Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНСА

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНСА
ашық дереккөз
МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНСА
Түймекент ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылы – Байзақ ауданының аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерінің бірі. Бұл күнде ауылда мыңға тарта халық тұрады, олар негізінен шаруа қожалықтарында еңбек етеді. Ауылда типтік жобада салынған 640 орындық орта мектеп,140 орындық балабақша және соңғы үлгіде тұрғызылған медициналық пункт жұмыс істейді. Осыдан 4-5 жыл бұрын көше бойына таза ауызсу жүйесі тартылып, үйді-үйге кіргізілсе, 2 жыл бұрын табиғи газ желісі жүргізіліп, халық игілігін көруде. Былтыр Абай көшесіне асфальт төселіп, көше жарықтандырылды. Шағын футбол алаңқайы жасалды. Осының бәрін Үкіметтің халық үшін жасап отырған қамқорлығы деп түсінген жөн. Ауылымызда соғыстан кейінгі жылдары ауыл клубы болды. Онда халыққа аптасына бір рет аудандық кино желісінен Корней деген киномеханик келіп клубта кино көрсетуші еді. Кәрі-жас демей бәрі келіп кино көретін. Облыс орталығынан және Алматыдан әртістер келіп, сол клубта талай өнер көрсетті. 1960 жылдарға дейін ауылда электр жарығы болмағандықтан әртістер өнерін майшаммен тамашалаушы едік. Ауыл клубының бір бұрышында кітапхана орналасты. Онда алғаш Әшімбек Аманбаев, кейінгі жылдары Уәйдә Темірбекова ұзақ жылдар жұмыс істеді. Сол ауыл клубы ескіргендіктен 1964 жылы бұзылып, каркас құрылыс материалынан қайта тұрғызылды. Ауыл халқы клубтың қызметін аз көрген жоқ. Оның бір жағында кітапхана орналасты. Тұрғындар бір мезгіл жиналып, түрлі мәселелерін шешетін, кино көріп, ауылға келген өнерпаздардың концерттерін тамашалаушы еді. Каркастан тұрғызылған ауыл клубы да тозығы жеткендіктен тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында бұзылды. Ауылда 1990 жылы мәдениет үйі салына бастағанда халық шын қуанды. Бірақ құрылысы басталған мәдениет үйі бітуге жақын қалғанда 1991 жылы еліміздің шығысында жер сілкініп, құрылысы тоқтады. Халық игілігіне берілмей, басталған жұмыс аяқсыз қалды. Содан бері Ақжар ауылында мәдениет үйі жоқ. Мектептің акт залы ыңғайластырылған ауыл клубы ретінде саналады. Кездесу немесе басқосу болатын болса, тұрғындар сонда жиналады. Қазіргі кітапхана балабақшаның бір бұрышында орналасқан. Осыдан 4-5 жыл бұрын облыс әкімі халықпен кездескенде «Ақжар ауылында мәдениет үйі қашан салынады?» деген сұраққа 2025 жылы салынатынын айтып еді. Ол да алыс емес дегенбіз. Осы жылдың басында аудан әкімі Б.Қазанбасов 2025 жылдарға дейінгі аудан көлемінде салынатын мәдениет үйлері мен ауыл клубтары тізімінде Ақжар ауылын атамады. «Сонда Ақжар аулында тұрғызылатын мәдениет үйі жоспардан шығып қалған ба?» деген ойдамыз. Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық, ал өсіп келе жатқан жастар ше? Оларға мәдениет үйі қажет емес пе? Ақжар ауылына мәдениет үйі салынса, әрине, игілігін халық көрер еді.

Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Байзақ ауданы, Ақжар ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар