Жауһар жәдігерлеріміз жетерлік
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында Ұлы дала тарихын ежелгі дәуірден бастап қазірге дейін зерттеуді одан әрі жалғастыруды айрықша атап өткен болатын. Біздің тарихы тереңнен тамыр тартқан ел екенімізді обалар мен қорғандар, ЮНЕСКО тізіміне енген мәдени мұраларымыз айқындап берді. Ежелгі дәуірден қалған таңбалы тастар (петроглифтер), балбал тастар, көне жазбалар, қорым, обалар мен күмбез-кесенелер бойына талай құпияны бүгіп жатқандығы сөзсіз. Осы орайда Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жамбыл ауданында да жұртшылықтың қызығушылығын тудыратын жауһар жәдігерлер жетерлік.
Аудан аумағындағы көне шаһарлар мен елді мекендердің орындарынан табылған керамикадан жасалған, күнделікті тұрмыста пайдаланылатын әртүрлі бұйымдар, қола шырағдандар, тегене, пышақ, қару-жарақ қалдықтары, зергерлік бұйымдар аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Атап айтар болсақ, 2003 жылдан бері біраз құнды дүниелер жиналды. Солардың қатарында таңбалы тастардың (петроглифтер) алар орны ерекше. Ақбұлым ауылдық округіндегі Қамыстыбұлақ шатқалындағы, Ботамойнақ үңгіріндегі тасқа қашалып түсірілген жазулар, ғылымда «Талас жазулары» деген атаумен белгілі түркі-руникалық жазулары аумақта жазу-сызудың біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығында-ақ дами бастағандығын көрсетеді. Республикалық мәні бар Жікіл, Әулиебастау, Жувикат, жергілікті мәні бар Дех-Нуджикес, Адахкес, Тастөбе, Ақтөбе қалашықтары маңынан табылған ҮІ-ХІІ ғасырларға жататын хумдар, қыш ыдыстар, монша құбырлары және Айша бибі, Бабажа хатун кесенелерінің қайта жөндеуден өткенге дейінгі алғашқы кірпіштері де еріксіз назар аудартады.
Музейде топтастырылған жәдігерлердің бірі – қазақ халқының зергерлік бұйымдары. Әсіресе әйелдердің таза күмістен жасалып, алтынның буына ысталған жұмыр, қос білезіктер, құдағи жүзік, ай сырға, тұмар сынды сырғалар, шашбаулар, өңіртал, өңіржиек және алқалар, ерлердің күміспен зерленген кемер белбеулері, күмістен жасалған айбалта, қанжарлар музейге көрік беруде. Музей төрінде халқымыздың салт-дәстүрі мен тұрмысына, өнеріне арналған бұрыш жасақталған. Ол жерде қолдан тоқылған сырмақ, тықыр кілем, алаша, тұскиіз, текемет, қол диірмендер, күбі, келі-келсап, қоржын, кесеқап, таза қайыстан өріп жасалған қамшы, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы ағаш төсек, ағаш астаулар, ағаш кеселер, теріден жасалған көнек, қазақтың домбыра, қобызы, аң терілері, әйелдер мен ерлердің ұлттық киімдері, шоқайма етік, кебеже, сандық, жүкаяқ сынды ұлттық санамыздан ұмытылып бара жатқан дүниелер көп.
Әрине, тарихи-өлкетану музейі болған өңірдің Еңбек Ерлерінің, Құрметті азаматтарының, соғыс ардагерлерінің төсбелгі, медаль, ордендері, алғыс хаттары, құжаттары мен суреттері, майдан даласынан жазылған хаттары мен бұйымдары, өзге ұлт өкілдерінің тұрмыстық дүниелері жинақталған көрнекі бұрыштар да дайындалды.
Мемлекетіміздің рухани дамуы ата-бабаларымыздан қалған тарихи-мәдени мұраны сақтап, үнемі көңіл бөлгенімізде ғана жүзеге асады. Жәдігерлерімізде ұлтымыздың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұр. Осы құндылығымызды сақтап, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттай білейік.
Гүлбағира БЕКЖАНОВА, Жамбыл ауданы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы
Келесі мақала