Айша бибі аңызының нағыз прототипі кім?
Тарих – бір халықтың, тұтас бір ұлттың басып өткен ізі. Біз өз тарихымызды білу арқылы өз ұлтымызды тани түсеміз. Әрі Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді еселейміз. Өйткені тарих – адамның бойындағы рухани құндылықтарын оятатын құдіретті күш. Осы орайда біз тарихшы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Шыңғысхан» журналының ғылыми кеңесшісі Асылжан Шайділдаевпен болған әңгімемізді жариялап отырмыз.
– Құрметті Асылжан Қасымбекұлы, сізді көзіқарақты оқырман тарихшы ретінде жақсы таниды. Сөзімізді өзіңіздің осы тарих ғылымына келуіңізден бастасақ.
– Адамның болашағы балалықтан бастау алады. Себебі сол кезде адамның қызығушылығы бойындағы энергиясымен бірге тасып тұрады. Менің де сондай екіұшты күйде жүрген балалық кезімде тарихқа деген көзқарасымды өзгерткен бір адам болды, ол – менің Арғынбек есімді үлкен ағам. Ол кісінің тарихқа тұнған салиқалы санасынан маржандай төгіліп тұратын тарихи әңгімелері мені әрқашан өзіне баурап алатын. Мен ол кезде 6-7-сынып оқимын, ол болса студент. Әр демалыста үйге келген сайын мені отырғызып қойып, қазақтың қасиетті тарихынан сыр шертетін. Мен болсам оның барлық әңгімесін ұйып тыңдап, айта берсе екен деп отыратынмын. Содан бастап мен тарихи кітаптарға қызығып, 8-сыныпты бітірген кезімде «Көшпенділер» мен «Алтын орда» кітабын толық оқып бітірдім. Кластағы кітапты ең көп оқыған оқушы да мен болдым. Кейіннен Софы Сматаевтың «Елім-ай», Әнуар Әлімжановтың «Жаушы», «Ұстаздың оралуы» деген сияқты еңбектерін, Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» секілді бірнеше кітаптарын оқып тауыстым. Міне, менің қысқаша тарих ғылымына келу жолдарым осылай басталды.
– Сіз ортағасыр тарихын зерттеп жүрген Тараз өңіріндегі бірден-бір тарихшысыз. Газет-журналдарға Тараз қаласы және осы өңірдегі тарихи оқиғалар туралы көптеген ғылыми мақала жаздыңыз. Солардың ішіндегі ең бір сүбелі еңбегім деп қайсысын атар едіңіз?
– Өзіңнің туған жеріңнің тарихын білмеуге бола ма? Қайта білген сайын, сол өлкенің бай мұрасына қаныққан сайын шабыттана түсесің. Өйткені ол саған демеу береді. Енді айтар болсақ, Тараз туралы көптеген ғалым өз зерттеуін жүргізді, қаншама ғылыми еңбектер жазды. Сондықтан Тараздың, яғни қаланың жеке өзіне қатысты тарихы елге етене таныс деп ойлаймын. Одан гөрі осы өңірдегі тарихи оқиғаларға қатысты тың деректермен бөлісейін. Мен осы өңірдің тарихына қатысты «Қайду хан мемлекеті», «Естеми мен Мұқан қағандар», «Мұғұлдар деген кімдер?», «Қарахан тарихы: ататек шежіресі», «Баласағұн қаласы атауының шығу тарихы» секілді бірнеше ғылыми мақала жаздым. Аталған дүниелерімнің ішіндегі алғашқы жаңалығым, ол – Түркі қағанатын құрған тұлғалардың бірі Естеми қаған туралы болды. Мен Түркі тарихын терең зерттеуге кіріскенімде алдымнан бір мәселе шыға берді, ол – «20 жыл ел биледі делінетін Естеми қағанның есімі неге Түркістан аймағында аталмайды? Түркінің тасқа қашап жазған тұғырнамасында Естеми деп жазылып, басқа жерде оның есімі мүлдем атаусыз қалады, неге?» деген сұрақтар мені мазалаумен болды. Ал ол туралы деректі тек қытай жазбасынан ғана табуға болатын еді. Себебі түркінің тарихын түп-тұқияннан түгелдеп жазып келе жатқан тек қытайлар ғана. Сонымен қытайдың деректерінен іздегенімді таптым да.
Қытай жазбалары бойынша, Естеми қағанның бірнеше лақап есімі болған: 1. Қара, 2. Ісіг, Ыссық, 3. Ай қаған. Мұны бір деп қойыңыз. Екінші дерек, Естеми қаған ағасы Бумын қағаннан кейін таққа отырып, бар-жоғы бір жыл ғана өмір сүргендігі. Әрине, қытай деректерінде кейде мұны Бумынның баласы, кейде інісі деп жазады. Яғни қытайлардың қалай естісе солай немесе бәрі бір қағанның тұқымы ғой деп, баласы, інісі деп жаза беру әдеті бар екенін ұғынуымыз керек. Сондықтан бұған өте мұқият қарауға тура келеді.
Сонымен Естемидің бірінші лауазымы – «Қара». Махмұт Қашқаридың «Түркі тілі» бойынша «қасиетті, құтты, киелі» мағынасында айтылады. Осыған қарап, тарихтағы түркі халықтары ішіндегі ең алғашқы «Қара қаған» титулы Естемиде болғанын аңғарамыз.
Екінші лауазымы Ыссық, көне түркіше Ісіг. Махмұт Қашқаридың сөздігінде «Ісіг, Ыссық – сүюді, махаббатты, сүйіспеншілікті білдіреді. Бұдан келіп шығатын қорытынды – «Ыссық – өте сүйкімді, елі сүйген, елін сүйген қаған» деген мағына беретіндігі.
Үшінші лауазымы Ай, көне түркіше де – Ай. Оның мәні белгілі, «Айдай жарық, қараңғыда жарық беруші шырақ, адасқан елге нұр шашушы» мағынасында. Енді үшеуін қосып айтар болсақ – Қара, Ыссық, Ай қаған. Осы есімді тарихшылардың көбісі Бумын қағанның баласы деп жүр. Ол дұрыс емес. Олардың сүйенері Лев Гумилевтің еңбегі. Әрине, Гумилев мықты түркітанушы ғалым, ғұлама ғой. Бірақ ол да қателесуі мүмкін пенде екенін ұмытпайық. Қазіргі түркі шежіресінде Қара мен Ыссықтың тарихы жоқ. Себебі ол тақта бір жыл ғана отырған Естеми қағанның нақ өзі еді. Бұл туралы түркітанушы ғалым Қойшығара Салғараұлы керемет талдап жазған еді. Ол кісі Естемидің есімін түркі тілінің заңдылығына сала отырып, Есті ми деп, одан Ысты би деп талдаған-ды. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Сөйтіп, тарихшылардың айтуы бойынша, Орта Азияны жаулап, эфталиттерді талқандаған Естеми қаған деген дерегіне мен осылай қарсы шығамын.
Византияның, араб-парсының деректерінде Естеми деген атау жоқ, оларда Дизабул деген есім кездеседі. Енді қараңыз, жаңа ғана мен жоғарыда Естемидің төрт есімін айтып өттім, енді келіп оның есімі бірден Дизабулға қалай ауысып кетеді? Сонда Естеми жоқ болса, Дизабул қаған кім? Міне, сұрақ! Алғашқы Бумын қаған өлген соң Естеми қаған бір жыл отырды дедік. Енді Естемиден кейін таққа Бумынның баласы Мұқан қаған отырады. Оның да бірнеше лауазымы болды: Іркін, Мұқан, Сыдоу (Сизоуды қытайлар қойған) деген сияқты. Міне, осы Мұқан қаған ағасы Естемиден соң таққа отыра сала жужандарды талқандап, бар әскерін Орта Азияға бұрады. Сөйтіп, 568 жылы Тараз қаласының маңында византиялық елші Земархты қабылдайды. Земарх өзінің тарихи жазбасында бұл туралы өте әдемі баяндайды. Біз осы уақытқа дейін айтып келген, яғни Земархты қабылдаған Естеми деп жүргеніміз Мұқан қаған болатын. Оның қытайлар қойған Сыйзоу, Сыйдоу лауазымы Азия елдерінің тарихына да сол атпен түсті. Яғни Сизабул, Дизабул деп атала берді. Ал тарихта Мұқан қаған 20 жыл ел басқарады, Естеми қаған да 20 жыл ел басқарады. Сонда тарихшылар екеуінің өмірбаянын шатастырып алған сияқты. Міне, менің айтарым да, зерттеуім де осындай жұмбақтарды шынайы тарихи тұрғыда ашуға итермелейді.
– Шынында да өз тарихымызды тануда біз шатасып жатқан дүниелер баршылық. Сондықтан да біздің жерімізде болған кейбір тарихи соғыстардың әлі күнге дейін ақиқаты ашылып, бағасы берілген жоқ. Соның бірі – Тараз маңында болған Атлах шайқасы. Сіз бұл туралы қаншалықты зерттедіңіз. Әрі бұл туралы ойыңыз қандай?
– Өте орынды сұрақ. Біз осы күнге дейін Атлах шайқасының мән-маңызын аша алмай келе жатырмыз. Бұл – өте үлкен тарихи оқиға. Мұны бүкіләлемдік тарих сахнасында зерттеу қажет. Сол дәуірдегі екі алып империяның бетпе-бет келіп, қасиетті Тараз қаласының маңында соғысуы – түркілерге келген бақыт деп түсінуіміз керек.
Ол кезде осы аймақтағы геосаяси ойыншылар ретінде шығыстан Қытай, батыстан Парсы, Араб империялары шықты. Олардың көздегені Түркістан өңірін жаулап, түркілерді бағындыру. Өйткені түркілерді бағындырған елдің қуатты империяға айналатындығы. Міне, осындай қазақ жеріне деген таластан туған ұлы шайқас 751 жылы Тараздың маңында орналасқан ежелгі шаһардың бірі – Атлах қаласының маңында өтті. Бұл ірі соғыстың ұзақтығы бес күнге созылды. 100 мыңнан аса адам қырылды. Бірақ қазақ тарихы үшін аталған шайқастың маңызы өте зор болды. Өйткені сол соғыста Қытай әскері Талас бойында тас-талқан болып жеңілді, енді қайтып түркілер еліне беттей алмады. Қытайлықтар Түркістанға жүргізген барлық экспансиялық саясатынан бас тартып, мың жылға дейін беттеуден қалды. Осы жерде мың жыл дегенге түсініктеме бере кетейін. Осы шегіністен кейін қытайлар 1757 жылы ғана қазақ жеріне аяқ басып, қайта қауіп төндірді. Жоңғар елін талқандап, күшейген соң қазаққа да шабуыл жасады. Жоңғар шапқыншылығынан әлсіреп шыққан Абылай хан бастаған қазақ әскеріне бұл оңай соққан жоқ. Алла жар болғанда, қырғын соғыс болмай, үш күн текетіресіп тұрды да, бір түнде қытайлық әскерлер артқа шегініп кетті. Сонау мың жыл бұрынғы Атлах шайқасындағы жеңілісін есіне түсірсе керек. Сол кеткеннен мол кетті. Міне, қытайларды қазақ жеріне мың жылға дейін беттемеді дегені осы болатын. Сонымен қатар бұл соғыстың тағы бір пайдасы сол, ислам өркениетінің даму заңдылығы біздің елге келіп сіңді.
Ислам діні бізге, ең алдымен, сауаттылықты алып келді. Дінді қабылдаған әрбір адам міндетті түрде намаз оқуға тиесілі болды. Ал намаз оқу үшін құранды жаттау керек еді. Құранды жаттау үшін оны оқу керек болды. Ал оқу үшін не істеу керек, әрине, әліпбиді білу қажет болды. Яғни әрбір құран оқуға ниеттенген адам ешкімнің зорлауынсыз араб әліпбиін жаттайтын болды. Яғни кез келген пенде, кедей болсын, бай болсын көзі ашық сауатты болды, әріп таныды, кітап оқи алатын дәрежеге жетті. Міне, соның арқасында түркілерден шыққан ғұламаларда сан болған жоқ. Бір ғана Әл-Фараби әлемнің екінші ұстазы атанды. Одан басқа Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Әл-Бируни, Ибн Сина, сияқты көптеген дін ғұламаларымен бірге, тарих пен әдебиет, поэзия мен прозаның өкілдері секілді ғалымдар шықты. Тіптен олардың жазған еңбектері әлемнің көптеген елдеріне тарады. Оны әлі күнге дейін пайдаланып келе жатыр. Осының барлығы да сол сауаттылықтың арқасында болды ғой. Әйтпесе ел сауатсыз болса, мұндай ғұламалар шығар ма еді? Сондықтан Атлах шайқасының ең маңыздылығы – ислам дінінің келуімен бірге халықтың жаппай сауаттылығының ашылуы деп айтар едім.
– Иә, сол ислам діні біздің даламызда Қарахан дәуірінде өркендеді ғой. Енді сол дәуірдің бізге жеткен жауһарлары саналатын Айша бибі, Қарахан баба, Тектұрмас туралы не айтасыз? Мүмкін Атлах шайқасы сияқты Қарахан дәуірінің де біз білмейтін құпиясы көп шығар?
– Қарахан дәуірі – менің зерттеп жүрген тақырыптарымның бірі. Мен алғаш осы дәуірдің тарихын, өркениетін зерттеуді қаламыздың қақ ортасында тұрған Қарахан бабаны білуден бастадым. Сөйтіп, бүкіл Қарахан дәуірінің өркениетін зерттеуге тура келді. Себебі біздегі мына орналасқан сәулет ескерткіштері: Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас, Дәуітбек, барлығы да сол заманның архитектуралық мұралары. Алдымен Айша бибіден бастайын.
Айша мен Қарахан бабаны бір-бірінен ажыратып ала алмайсыз, аңыздар екеуін біріктіріп жіберген. Бірақ бұл мүмкін емес. Кейінгі кезде маған Айша қыздың тарихы қызық болып жүр. Өйткені ол туралы ешқандай деректің жоқтығы. Ал дерек болмаса, онда оның кім екенін қайдан танимыз? Мәселе осында болып тұр. Сондықтан мен осыны зерттеуге кірісіп жүрмін. Халық айтқандай, «Аңыз түбі – ақиқат» емес пе еді? Оның ақиқаты қайда? Біз қазір Айша мен Қараханның махаббатқа негізделген іңкәрлік сезіміне құралған аңызынан басқа ештеңе білмейміз. Олар кімдер? Қай ғасырдың адамдары? Міне, қоя берсең сұрақ көп. Бірақ әр нәрсенің бір жауабы болуы тиіс. Сонымен, алға қойған мақсатты орындау ғылым жолында өте үлкен қағида болып есептеледі.
– Ал сіздің ойыңызша, Айша бибі кім? Ол шынайы өмірде болған ба? Әлде аңыз кейіпкері ғана демексіз бе?
– Ол туралы деректерді ақтарып көргенімде шын әкесі Сүлеймен Бақырғани, ал Зеңгі баба өгей әкесі екендігі айтылады. Анасы Әнбар бегім Қара Боғраханның қызы делінеді. Қарап отырсаңыз, Айша қыз асыл текті ақсүйек тұқымынан болып шығады. Жарайды, солай дейік. Енді оның әкесі туралы деректер не дейді? Мысалы, менің қолымда ортағасырдағы барлық әулие-ғұламаларды бір кітапқа жинап жазған Мәулана Әли ибн Құсайынның 1503 жылы жазылған «Рашахат айн әл-Хаят» деген кітабы бар. Сонда Арыстан бабтан бастап, барлық әулие-әнбиелер айтылады. Аталған еңбекте Сүлеймен Бақырғани Ясауидың шәкірті екені, оның ғұламалығы туралы тың деректер бар. Бірақ осы кітапта екі Сүлейменнің бар екені айтылады, бірі Сүлеймен ата, екіншісі Хакім ата. Екеуі де Ахмет Ясауидың шәкірттері. Ал біз Хакім атаны Бақырғанидың өзі деп жүрміз. Кім біледі, ол кітап та қателесуі мүмкін шығар, дегенмен бұл да зерттеуді қажет етеді. Сол Бақырғанидың Әнбар бибіге өзі өлген соң шәкірті Занки атаға тиетіні айтылады. Бірақ екеуінің ешқандай баласы, қызы туралы мүлдем мәлімет берілмейді. Қайта Арыстан бабтың шөбересі Занки атадан ұл-қыздары болғанын жазады. Осы кітапта тағы да екі Зеңгі ата болғаны жөнінде айтылуы да көп жайтты өзгертері рас. «Занки ата Зеңгі бабадан басқа кісі» деген түсіндірмесіне қарап, негізгі Зеңгі баба кім болды екен деген сұрақ тағы да көкейде қалып қояды. Сосын марқұм Бақтияр Әбілдаұлының зерттеуі бойынша, Айша бибінің 1185 жылы дүниеге келгені, әкесі Бақырғанидың 1186 жылы дүние салғанын алға тартады. Ал өгей әкесі Зеңгі бабаның 1258 жылы қайтыс болғанын жазады. Осы аталған деректерге қарап отырсаңыз, Айша туралы айтылып жүрген аңыз-әңгімелердің өзегі мүлдем басқа адамға арналған ба деген ой келеді. Осындағы ең маңызды мәселе, Айша бибі ғашығы Қараханға жолға шығарда оған өгей әкесі Зеңгі бабаның теріс батасын беруі. Біріншіден, Айшаның анасы Қара Боғраханның қызы. Екіншіден, Айшаның әкесі ғұлама, данышпан, Зеңгінің ұстазы Сүлеймен Бақырғани. Үшіншіден, Айша Зеңгінің туған қызы емес. Сонда Зеңгі баба қалайша оған, яғни ақсүйек текті адамның қызына теріс батасын бере алады? Ол қаншама ғұлама болса да оның басын сол жерде-ақ шауып тастар еді және ханның қызы бола тұра анасы осыған жол бере ала ма? Әрине, жоқ! Парадокс!
Енді оның ғашығы делініп жүрген Қараханға келейік. Тараздағы Әулиеата Қараханды Айшаның ғашығы деп жүрміз. Ал Қарахан әулие 1070 жылдары өмірден өткен Шах Махмұд Боғрахан екені белгілі. Оны әйелі у беріп өлтіргені, оның ешқандай әулие емес екендігі ортағасырлық Ибн әл-Асирдің «Толық жинақ» деген еңбегінде тәптіштеп тұрып жазылған. Айша 1185 жылы туса, сонда екі ғашықтың арасында бақандай 150 жылдық уақыт жатқан жоқ па? Бұл қалай Айшаның ғашығы болады? Бұл да ақылға сыймайды. Менің қолымда дәл қазір мыңнан аса ортағасырлық араб-парсы жазбалары тұр. Олардың ешқайсысында Айша бибі мен Қарахан бабаның басына тұрғызылған кесене туралы бірауыз айтылмайды. Тараз қаласында қызмет атқарған ғалым Жамал Қаршы да бұл кесенелер туралы ештеңе айтпайды. Неге? Тіптен Тараз тарихын жақсы білетін Мұхамед Хайдар Дулатида да бірауыз сөз жоқ. Егер бұлар сол дәуірге тән мұра болса, сол тұстың тарихшылары да бірнәрсе жазып қалдырар еді ғой. Ал Қашғардағы Сатұқ Боғра ханның кесенесі туралы көптеген ортағасыр тарихшылары жазады.
Міне, осының барлығын зерттей келе, бұл аңыз Айша бибіге арналмаған және Айша деген қыз өмірде болмаған-ау деген ойға жетелейді. Бұл ғашықтық аңыз-жыры басқа адамдарға арналып шығарылған сияқты. Мысалға, осы өңірде ғашықтық жырға ұласқан Айгерім-Қайду хан, Айша-Тоқтамыс хан аңыздары да бар. Соған қарағанда, Айша бибі аңызы осылардың біреуіне арналып, кейін уақыт өте келе ұмытылып кеткен сыңайлы. Көрдіңіз бе, аңыздар қалай-қалай құбылады?! Қайду хан атақты Шыңғысханның шөбересі, 1261 жылы өз мемлекетін құрып, Тараз қаласында таққа отырған. 40 жыл ел билеген тарихи тұлға. Тараз қаласын жаңадан салдырып, шығыстық үлгіде гүлдендірген патша еді. Содан бастап Тараз «Ианги Тараз», яғни «Жаңа Тараз» деген атауға ие болған-ды. 1269 жылы Талас өзенінің жағасында бүкіл моңғолтектілердің басын қосып, Ұлы Талас құрылтайын шақырған хан еді. Осы құрылтайдың негізінде Қайду ханның мемлекеттік шекарасы мен Моғолстан мемлекетінің пайда болуының шекарасы анықталды. Қайду хан өте ақылды, білімді, ғалымдарды жақсы көрген көреген басшы бола білген. Оның қаршысында атақты ортағасырлық ғұлама, жазушы Жамал қаршы қызмет еткен. Міне, Қайду ханның Тараз бен Тараз өңіріне қосқан үлесі жетерлік. Оның бағасын тарихи тұрғыда шынайы бере алуымыз керек.
Ал оның Айгерім деген сұлу да сымбатты қызы болады. Ол әкесі Қайду ханға ғашық болып, өле-өлгенше әкесіне деген іңкәр сезіммен өтеді. Осы әңгіме ел ішінде үлкен аңызға айналып, өмір бойы халық арасында айтылып қалған-ды. Бұл деректер Рашид ад-Динның «Жылнамалар жинағы» атты еңбегінде бар. Қызының өзіне ғашық болғанына және ел ішіндегі гу-гу әңгімеге намыстанған Қайду хан қызын жүзбасы бір сардарға қосып, оған өзіне ғашық болмайтындай теріс батасын бергені айтылады. Осы бір жерлеріне қарасаңыз, Айша бибі аңызына ұқсап кететіні бар. Міне, Айша бибі аңызын айтамын деп, қаншама аңыздардың бетін ашып тастадық.
Айша-Тоқтамыс аңызы болса, Астанадағы ұлттық музейдің сирек кітаптар қорында француз тілінде жазылған нұсқасында сақтаулы тұр. Оны бір кездері алдыруға талпыныс жасап еді, музей басшылығы рұқсат етпеді. Тоқтамыс ханды неге айтып отырмын? Өйткені Айшаның кейбір аңыздарында оны Қытай ханының қызы, Ақсақ Темірдің балдызы деген де дерек айтылады. Ал Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қолбаласы болып, осы өңірді билегені, кейіннен Темірден көп әскер алып, Алтын Орда тағына отырғаны мәлім. Яғни ешқайсысының да Тараз өңіріне бөтендігі жоқ. Байқадыңыз ба? Бір ғана өңірде қаншама махаббат хикаясына толы аңыз-әпсаналар толып жатыр. Осылардың барлығын зерттеп, зерделеп, нақты қай аңыздың желісінде оқиға орын алғанын анықтау қажет. Әрине, бұған енді уақыт төреші.
– Бірақ сіздің осы айтып отырғандарыңызға да күманмен қараған кезіміз болды ғой. Өйткені кеңестік кезең біздің тарихымызды барынша бұрмалады. Соның салдарынан жалған тарихшылар алға шыққан да дәуірлерді бастан кешкенбіз. Жалпы тарихты ғылым ретінде қарастырсақ, оның жалған болуы мүмкін бе?
– Жоқ. Олай болуы мүмкін емес. Ғылым деген – адамзаттың мәңгілік жемісі. Сол жеміспен сен сусындап, нәр аласың. Ал ол жемістің жалған болуы – сенің өмірлік адасуыңа алып келеді. Халықтың көңілінен шыға беру деген де мүмкін емес қой. Бірақ ғылым олай көпшіліктің ығына жығылмау керек. Ғылым – сол өтірік пен жалғанның аражігін ашып беруі қажет. Әрине, ғылыми, дәлелді түрде. Мысалы, жоғарыдағы мен айтып өткен тарихи оқиғалардың біразы халықтың ойынан шықпауы мүмкін. Бірақ ғылыми деректер мен дәйектер солай деп тұрса, мен одан айнып кетуге тиіс емеспін. Сондықтан қолымнан келгенше ақиқаттың ақ туын ұстап өтемін деген қағидадамын.
– Енді осы айтып отырған ақиқаттарыңызды алда қағаз бетіне түсіріп, оқырмандарға жариялау ойыңызда бар ма? Алдағы мақсат-мұраттарыңыз турасында да тоқтала кетсеңіз...
– Мен қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу еңбектерімді жазып, жинақтап жарыққа шығарсам деген ниетте жүрмін. Бастап та қойдым, Алла қаласа аяқтап шығармын. Ол – «Мұғұлдар деген кімдер?» және «Қарахан тарихы: ататек шежіресі» атты кітаптарды жазып бітіру. Әрине, оңай жерде дүние жоқ. Қаншама кітапты, деректерді оқып, сүзіп шықтым. Сонда да тағы біраз кітап керек болып жатыр. Олар әзірге табылар емес. Бірақ бастаған істі аяқтау қажет. Кітаптарымды шығаратын демеушілер де бар, тек жазылып шықса болды. Әзірге менің мақсатым да, шағын ғана арманым да осылар. Қысқасы, ғылыми деректерге сүйенген, негізгі өзектің тың қауызын ашатын сүбелі дүниелерді жарыққа шығару. Қалғанын уақыт көрсетер.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала