Медицинадағы сирек синдромдар
Адам денесі әлі де толық зерттелмеген. Бір ғана генетикалық өзгеріс тұтас бір ұрпаққа әсер етеді. Бүгін медицинада белгілі болған түрлі синдромдармен таныстырамыз.
Бөтен адам қолы
Неміс неврологы Курт Голдьштейн бұл ауытқуды адамның бір немесе екі қолы да өз иесіне бағынбай, өздігімен қозғала бастауы деп түсіндірді. Мысалы, емделушілердің бірі сол қолы түнде тұншықтыра бастады деп шағымданған. Синдром мидың оң және сол жартышарларының арасындағы байланыс бұзылған кезде пайда болады. Синдромды кейде «Дәрігер Стрейнджлав дерті» деп те атайды. Бұл дерттің туындауына мидағы ісік, инфекция, инсульт пен Альцгеймер ауруы себеп болады. Кейде сәтсіз отадан кейін пайда болады. 50-жылдары эпилепсияны емдеу үшін мидың жартышарларын хирургиялық жолмен бөлген. Эпилепсия шынымен емделсе де қолдар иесіне бағынбайтын болған.
Мюнхеймер
Медициналық ресми атауы – үдемелі сүйектенетін фибродисплазия. Одан бөлек «Мюнхеймер синдромы» деп те аталады. Бұл – өте сирек кездесетін генетикалық дерт. Ауру кезінде ағзаның барлық ұлпасы, яғни бұлшықет, буындар бірте-бірте сүйекке айналады. Алғашқы белгілері шамамен 10 жаста басталады. Нақтырақ айтсақ, ағза бар қаңқаның үстіне екінші қаңқа жасап шығады. Ең алғашқы белгілерінің бірі — саусақтар дамуының бұзылуы. Олар ішке иіліп, буын болмайды. Бұндай сүйек буыны кейін иық пен мойында дамып, аяққа қарай түседі. Зардап шегушілер тамақ қабылдай алмайды, демалуы қиындай түседі. Әзірге дерттің емі табылған жоқ. Екі миллион адам арасынан тек біреуі ауыруы мүмкін.Тератома
Қатерлі ісіктің кез келген түрі қорқынышты. Соның ішінде дене ішінен бөгде ағза түзетін тератоманы ең қорқынышты ісік түрі деп атап өтуге болады. Тератома – әйел және ер жұмытқаларында пайда болатын ісік. Кейде сегізкөз-құйымшақ, ми, жақ сүйектері, мұрын қуысы мен өкпеде пайда болуы мүмкін. Тін жасушаларының бөлінуі механизміндегі қателіктер кесіренен ағза өзге ұлпа не мүше түзуі мүмкін. Түзілген ісіктің өз шашы, бұлшықеті, денесі, тісі болуы мүмкін. Тератома көбіне балалардан табылған.Суға аллергия
Бұл дерттің медицинадағы атауы – аквагенді есекжем. Бұл – өте сирек кездесетін, аутоиммунды ауру. Әлемде небәрі 32 адам осы дертке шалдыққан. Дертке шалдыққан адамда суға жақындаған кезде бөртпелер пайда болады. Терлеген кезде, көз жасына да дене реакция береді. Аурудың неден туындайтыны әлі күнге дейін белгісіз. Бұл аллергия көбіне әйел адамдарда кездеседі. Дертке шалдыққандар теріге май немесе вазелин жағып қана суға түсе алады.Дориан Грей
Жас адамның ерте қартайғанынан, қарт адамның жаспын дегені қауіптірек секілді. Ал оны «Дориан Грей» синдромы деп атайды. Яғни физикалық және психологиялық тұрғыдан қартайғысы келмеу, мәңгі жастықты қалау осының белгілері. Бұл әсіресе шоу-бизнес өкілдері арасында жиі кездеседі. Бірақ көпшілік алдында жүрмесе де қарттығын қабылдағысы келмейтін адамдар бар. Жас көріну үшін бәрін істейді. Қазіргі кезде кең тараған бет-әлпетіне пластикалық ота жасату да осы синдромның белгісі дейді. Бұл психологиялық күй Оскар Уайльдтың атақты шығармасындағы басты кейіпкер Дориан Грейдің атымен аталған. Дориан өзінің жастығын сақтағысы келеді. Оның сымбатына қайран қалған суретші оған портретін салып береді. Содан кейін Дориан емес, сол сурет қартая бастайды. Оның бойындағы барлық өзгеріс портретке әсер етеді. Дориан алғашқыда өзінің тәні мен жаны қартамайтынына қуанса да көз алдындағы сурет оған бәрін анық көрсетіп тұрады. Алайда Дориан оны жан баласынан жасырып ұстайды, тіпті портретті басқа бөлмеге апарып, бетін жауып, бөлменің есігін құлыптап, тығып тастайды. Осы синдромға ұшыраған адамдар жас болу үшін жылтырап көзге түсетін, өз жасына сай келмейтін киімдер киіп, бет-әлпетіндегі әжімдерді түзеп әлек болады екен.
Келесі мақала