Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бұралқы болыстың бұлыңғыр тағдыры

Бұралқы болыстың бұлыңғыр тағдыры
ашық дереккөз
Бұралқы болыстың бұлыңғыр тағдыры
Еліміз егемендік алып, есімізді жиып, халық болып оң-солымызды тани бастаған отыз жылда өшкеніміз жанып, халықтың басынан кешкен қасіретті жылдарда қызыл империяның құрығынан құрбан болған ардақты азаматтарымыздың есімдері халқымен қауышып, оларға құрмет түрлі деңгейде жасалуда. Патша өкіметін тақтан тайдырып, билікке келген большевиктік билік өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында қазақ даласында жаппай кеңестендіруді жүргізіп, халықты күштеп ұжымдастыруды әпербақан саясатпен жүргізгендігі тарихтан белгілі. Ол «ақтаңдақ жылдар» халықтың санасында қалды. Ел тізгінін ұстаған халықтың жайын ойлаған есіл ерлер опат болды. Солардың бірі – Ағашақ болыстығын 18 жыл басқарған Сұлтанбекұлы Бұралқы болыс. Бұралқы болыспен үзеңгілес болып көп жүрген әкем Тышқанбайдың болысқа атқосшылық қызмет атқарғандығы жайлы Бұралқыға жақын ағайын болып келетін ауыл қариялары Нареке, Қасымбай, Кәнібек, Кеубас, Әшім, Әбдірәсіл, Мәдібектердің айтқандарын естіп өстім. Бұл күнде жасы 80-ге таяған ауыл қариясы, еңбек ардагері Тәуірбек Әшімов жоғарыда айтылған әңгімелерден хабардар. Бұралқы болыстың ауылы мен біздің аталарымыздың ауылы аралас, қойы қоралас, жекжат-жұрат болып отырыпты. Жаз жайлауы – Шу өзені бойы, қыс қыстаулары Мойынқұмның қалың құмының іші болған. Болыстың інісі Әбілда қария 1968 жылы қатты қыста елде қайтыс болды. Баласы Жұманбек Таразда, қызы Үмия Меркіде тұрады. Қордабас деген баласы қайтыс болған. 2018 жылы Жұманбек Бұралқы атасына ас берді. Облыстық музейді ұзақ жыл басқарған Бұралқы болысқа ағайын болып келетін Күзембай Байбосынов: «Бұралқы болыс Романовтардың ел билеуінің 300 жылдық тойына шақырылып, ескерткіш медалін алған», деген еді. 1982 жылы Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласында тұрған «Ленин» орденді Айтбай Нұрбаев көкем: «1928 жылдан байларды жаппай тәркілеу басталды. Ол үш кезеңмен жүргізілді, соңында орта шаруалар да тәркілеуге ұшырады. Халық күйзеліп кетті. Бұралқы болысқа балалары «Заманның беталысы қиын, малдарыңды кедей-кепшіктерге таратып бер» деп сәлем айтқан екен. Болыс солай етті», деген еді. Міржақып Дулатов туралы алғаш сол кісіден естідім. Бұралқы болыстың жақын ағайын інісі Әбдірәсіл ақсақал: «Бұралқы екі рет қамалып шықты. Соңғысында 9 ай Орал түрмесінде отырып келді, жайы болмады. Қызыл белсенділері маза бермеді. Содан сенің әкеңді бір түнде Түркімен еліне алып кетіпті», деген еді. 1917 жылы патша өкіметі тақтан тайдырылған соң Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш Орда азаматтары Орынбор қаласына жиналып, І және ІІ жалпықазақ съезін өткізіп, Алаш автономиясын жариялағаны тарихтан белгілі. Елге келген соң Әулиеатаның игі жақсылары бас қосып, съезде Әулиеата уездік комитетін құрады. Ел басқаруда негізгі мәселелерді талқылайды. Сол жиында Әулиеата уездік комитетінің төрағасы болып Әзімхан Кенесарин (қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының немересі), уезд хатшылығына Мұстафа Бұралқиев тағайындалды. Өкініштісі сол, Әулиеата уездік комитетін билікке келген большевиктер таратып, мүшелерін қудалауды бастайды. Солардың қатарында М.Бұралқиев те ұзақ жылға сотталып кете барды. Бұралқы болысты қызыл белсенділердің қудалауы тыйылмады. «Біраз уақыт ел ішінде жасырып жүрдім. Ағашақта жалғыз үй отырды. Ағайындары болыстың жақыны деген сөзден қашып, жоламай кетті. Болыс «маған келсін» деген хабар жіберіпті. Бардым. «Тышқанбай, қасымда жүрген сенімді жігіт едің, мына заманның беталысы жаман. Енді ұсталсам не боларым белгісіз. Түрмеде иманым үйірілмей, жаназам шығарылмай өлгім келмейді. Мені алысқа, көз көріп, құлақ естімес жерге алып кет», деді. Содан бір жұма дайындалып, керек-жарағымызды қос түпті екі қайыс шабаданға салдық. Тірі жанға тіс жармай Темірқазық жұлдызын оң иығыма алып, екі жарау айғырмен түн жамылып, жолсызбен Түркімен еліне қарай жол тарттық. Ол елге жеткенше қызылдардың қолына түспеу үшін жолсызбен түнделетіп қана жүріп отырдық. Ұзақ жолды артқа тастап Түркімен жеріне де жеттік. Шағын ауылдағы шал-кемпірдің шаңырағына тұрақтадық. Болыс қатты қажыды, мені жібергісі келмеді, жағдайы қиындай берді. Сол елде болыс дүниеден қайтты. Ақ жауып арулап қойып, елге қайттым. Елге келген соң жағдайды ет жақын ағайындарына ғана айттым», деген әкей сөзін бала күнімде естіп өстім. Бұл сөзді жоғарыда аты аталған болыстың ағайындары да айтып отыратын. Әкем 1962 жылы қарашада 72 жасында қайтыс болды. Мен ол кезде 15 жасқа толған бозбала едім. 1963 жылдың мамыр айында Бұралқы болыстың жақындары Әбен Сатыбалдиев, Мұстафа, тағы басқа кісілер болып ауылдағы Әбдірәсіл қарияны ертіп келіп, бата жасаған еді. 1978 жылы қаланың Төңкеріс аймағында тұратын Рахымбай қария баласын үйлендіріп, той жасады. Тойды ақын Жақсылық Сәтібеков ағаның ұсынысымен мен басқардым. Тойға ұзын бойлы, қапсағай денелі қарасұр кісі келді. Жанына бір жас жігітті ерткен. Қасындағыларға орыс ақыны Пушкин, Лермонтов, Крылов өлеңдерін жатқа айтып отырды. Бұл кісі Бұралқы болыстың баласы Мұстафа болып шықты. Қасындағы жас жігіт жиені дейді білетіндер. «Біздің Батя айтады» деп, жиені жымиып қояды. Менің қызығушылығым артты. Той басталар алдында ішке кірдік, дастарқан басында Мұстафа кісі көсіліп сөйлеп отырды. «Мен Тышқанбайдың баласымын», дедім әңгіме арасында. «Мен сенің әкең Тышқанбай емес, атаң Мырзақұлды, апаң Әспетті жақсы білемін. Ол кісілердің қолынан дәм татқанмын, иманды болсын жарықтықтар», деді. Бұрындары бұл кісіні Мәскеуде Тимирязев академиясын бітіріпті деп естіген едім. Анығын білгім келіп, «Сіз қандай оқу орнын бітірдіңіз», деп сұрадым. «Шырағым, мен САГУ-дың агрофагын 1922 жылы бітіргенмін», деді. Бұл кісінің ұзақ жылдар қала іргесіндегі Қызыл жұлдыз ұжымдық шаруашылығында агроном болып істегенін кейін білдім. Шаруашылық қант қызылшасынан мол өнім алып, бірнеше кісі Социалистік Еңбек Ері атанып, Бұралхиев Мұстафаға «Еңбек Қызыл Ту» ордені беріледі. Ақжар ауылының батыс жағынан Талас өзені ағып өтеді. Ақжар жарқабағынан Сарпылдаққа дейін қыраттың етегін бойлай қазылған тоған орны әлі күнге дейін сақталған. Осы тоғанды кезінде Бұралқы болыс халық отырықшылықпен айналысып, егін ексін деп, халықты ұйымдастырып қаздырған екен. Талас өзені суын жарқабақ тұсынан қара бура жасап көтерген дейді білетіндер. Жайлау төбе етегінде. Тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болған, марқұм Талас Омарбеков осыдан 4-5 жыл бұрын ҚР Мемлекеттік архивінен болыс Бұралқы Сұлтанбековтің ісін (ескіше жазылған) алғанын айтып еді. Оны сол жердегі маманға кириллицаға аудартып, электронды нұсқасын жасатып, баспада жұмыс істейтін таныс кісіге кітап етіп шығару үшін бергенін де жеткізіп еді маған. Елдің ардақты ұлдары Бұралқы болыс пен Мұстафа туралы мен білетін мәліметтер осындай.

Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ, ҚР Білім беру ісі үздігі, Байзақ ауданы, Ақжар ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар