретінде атап өтуге болады, – деді Достай Анықбайұлы.
Аталған ауылдық округ аудан орталығына жақын орналасқандықтан мұнда кез келген кәсіппен айналысуға мүмкіндік көп көрінеді. Әрі Сарымолдаев тұрғындар саны 13 мың 533 адамнан асатын, 3 елді мекеннен құралған үлкен ауылдық округ. Ауылдық округтің орталығы Сарымолдаев ауылында 2 231 түтін болса, тұрғындар саны – 11 296. Ауылдық округ әкімі Сәбит Бәбіжанов 17 ұлт өкілінен құралған округ халқы шетінен еңбекқор екенін айтады.
– Округ бойынша жасы 35-ке дейінгі 4 273 азамат бар. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі адам саны – 3 450. Жастардың 92-сі жұмыссыз ретінде тіркелген. Мұндағы тұрғындар негізінен нәпақасын мал, егіншаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік пен өзіндік қосалқы шаруашылық есебінен айырып отыр.
Ауылдық округ аумағында ауылшаруашылығы бағытында барлығы 118 шаруа қожалық пен «Жылыбұлақ Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген. Оның ішінде 40 шаруа қожалық малшаруашылығымен айналысса, қалғаны егіншаруашылығымен айналысады. Шаруашылықтарда 400 адам жұмыспен қамтылған. «Жылы бұлақ Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 140, ал қалғаны өзге шаруа қожалықтарда жұмыс істейді. Aуылшаруашылығы мақсатындағы егістік жер көлемі 8 584 гектар болса, соның барлығы ауыл халқының күшімен игерілуде, – деді ауылдық округ әкімі.
Ауылдық округте өнеркәсіп, кәсіпкерлік, жолаушылар тасымалдау саласы бойынша да жұмыс істеп тұрған серіктестіктер жетерлік. Мәселен, өнеркәсіп және кәсіпкерлік салаларында «Мералко», «Саба ЛТД», «Меркі Дорстрой Сервис», «Меркі Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысы жолға қойылған. Бұл серіктестіктер аудан халқын жұмыспен қамтып, бюджетке қыруар салық төлеп, округтің дамуына үлкен үлес қосып келеді.
– Негізі өткен жылдың сәуір айында бұрынғы «Алкопищепром» ЖШС «Мералко» ЖШС болып қайта іске қосылған болатын. Кәсіпорын 110 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауылдық округ аумағында 150 сауда-саттық орны болса, 42-сі азық-түлік дүкені, 11-і қоғамдық тамақтандыру, 36-сы көлікке қызмет көрсету орталықтары. Сондай-ақ ауылдық округте 7 шаштараз бен 6 дәріхана және 48 әртүрлі кәсіпкерлік нысан орналасқан.
Ауылдық округте жеке кәсіпкер Ширван Османовтың жылыжайы мақтауға тұрарлықтай. Одан бөлек М.Әуезов атындағы жалпы білім беру мектеп-лицейі де жылыжай шаруашылығымен айналысады. Ширван Яшаевич жылыжайда қызанақ өсіруде. Кәсіптің көзін тапқан азамат бір маусымда немесе бір еккенде жылына 3 тонна қызанақ өнімін жинайды. Жиналған өнімін аудан тұрғындарына және дүкендерге өткізеді. Ал М.Әуезов атындағы жалпы білім беру мектеп-лицейіндегі жылыжайда құлпынай егіліп, өнім алынуда. Одан түскен қаржы білім мекемесінің керек-жарағына жұмсалады, – деді округ тұрғындарының тыныс-тіршілігін сөз еткен Сәбит Әбілғазыұлы.
Ширван Османов жылыжай шаруашылығымен айналысуда жаңа технологияны кеңiнен қолдануға көшкен шаруа. Айтуынша, 5 сотық жылыжайға тамшылатып суғару технологиясын енгiзіпті. Жылу құбырын жүргізіп, қызанақ өсіруді қолға алғанына 5 жыл болған.
– Жылыжай шаруашылықтарына мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейді. Сондықтан аталған кәсіп түрімен айналысуға екінің бірінің қолы бара бермейді. Өйткені жылыжай шаруашылығы қол еңбегінен бөлек, қомақты қаржыны да қажет етеді.
Қызанақты күтіп-баптауда бағбан осы өсімдік жиі шалдығатын инфекциялардан қорғауды, яғни дезинфекция жасауды, жылыжайдағы температураны, топырақтағы, ауадағы ылғалдылықты талапқа сай бақылауды білуі керек. Жылыжайды бір мезгіл желдетіп тұру қажет. Өсімдіктер қызанақты көтере алмай құлап қалмас үшін оларды арнайы тартылған сырықтарға сабағынан байлау, топырақ құнарлылығы үшін қажетті тыңайтқышпен қамтамасыз ету секілді қатаң талаптар сақталуы ләзім. Біз осының барлығын меңгергеннен кейін ғана іске кірістік.
Жылда ақпан айында жылыжайға қияр, қызанақ егіп, оны күтіп-баптау, өнімді өткізу жұмыстарын інім екеуміз бірлесіп атқарамыз. Өнім қазір пісіп-жетіліп, шетінен саудалануда. Округте тұрғындар көп болғандықтан көкөністі ауыл тұрғындары, дүкен иелері, базарда көтерме саудамен көкөніс сататындар өздері тапсырыс беріп, алып кетеді. Ешқайда өнімді апарып, саудаламаймыз. Мысалы, жылына 3-4 тонна қызанақ жинасақ, оның бағасы шамамен жылыжай басынан 500-700 теңге аралығында сатылады, – деді ол.
Жалпы ерте көктемде Түркістан облысын айтпағанда, өңірімізге көршілес қырғыз, өзбек ағайындардан бау-бақша өнімдері көптеп келетіні шындық. Ал қымбат бағада сырттан келетін көкөніс импортына тек өз өніміміз арқылы тосқауыл қоя алатынымыз анық. Ең болмаса көкөніске қатысты ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз етуде бейқам отыруға болмайды. Ол үшін жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер санын көбейтудің жолын қарастыруымыз қажет.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ, Меркі ауданы
Келесі мақала