ХАЛҚЫ ҮШІН ҚҰРБАН БОЛҒАН ХАЛЕЛ
Ашық аспан астында, өзге елдермен терезесі тең, еңселі ел болып, бейбіт өмір сүріп жатқанымыз тәуелсіздіктің арқасы екені анық. Ал сол тәуелсіздіктің ата-бабаларымыздың қасық қанымен, ақ жаулықты аналарымыздың көз жасымен келгенін бірі түсініп жатса, бірі осы ойдың түп-тамырына жете бермейді. Тамыры тереңде жатқан қазақ халқының басынан небір зұлмат замандар мен небір қайғы-қасірет өткені баршамызға белгілі. Әсіресе қазақ тарихында XX ғасыр адам айтса сенгісіз трагедиялық оқиғалардан көз ашпаған ғасырға айналды десек, еш артық айтқанымыз емес.
Қолдан жасалған аштық, атақоныстан айыру мақсатында ұйымдастырылған реформалар, сұм соғыс, ұлттық тіліміз бен тарихымызды шұбарлау сынды қайғы-қасіретке толы оқиғалар қаймана қазаққа орны толмас қайғы әкелгені сөзсіз. XX ғасырдың ең сорақы оқиғасы 1929-1932 жылдарда орын алған голощекиндік геноцид саясаты десек, артық айтпағанымыз. Қазақтың ұлттық болмысын сақтау жолында қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтары, қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері құрбан болды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі, Алаш қозғалысының қайраткері Халел Досмұхамедұлының туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Тарихта өз есімін алтын әріппен қалдырған тұлға мамандығының дәрігер болғанына қарамастан, саяси өмірдің сан салалы қырларын жетік білген. Қоғам өмірінде ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинақтап, оны халыққа насихаттауға тырысқан. Сонымен қатар ол қоғам қайраткері ретінде өзінің білімділігімен саяси өмірдің мәселелерін шешуге атсалысқан тұлғалардың бірі де бірегейі. Халқымыздың тарихында белгілі орны бар, ұлт зиялысы Халел Досмұхамедұлының ғылым мен мәдениеттің әр саласында қосқан үлесі айрықша зор.
Халел Досмұхамедұлы – қазақтан шыққан алғашқы түркітанушы. 1923 жылы «Шолпан» журналының №7 санында жарық көрген «Диуани лұғат ат-түрік» атты мақаласы арқылы қазақ қоғамын алғаш рет ұлы сөздікпен таныстырып, Махмұд Қашқаридың тарихтағы орнын белгілеп берді. Қазақ халқының көзін ашып, көкірегін ояу қылдыруға үлес қосып, қара халықты сауаттандыруға қолынан келгенше талпынды. Халық ауыз əдебиетін жинастырып, баспа бетіне шығарып қана қоймай, сонымен қатар «Алаш не сөз», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ əдебиетінің тарихы» атты ғылыми еңбектерін, «Мұрат ақын сөзі», «Исатай-Махамбет» пен «Аламан» жинақтарын жарыққа шығарған. Сондай-ақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен де бұрыннан-ақ шұғылданған деседі. Өзі жинаған материалдар негізінде «Мұрат ақын сөздері», «Аламан», «Исатай-Махамбет» атты кітаптарда ақын-жыраулардың өлең-жырларын топтастырып, оларға арнайы түсініктер берген. Ал фольклортану саласындағы еңбектерінің ішіндегі ең оқшау тұратыны «Қазақ ауыз әдебиеті» деген очеркі екенін айта кеткеніміз жөн.
Ташкенттегі зиялы қауым ортасында Халел Досмұхамедұлының ұстаздық, қайраткерлік болмысы одан әрмен жарқырай көрінді. Қазақтың асыл арыстарының 1920-1939 жылдардағы өмірі мен қызметінің әрбір күні қауіп-қатерге толы болғаны анық. Зұлмат заманның тар шеңберінде, күнделікті аңду мен қуғын астында халқымыздың ардақтылары қазақтың рухани-мәдени құрылысының дамуына айтарлықтай үлес қосып үлгерді. Олар жұртының шын мәніндегі жанашыр зиялылары екендіктерін көрсетті. Ешқандай саясат пен ұлтшылдық идеяны көксемей-ақ халқының қажетіне жарауға тырысты. Ұлт зиялыларының үкімет саясаты аясындағы нақты іс-әрекеттері халқына рухани қызмет ету және оның сана-сезімін шамасы келгенше идеологиядан аман сақтау болғаны сөзсіз.
Халел Досмұхамедұлы әскери-медициналық академияда оқығанда 1905-1907 жылдардағы төңкерісті өз көзімен көрген адамдардың бірі болды. Бұл төңкерісте бүкіл Алаш ардақтылары қуғын-сүргін құрбандарына айналды, оның ішінде Халел де бар еді. Бұқара халықтың ашу-ызасы, қанды қақтығыстар жəне жеңілістің ащы сабақтары болашақ қайраткердің рухани дүниетанымын қалыптастырды. Осы тұста Халел ОГПУ тергеушісіне берген мына мәлімдемесі бізге дәлел бола алады: «Мен Петербургке бірінші орыс революциясының қарсаңында келдім. Бұл кезде демократиялық күштер, оның ішінде студенттер қауымы да жиі-жиі наразылық білдіріп жататын. Қым-қиғаш студенттік өмірге араласумен қатар, саяси білімімді де жетілдіруге кірістім. Əртүрлі саяси партиялардың бағдарламаларымен таныстым. Мені жəне басқа қазақ студенттерін ешбір саяси партияның бағдарламалары қанағаттандырмады». Оның сөзіне қарағанда, сол кезде социал-демократтар тек қана жұмысшылар туралы айтса, социалист-революционерлер шаруалар жөнінде ғана сөйлейді екен. Кадеттер орыс халқының ұлылығы жөнінде сайрап, басқа халықтар туралы жұмған ауыздарын ашпады.
Негізінен Халел Досмұхамедұлы қаламгерлігінен, ғалымдығынан бөлек, ең алдымен, жалпы аурулар және жұқпалы аурулар хақында оннан астам мақала жазған теоретик вирусолог-дәрігер ретінде тарихта өз елеулі орнына ие болған. Алдымен профессор Халел Досмұхамедұлы биология ғылымындағы аса қиын да күрделі бағыт – тез тарайтын жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын іздестіруге ерекше мән берді. Сондықтан ол аса қауіпті оба ауруының тұрақты, жұқпалы ауру екенін зерттей келе, оны таратушы кеміргіштер, бүргелер екенін анықтап, адамдар мен жан-жануарларды тұрақты сақтандыруға айрықша назар аударды.
Вирусолог-дәрігер Халел Досмұхамедұлы жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын да көрсеткен. Ол: «Адамның ішкі сарайы сау болса, дені таза болса, тамағы тоқ болса, ауру жұқпасқа, жұқса да ауырмасқа себеп болады. Науқас адамдарға, нашар адамдарға, аш адамдарға жұқпалы аурулар да жұққыш болып келеді. Киімі бүтін, суықта жылы киім киген адамға ауру жұқпасқа себеп болады», деп, дәрігер ретінде өз ақыл-кеңесін білдірген. Көріп отырғанымыздай, Халел Досмұхамедұлы кәсіби вирусолог-дәрігер ретінде жұқпалы ауруларға қатысты қазақ халқының жағымсыз қасиеттеріне көп мән береді. «Қазақта науқастың көңілін сұрайтын әдет бар. Ауру болған кісінің көңілін аулаған жақсы, бірақ жұқпалы аурулардың көңілін сұраймын деп ауырған кісінің қасына бару жарамайды», деген екен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, Халел Досмұхамедұлы өзінің бар болғаны 56 жылдық ғұмырында өзінің қара басы үшін емес, бұқара халықтың қамы үшін еңбек етті. Осындай аз ғана өмірінде ғылым саласына да, білім саласына да, медицина саласына да елеулі еңбек қалдыра білген. XX ғасырдың 30-жылдары орын алған голощекиндік геноцид саясатының құрбанына айналып, жазықсыз жазаға ұшырап, кейін есімі ақталған қазақ интеллигенциясы өкілдерінің бірі де бірегейі Халел Досмұхамедұлының тағдырдың тәлкегіне ұшырағаны қабырғамызды қайыстырары анық. Жеті жылдан астам уақыт қуғын-сүргінге ұшырап, қамауға алынып, 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілген Халелдің есімі араға 20 жыл салып барып ақталды.
Ал бүгінгі күні Халел Досмұхамедұлының мол мұрасы халқымыздың баға жетпес рухани қазынасына айналып отыр. Қамшының сабындай қысқа ғана өмірінде өскелең жас ұрпаққа мол мұра қалдырғаны анық. Саяси қуғын-сүргін құрбанына айналмай, жазықсыз айып тағылып, ату жазасына кесілмегенінде Халел Досмұхамедұлы одан да көп елеулі еңбектер жазып, халқымыздың дүниетанымын кеңейтуге барынша үлес қосар еді. Бергенінен берері мол, халқымыздың аяулы перзенті, қоғам және саяси қайраткері, біртуар тұлға Халел Досмұхамедұлы өзінің асыл мұрасымен мың жасайтыны сөзсіз.
Ділназ ҚАЛДЫБЕК, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің 1-курс студенті
Келесі мақала
«Ақындық мамандық емес, өнер»
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024