Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АҚБОТАНЫҢ АЛҒАШҚЫ БИЗНЕСІ

АҚБОТАНЫҢ АЛҒАШҚЫ БИЗНЕСІ
ашық дереккөз
АҚБОТАНЫҢ АЛҒАШҚЫ БИЗНЕСІ
«Еңбектiң көзiн тапқан, байлықтың өзiн табады» деген көне тәмсiл тұғырынан еш тайған емес. Бейбіт қоғамда бейнетшіл адамға баюға барлық жағдай жасалған. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түліктің соңына түссеңіз де, кәсіп ашып, нәпақа табамын десеңіз де ешкім бетіңізден қақпайды. Тек бойыңыздағы жалқаулықты жеңіп, жоспарлы жұмыс істесеңіз болғаны. Қайта адал еңбек адамды нұрландыра түседi. Сондай ізденімпаз және еңбекқор жанның бірі – Ақбота Нұрланова. Декреттік демалыста қол қусырып отырмай, жаңа дүниені меңгерген ол алды-артын бағамдап, шығыны мен кірісін есептеп, қиналмастан үйінде отырып-ақ ерекше іске білек сыбана кірісіпті. Бүгінде хит болған шоколадты құлпынайдың дәмін татып көрген боларсыз? Бұл жай ғана қып-қызыл жидек емес, шоколадқа малынған, қорапқа салынған, өте әдемі орамадағы құлпынай. Соңғы уақыттарда ең өтімді тауарлардың бірі екенін ескерген кейіпкеріміз дәл осы бизнесті үйреніп, дөңгелетіп отыр. Ақбота осы кәсіп арқылы айына 400-500 мың, мереке қарсаңыңда миллион теңгеге дейін табыс тауып жүргенін айтты. – Қазіргі уақытта қала тұрғындарына балғын құлпынайдың жоғарғы сұрпы мен шоколадтың қосындысынан жасалған керемет дүниені ұсынып отырмын. Әр бизнестің өз қызығы мен шыжығы бар. Сол сияқты бұл құлпынайдың да өзіне тән машақаты жетерлік. Шоколадқа құлпынай салынады, оның несі қиын деуі де мүмкін. Бірақ шоколадтың еру температурасы, құлпынайды тазалау техникалары шамалы білімді қажет етеді. Мұны арнайы марафоннан меңгердім. Қажетті құлпынайды сатып алғанда әрдайым жаңа піскен түрін таңдаймын. Сондай-ақ шоколадты құлпынайды алдын ала жасап қоймаймын. Өйткені оның сақталу мерзімі – 24 сағат. Тапсырыс берушінің қажет уақытына қарай арнайы дайындап беремін және оны тұтынушыға да ескертіп отырамын, – дейді ол. Ерекше кәсіп түрімен айналысып жүрген Ақбота Ержанқызының негізгі мамандығы – компьютерлік бағдарламашы. Бұл істі қолға алғанына небәрі үш ай болса да нәтижесі жаман емес. Бір сәтте халық арасында үлкен сұранысқа ие, өте танымал болған кейбір жаңа дүниелер шамалы уақыт өткен соң тасада қалып қоятыны белгілі. Алайда кондитердің шоколадты десерттерге деген сұраныс азаяды деген қоркынышы жоқ. Ақбота шоколадты құлпынайларының дәміне ғана емес, тауарлық бейнесіне де баса мән береді. Ерекше сәнді етіп безендірілген тәттілер кез келгеннің тәбетін ашады. Безендіруді кейде туған күн, мереке, мерейтой, тосынсыйға байланысты клиенттерінің айтуы бойынша жасап береді. Ол ең бастысы өнімдерін таза белгиялық шоколадпен жасайды. Шоколадты құлпынайдың дәмді әрі сапалы шығуы шоколадтың сапасына байланысты екен. Бұл істе шоколадпен қатар, құлпынайды да дұрыс таңдай білу маңызды. Ақбота оны дәміне және көлеміне қарап таңдайды екен. Құлпынай неғұрлым үлкенірек болса, соғұрлым букет, бокстар адемі шығады. Клиенттер де құлпынайдың ірілерімен жасап бергенді ұнатады екен. Сондай-ақ кәсіпкер клиент жинау мақсатында жиі жеңілдік жасап тұрады. Мысалы, сатып алушы 10 данаға тапсырыс беретін болса, үстіне 6 құлпынай қосып береді. А.Нұрланова тек қана шоколадты құлпынай ғана емес, шоколадты құрма, шоколадты жент дайындап, құрғақ жемістен түрлі сыйлықтар да жасайды. Дәмі тіл үйірер тәттілерін «Instagram»-дағы «@klubnika_vshokolade.taraz» парақшасы арқылы саудалап көрген ол бұл кәсіптің қолынан келетініне көз жеткізеді. Өзі бұл істі ұршықша иіріп әкететініне шүбәсіз сеніп, табысты іспен тұрақты шұғылдануды көздейді. «Әлеуметтік желі ісімнің табысты болуына жүз пайыз себепкер» деген ол тапсырыс берушілерінің барлығы да осы «Instagram» желісі арқылы келетінін жеткізді. «Әрбір істе ең алдымен таза ниет, адалдық керек» деген ұстаныммен жүретін кәсіпкердің еңбегін тұтынушылары да жоғары бағалайды. Мәселен, Айжан Туғанбай есімді қала тұрғыны шоколадты құлпынайды осы кәсіпкерге дайындатамын дейді. – Қазіргі кезде неше түрлі тағам түрі, кондитер өнімдері, десерттер шығып жатыр. Соның бірі – шоколадты құлпынай. Бұл тәттінің алғаш дәмін татып көргенде Ақботаға тапсырыс бергенмін. Содан бері осы кәсіпкердің тұрақты клиентімін. Мереке болсын, туған күн болсын, кейде еш себепсіз жегіміз келгенде Ақботадан алдырамын. Дәмі, тауарлық бейнесі, безендірілуі, қапталуы бәрі де керемет. Осындай адал еңбек иесінің ісіне толағай табыс тілеймін, – дейді А.Туғанбай. Ақтота Ержанқызы тынымсыз еңбек табыссыз қалдырмайтынына сенімді. Ол кездескен қиындықтарға мойымағанының арқасында кәсібінің берекесін көріп отыр. Тұтынушылардың разылығы оны одан сайын шабыттандыра түсетінін айтады. – Әрине, кез келген істің өзіне тән қиындығы болады. Алғашында тауарымды жарнамалау қиындық тудырды. Бірақ ойға алған бастапқы мақсат орындалып, сұраныс уақыт өте арта бастады. Менің құрғақ шоколадты тәттілерімді сыйлыққа алған әрбір клиентім міндетті түрде «уау» дейтіндей эмоцияда болады. Бір рет сатып алған клиенттерім бірнеше рет тапсырыс беріп жүр. Себебі мен тек жоғары сұрыпты кептірілген жемістерді қолданамын, – дейді жас кәсіпкер. Қазір өз кәсібін бастағысы келетін жанға еш кедергі жоқ. Қайта қолдаудың түрі көп. Осы тұста Ақбота Ержанқызы да замандастарын қолда бармен жұмыс істеп, кәсіп бастауға шақырды. – Қазір инфобизнестің дамып тұрған шағында мен секілді декреттік демалыста отырған аналарға нөлден бастап кететін істің қыр-сырын көрсету мақсатында арнайы курс жасап шығару ойымда бар. Бүгінде интернет арқылы өніміңізді сатып, мүмкіндігіңіз бен еңбегіңізге қарай пайда табуға болады. Жеке кәсіпті жүргіземін деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Себебі біздің заман үйден шықпай дүкен аралап, мейрамхананың тамағын жеп, ұнатқан киіміңді киетін заман. Кәсіп бастағысы келетіндерге тек алға деймін, – дейді ол. «Еңбек атаулының бәрі де бағалы. Өйткені ол адамды ізгілендіреді» деген бар. Иә, адал еңбекке ештеңе жетпейді. Әсіресе өз бетімен тірлігін түзеп, бейнетінің зейнетін көрген бір ғанибет. Сіз де ізгі жандардың қатарынан болғыңыз келсе, жантайып жатпай, білек сыбанып, бел бүгіп, іске кірісіңіз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар